Мереке күні Жангелдин ауданында 80 домбырашы өнер көрсетті

Айтулы мерекені ұйымдастырған Б.Хамзин атындағы өнер мектебінің ұжымы

Дала сахнасына ерекше сән берген домбырашылар тамаша мерекенің шырайын келтірді. Аудан әкімі Шота Оспанов аудан тұрғындары мен өнер ұжымын мерекемен құттықтады.

– Бүгін Ұлттық домбыра күні. Қазақтың бағзыдан келе жатқан қасиетті аспабы – ұлтымыздың киесі, қасиеті һәм қазынасы. Оның тарихы ғасырлар қойнауында жатқаны белгілі. Бабадан қалған бағалы мұрамызды қастерлеп, келер ұрпаққа аманаттау – әр қазақтың парызы. Сондықтан осыдан екі жыл бұрын Елбасы жарлығымен шілденің әр жексенбісі Ұлттық домбыра күні болып жарияланды. Бұл жағымды жаңалық әр қазақтың жүрегін елжіретіп, жанын жадыратты. Жыл сайын аталып өтетін мерекенің ұлттық руханиятымызға қосар үлесі салмақты, – деді аудан әкімі.

Өнер мектебінің ұстаздары мен өнерлі оқушыларына алғысын білдіріп, толағай табыс, шалқар шабыт тіледі. Сондай – ақ, аталған ұжымға 5 домбыраны сыйға тартты. Білім бөлімі жанындағы кәсіподақ ұйымының төрайымы Жанат Темірова мерекелік лебізін білдіріп, білім бөлімі мен білім қызметкрелерінің атынан өнер мектебіне 4 домбыра табыс етті. Жеке кәсіпкер Қарлығаш Асхатқызы 5 домбыра, аудандық Мәдениет үйінің директоры Гүлзат Хамзина 1 домбыраны сыйға тартты. Домбырашылар көрермендердің көңіл күйін көтеріп, домбыра шанағынан күй төкті.

Домбыра – бүкіл Қазақстан халқын біріктіретін теңдесі жоқ мәдени мұра. Ұлттық руханиятымызды дәріптеп, қадірлей білейік.

Байбатыр АХМЕТБЕКОВ


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31