Науырзым ауданы: Ұлттық рухты ұлықтаған дода
24–26 маусым күндері аудан әкімінің жүлдесіне арналған 2006–2010 жылы туған жасөспірімдер арасындағы көкпар және аударыспақтан Қостанай облысының чемпионаты өтіп, өз мәресіне жетті.
Жарыс барысында ат құлағында ойнаған шабандоздар өздерінің ептілігі мен шеберліктерін жоғары деңгейде көрсете білді. Ұлттық спорттың көркін қыздырған тартысты кездесулер көрермендерге ерекше әсер сыйлады.

Нәтижесінде Жангелді ауданынан келген «Торғай» командасы чемпион атанды. Екінші орынды Қостанай ауданынан келген «Олжа» командасы иеленсе, үшінші орынға жарысты жоғары деңгейде ұйымдастырып, өз мықтылығын дәлелдеген «Байтұма» командасы тұрақтады.
Дәстүрлі ұлттық спорт түрлерін дәріптеуге бағытталған бұл айтулы додаға облыс бойынша көкпардан 5 команда қатысып, жеңіс жолында бақ сынады.

Мұндай жарыстар – ұлттық құндылықтарды дәріптеп қана қоймай, жас ұрпақты батылдыққа, ептілікке және салт-дәстүрге құрметпен қарауға тәрбиелейтін маңызды шаралардың бірі. Көкпар мен аударыспақ – халқымыздың рухы мен жігерін танытатын төл спортымыз. Сондықтан ұлттық мұрамызды ұлықтайтын мұндай бәсекелердің маңызы зор.

—«Бұл жарыс біз үшін ерекше әсерге толы болды. Әр команда бар күш-жігерін салып, тартысты ойын көрсетті. Көкпар – тек спорт қана емес, ол – ұлттық рух пен намыстың айнасы. Осындай жарыстар арқылы тәжірибе жинап, шеберлігімізді шыңдай түсеміз. Ұйымдастырушыларға және бізге қолдау көрсеткен жанкүйерлерге алғысымыз шексіз. Алдағы уақытта да жоғары нәтижелер көрсетуге тырысамыз», – деді шабандоз Бейбарыс Жауғашаров.
Жібек МЫРЗАҒАЛИ
Суретті түсірген автор
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31