Науырзым ауданының қарттарына құрмет көрсетілді

Ақ жаулық аналарымызбен, ардақты аталарымызға арнап қонақасы берілді

Елімізде қазан айының алғашқы жұлдызы Халықаралық қарттар күні болып атап өтіледі. Кеуделері шежіреге толы қариялардың парасатты пікірлері мен жас буынға берер ақыл-кеңестері қашан да қажет. Осы орайда бүгін Қарамеңді ауылдық огругі әкімдігінің ұйымдастыруымен аудан орталығындағы «Дархан» кафесінде ауданымыздың түрлі салада ұзақ жылдар бойы еңбек етіп, зейнет жасына жеткен ақ жаулық аналарымызбен, ардақты аталарымызға арнап қонақасы берілді. Осы айтулы мерекеге аудан әкімі Қайрат Әбішев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тумырза Қоржынбаев және «Түркебай ата» мешітінің бас имамы Есет Ғәбдімәлік қатысты. Алғы сөз алған аудан басшысы бүгінгі мерейлі мерекенің қадірлі қонақтарын құттықтады.

– Қарты бар үйдің – қазынасы бар. Бізге және өсіп келе жатқан өскелең ұрпаққа сіздердің өмір жолдарыңыз өнеге, еңбек жолдарыңыз үлгі. Сіздер ақылман, данагөй тұлға, саялы бәйтерексіздер! Адам ұрпағымен мәңгі жасайды. Бүгінгі күн – кешегінің жемісі, ертеңгінің өркені. Осы бір жүрек тебірентерлік жарқын мереке адамдарды Сіздердің алдарыңызда мәңгі қарыздар екендігімізді тағы бір есімізге салғандай болады. Бүкіл саналы ғұмырын, қажыр-қайратын ел игілігіне, ұрпақ тәрбиесіне жұмсаған аға ұрпақ өкілдерінің алдында бас иеміз. Баршаңызға зор денсаулық, ұзақ өмір, көтеріңкі көңіл-күй, бейбітшілік, ынтымақ пен береке, жақын туыстарыңыздың сый-құрметі мен қамқорлығын тілеймін, – деді аудан басшысы.

«Түркебай ата» мешітінің бас имамы қарттар күнінде Қостанай облысының бас имамы Бахытбек Тәжімбеттің алғыс хатын мешіттің алқа мүшелері Қайыржанов Шотбай, Иманмағзумов Қамшыбай және Сейдахметов Мұхамедсапаға дін исламның өркендеуіне өз үлесің қосқандары үшін табыс етті.

Қазыналы қарттарымызға арнап аудандық мәдениет үйінің әншілері мерекелік концерт ұсынып, әдемі әннен ән салып, күмбірлеген күйден сыр шертті.

Жібек МЫРЗАҒАЛИ
Фотоны түсірген автор


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31