Науырзымдық ветеринария қызметкері Марат Қабденовтың жеңісі – аудан абыройы

 10 шілде – Ветеринариялық қызметкерлер күні қарсаңында Науырзым ауданы үшін қуанышты жаңалық жетті.

2026 жылғы 28–30 маусым аралығында Қостанай қаласында өткен мемлекеттік қызметшілер арасындағы облыстық спартакиадада Науырзым аудандық аумақтық инспекциясының басшысы Марат Саматұлы Қабденов киберспорт түрінен үздік нәтиже көрсетіп, І орынды жеңіп алды. Осы жеңістің нәтижесінде ол Қостанай облысының құрамасына қабылданып, алдағы республикалық спартакиадада өңір намысын қорғайтын болды.
Бұл жетістік – тек Марат Қабденовтың ғана емес, Науырзым ауданының да мерейін үстем еткен жеңіс. Ол мемлекеттік қызметшілердің кәсіби біліктілігімен қатар, жан-жақты дамыған, салауатты өмір салтын ұстанатын азамат екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Ветеринария саласы – елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін, жануарлар саулығын сақтап, халық денсаулығын қорғауға бағытталған маңызды қызмет. Науырзым аудандық аумақтық инспекциясының ұжымы күнделікті жұмыста жануарлардың аса қауіпті ауруларының алдын алу, ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және ауданның эпизоотиялық ахуалын тұрақты бақылауда ұстау бағытында жүйелі еңбек етіп келеді. Соның нәтижесінде ауданда эпизоотиялық жағдай тұрақты сақталып, ветеринариялық іс-шаралар белгіленген жоспарға сәйкес сапалы жүзеге асырылуда.

Қызметтік міндетін абыроймен атқара жүріп, спортта да жоғары нәтиже көрсету – табандылықтың, еңбекқорлықтың және үздіксіз ізденістің жарқын көрінісі. Бұл жетістік ветеринария саласы қызметкерлерінің абыройын арттырып қана қоймай, жас мемлекеттік қызметшілерге де үлгі болары сөзсіз.

– Бұл жеңіс – мен үшін үлкен жауапкершілік. Облыстық спартакиадада үздік нәтиже көрсетіп, Қостанай облысының құрамасына қабылдану – зор мәртебе. Осындай мүмкіндік берген ұйымдастырушыларға және әрдайым қолдау білдіріп жүрген әріптестеріме алғысымды білдіремін. Ендігі мақсат – республикалық спартакиадада облысымыздың намысын абыроймен қорғап, жоғары нәтиже көрсету. Спорт – тәртіп пен табандылықтың мектебі. Бұл қасиеттер күнделікті қызметімізде де үлкен рөл атқарады,- дейді Марат Қабденов.

Ветеринариялық қызметкерлер күні қарсаңында қол жеткізілген бұл жеңіс – Науырзым ауданы үшін үлкен мақтаныш. Аудан жұртшылығы атынан Марат Қабденовті лайықты жеңісімен құттықтап, республикалық спартакиадада сәттілік, жаңа жеңістер мен толағай табыстар тілейміз!

Жібек МЫРЗАҒАЛИ
Суретті ұсынған кейіпкер


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31

Просмотров: 3