Науырзымдық жас былғары қолғап шеберлері сынға түскен дүбірлі дода
Ауданымызда аудан әкімінің Кубогі үшін дәстүрлі ашық облыстық турнирі өтуде.
2026 жылдың 27–30 сәуірі аралығында Науырзым ауданында КСРО спорт шебері Марат Алинді еске алуға арналған аудан әкімінің Кубогі үшін бокстан дәстүрлі ашық облыстық турнир өтуде. Жыл сайын ұйымдастырылатын бұл айтулы спорттық шара биыл да жас спортшылардың басын қосып, бокс өнерінің дамуына тың серпін беріп отыр.
Дүбірлі додаға Солтүстік Қазақстан облысы, Қостанай қаласы, Арқалық, Рудный, Жітіқара қалалары мен Әулиекөл, Жангелді, Қарабалық аудандары және жарыс иелері қатысуда. Турнирге арнайы келген қонақтардың қатарында аудан әкімінің орынбасары Амангелді Тілеубергенов, аудандық мәслихат төрайымы Гүлсім Әбенова, сондай-ақ Марат Алиннің туған-туыстары мен ауданымыздағы бокс спортының дамуына үлес қосқан азамат, турнирдің бас демеушісі Алдажуманов Мереке де қатысуда.

Салтанатты ашылу барысында аудан басшысы Амангелді Тілеубергенов спортшыларға сәттілік тілеп, бұл жарыстың маңыздылығына тоқталды:
– Бұл жарыс – спортты дамытуға, салауатты өмір салтын насихаттауға және жас ұрпақты жігерлендіруге бағытталған маңызды шара. Сонымен қатар, бұл турнир – өз ісінің шебері, спортқа зор үлес қосқан Марат Алиннің жарқын бейнесін ұлықтаудың айқын көрінісі. Осындай игі дәстүр жыл сайын жалғасын тауып, өңірімізде спорттың дамуына серпін беріп келеді. Бүгінгі додада қатысушылар өз шеберліктерін көрсетіп, әділ әрі тартысты бәсеке өтеді деп сенемін, -деді ол.
Шара барысында құрметті қонақтарға естелік кубоктар мен арнайы плакаттар табысталды.

Биыл 15-ші рет өткізіліп отырған турнирге 8 команда қатысып, 100-ден астам жас былғары қолғап шебері шаршы алаңда бақ сынауда. Жарыстың алғашқы күндерінен-ақ жас спортшылар тартысты жекпе-жектер өткізіп, өздерінің шеберліктері мен табандылықтарын паш етуде. Рингтегі әрбір кездесу көрермендерге ерекше әсер сыйлап, болашақ чемпиондардың қалыптасып келе жатқанын айқын көрсетті. Төрешілер алқасы спортшылардың техникасы мен тактикасын жоғары деңгейде бағалап, үздік шыққандар финалдық кезеңге жолдама алуда, – дейді бокс жаттықтырушысы Қуанышбай Баймұхамбетов.

– Бүгін осы турнирдің қонағы болу бақыты бұйырып тұр. Бұл мен үшін үлкен құрмет. Осындай деңгейге жетуім – осы жарысқа жастайымнан қатысып, талай мәрте шаршы алаңда тер төгіп, жеңіс тұғырынан көрінген сәттерімнің жемісі деп білемін. Бұл турнир менің спорттық жолымның бастауында үлкен рөл атқарды. Әр жекпе-жек мені шыңдап, тәжірибемді арттырды. Бүгінгі жас спортшылар да осы алаңда шыңдалып, болашақта үлкен жетістіктерге жетеді деп сенемін. Ұйымдастырушыларға алғысымды білдіремін. Осындай жарыстар спорттың дамуына серпін беріп, жаңа чемпиондардың қалыптасуына жол ашады, деді Айбек Әлмағанбетов.
Осындай игі бастамалар арқылы ауданымызда спорттың дамуы қарқын алып, салауатты ұрпақ тәрбиелеу жолындағы жұмыстар жалғасын таба бермек.
Жібек МЫРЗАҒАЛИ
Суретті түсірген автор
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31