Науырзымның мектептерінде алғашқы қоңырау үні естілді

Ауданымызда 1 қыркүйек – Білім күніне арналған салтанатты жиындар өтіп, жаңа оқу жылына алғашқы қадам жасалды. Биыл аудан бойынша 100 бүлдіршін алғаш рет мектеп табалдырығын аттап, білім әлеміне жолдама алды.

Мектеп ауласына жиналған ұстаздар, оқушылар мен ата-аналар үшін бұл күн ерекше қуанышқа толы болды. Әсіресе, қолдарына гүл ұстап, мектеп формасын киіп, алғашқы ұстазымен қауышқан бүлдіршіндердің жүзіндегі толқыныс мерекенің сәнін арттырды.

Білім күніне арналған салтанатты жиындарға аудан әкімі Мәди Ихтиляпов қатысып, ұстаздар мен оқушыларды жаңа оқу жылымен құттықтады.

Аудан әкімі өз сөзінде білімнің ел болашағы үшін маңызы зор екенін атап өтіп, жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беріп жүрген ұстаздарға ризашылығын білдірді. Сонымен қатар мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндерге ақ жол тілеп, оқушыларды ізденуге, білім алуға және биік мақсаттарға ұмтылуға шақырды.

– Жаңа оқу жылы – жаңа мүмкіндіктер мен жаңа жетістіктердің бастауы. Мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндерге сәттілік тілеймін. Ұстаздарымыздың еңбегі жемісті болып, шәкірттері биік белестерді бағындырсын. Баршаңызға мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық және оқу жылында толағай табыс тілеймін, – деді аудан әкімі.

Биыл аудан мектептерінде білім алушылар үшін де жауапты кезең басталды. Әр оқушы жаңа оқу жылын жақсы нәтижелермен бастауға талпынып, өз білімін жетілдіруге мүмкіндік алады. Ал 100 бірінші сынып оқушысы үшін бұл күн – өміріндегі жаңа әрі маңызды кезеңнің бастауы. Кеше ғана балабақшада жүрген бүлдіршіндер енді мектеп партасына отырып, әріп танып, білімнің алғашқы баспалдақтарын бағындырмақ.

Ұстаздар қауымы үшін де жаңа оқу жылы – үлкен жауапкершілік пен ізденіс кезеңі. Себебі әр баланың бойындағы қабілетті танып, оны дамытуға бағыт беру – мұғалімнің басты міндеттерінің бірі. Салтанатты жиын соңында алғашқы қоңырау соғылып, мектептерде жаңа оқу жылына жол ашылды. Қоңыраудың сыңғыры оқушыларды білімге, ізденіске және жаңа жетістіктерге шақырғандай.

Жаңа оқу жылы құтты болсын! 100 бүлдіршіннің білім жолындағы алғашқы қадамы нық, болашағы жарқын болғай!

Жібек МЫРЗАҒАЛИ
Суретті түсірген автор


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31

Просмотров: 1