Бүгін, 29 қарашада, Қостанай қаласының тұрғындары қалалық мәслихат депутаттарын сайлау үшін дауыс береді. 20 сайлау округі бойынша 60 кандидат тіркелген. Әр округте үш үміткер депутаттық мандатқа таласады.
Сайлау комиссиясының төрайымы Сәния Шәріпованың айтуынша, кандидаттар арасында бұрын депутат болған тәжірибелі азаматтар да, саяси додаға алғаш рет қатысып отырғандар да бар. Олар түрлі сала өкілдері – кәсіпкерлер, мұғалімдер, медицина қызметкерлері. Үміткерлер қатарында жастар, әйелдер мен өзге ұлт өкілдері де кездеседі.
— Қала бойынша 60 кандидаттың 40-қа жуығы өз кандидатурасын өзі ұсынған азаматтар. Бұл – үлкен өзгерістердің бірі, – дейді Сәния Шәріпова.
Биылғы сайлаудың ерекшелігі – тұрғындар тек облыстық және қалалық мәслихат депутаттарын таңдайды. Ал 2023 жылы сайлаушылар Мәжіліс пен мәслихат депутаттарын сайлау үшін бес бюллетень алған болатын.
Сайлау комиссиясы төрайымының айтуынша, бір жыл ішінде сайлаудың үшінші рет өткізілуі халықтың дауыс беруге деген ынтасына әсер етуі мүмкін. Дегенмен, бірмандатты округтердегі бәсекелестік жоғары. Кандидаттар үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, сайлау күні өздері де, партия өкілдері де байқауға қатысады.
— Жылдан-жылға дауыс берушілердің белсенділігі төмендеп барады. Республикалық деңгейде өткен сайлауда, әсіресе Құрылтай сайлауында, халықтың белсенділігі жоғары болды. Ал облыс пен қала деңгейіндегі сайлау мұндай форматта алғаш рет өтіп отыр. Қалай болатынын әзірге білмейміз. Бірақ азаматтар белсенді болады деп үміттенеміз. Әсіресе жастардың қатысуы маңызды, – деді Сәния Шәріпова.
Бүгінгі дауыс беру – қаланың алдағы дамуына қатысты шешім қабылдауға тұрғындардың қатысу мүмкіндігі. Сайлау комиссиясы қостанайлықтарды өз таңдауын жасап, дауыс беруге шақырады.
Ұлту ЖҮЗБАЙ, фото “НК” мұрағатынан