Қостанайдың киелі жерлері

Қобызшы Тілеп Аспантайұлы туралы не білеміз?

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» деп аталатын аса құнды мақаласының аясында еліміздегі киелі нысандарды жан-жақты насихаттау секілді маңызды жұмыстар жүзеге асырылып жатыр.

Осы мақсатта газетіміздің әр нөмірінде «Қостанайдың киелі жерлері» деген айдармен әулие бабаларымыздың кесенелері жайында әңгімелеуді дәстүрге айналдырғанымыз көпшілікке белгілі болса керек.Бүгін біз қобызшы Тілеп Аспантайұлы туралы мәліметтерді келтіре отырып, оның өнегелі ғұмыры, жерленген жері жайында жан-жақты баяндамақпыз.

Әңгімемізге арқау болып отырған Тілеп Аспантайұлының бейіті Қостанай облысы, Жангелдин ауданына қарасты Қалам-Қарасу ауылдық округі, Шоқыркөл ауылынан 12 шақырым жерде орналасқан.

Қысқаша тоқталып кетер болсақ, жоғарыда аталған Шоқыркөл мекеніне жақын жерде атақты кобызшы және емші Тілеп Аспантайұлының бейіті бар екендігін көпішілік қауым біледі деген үміттеміз.

Өйткені, әлі күнге дейін сырқат және ұрпақ сүйгісі келетін қандастарымыз осы әулие бабамыздың қабіріне яғни басына түнеп, зиярат етеді.

Осынау баршаға танымал әулие және қобызшы жайында тарихи жайлар мен аңыздар да баршылық. Сол жайлы тілге тиек еткеніміз жөн болар.

Тілеп Аспантайұлы (1757-1820) Торғайдың маңайында дүниеге келген. Ол 13 жасында қобызда ойнай бастаған. Қазақтың музыка өнеріне зор үлес қосқан. Бізге дейін автордың небәрі үш күйі ғана сақталған, олар музыкалық мұраның алтын қорына енген. Қазір аталған туындыларды өнерпаздар түрлі сайыстарда орындайды. «Толғау», «Аллам жар», «Бақсы» секілді күйлері тыңдаған жұртшылықтың жүрегін тебірентеді.
Мәселен, «Бақсы» күйі ҚР мәдени алтын қорына енген. Тілептің мұрасын насихаттап жүрген Қазақ Ұлттық Саз Академиясы студенттері ұйымдастырған «Тілеп» халық аспаптар ансамблі 2004 жылы Мәскеуде Владимир Спиваков атындағы халықаралық қайырымдылық қоры ұйымдастырған байқаудың лауреаты атанды.

Халық арасында Тілеп Аспантайұлы халық емшісі, көріпкел ретінде де танымал еді. Бабамыз адамдарды емдеген қасиетті қара қобызы ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келеді.

Баласыз, науқас жандар оның зиратының басына түнеп, зиярат етеді. Оған тағзым етіп, аруағына сыйынады.
Тілеп Аспантайұлы кезінде атақты бақсы Қойлыбайдан бата алған жан. «Бақсы» күйінің дүниеге келгені туралы аңыз Несіпбек Айтұлының «Тілеп пен Сарықыз» поэмасында жазылды. Сонымен қатар Тілеп атты жас жігіттің айрықша тағдыры туралы осы аттас драма да жазылды. Иен далада тұңғыш рет бақсыны кездестірген Тілеп сиқырлы қобыз үнінің адам жанын емдеп жазғанының жарқын куәсі болады. Сөйтіп, бақсы мен оның қызы Сарықызбен бірге, қобыз тартуды үйренуге бел буады.

Сол арқылы өзі де адамдар жүрегіне жақсылық сыйлауға ұмтылады. Әкесі Аспантай әскерімен туған жерін тастап кетпек болғанда, шешімін өзгертпей, қарт бақсының өнерін жете меңгеруге тырысады.

Арада жылдар өтіп, Тілеп пен Сарықыздың арасындағы бала күнгі достық нағыз махаббатқа айналады. Жігіт те өз бетінше ем-дом жасайтындай дәрежеге жетіп, ұстазынан жеке бөлініп шығады. Бірін-бірі қимай қоштасқан қос ғашық ұзақ уақыт бірін-бірі көре алмайды.

Тілеп әкесімен бірге алыс жолға аттанады. Үлкен шайқастардың бірінде Қараңғылық күштері жеңіп, Жарық әскері жеңіледі. Бақсы қаза табады. Жігіт әскерилерді қобыздың үнімен рухтандырып, оларға ерекше күш-қайрат береді.

Содан кейін жетім қалған Сарықызды іздестіруге шығады. Сүйіктісімен мәңгі бірге болғысы келеді. Өкінішке орай, зұлым күштер бозбала мен бойжеткенді екі айырады. Жалғыз қалған Тілеп тек қана қобыздың әуенімен жұбанады. Қасиетті қобыздың үнімен ғашығын қайта тірілтеді.

Осынау мәліметтерге қарап отырсақ, қобыздың қоңыр үнімен ішкі жандүниесінде болып жатқан алай-дүлейді сыртқа шығара білген күйшінің қаншалықты әулие де киелі жан болғанын байқау қиын емес.

Міне, осынау жанның киелі деп саналатын бейіті бүгінде көпшіліктің арнайы атбасын бұрып, мінәжат ететін жеріне айналып отыр. Өткенді білмей болашағымыздың тани алмайтынымыз белгілі. Сондықтан әлие бабаларымыздың өмірде кім болғанын біліп жүру бүгінгі өскелең ұрпақтың басты парызы болса керек.

Аягөз КӘКІМЖАНОВА


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31