Патша әскеріне тиесілі пулемет Торғай музейінде сақтаулы

 Біз оқырман назарына Торғай мұражайлар кешенінен табылған құнды жәдігердің тарихын ұсынуды жөн көрдік.

Биыл 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің 110 жылдығына орай, сол бір тарихи кезеңге қатысты тың деректер мен сирек кездесетін жәдігерлердің тарихына тоқталмақпыз. Бұл туралы Торғай мұражайлар кешенінің директоры Гүлбан Сәрсекей кеңінен таныстырды.
«1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыс – қазақ халқының еркіндік жолындағы тағдырлы белестерінің бірі. Бұл қозғалыс патша өкіметінің 1916 жылғы маусым, яғни «Июнь жарлығына» қарсы туған халықтық қарсылық болатын. Торғай өңірінде көтерілістің басында Амангелді Иманов бастаған сарбаздар тұрды.
Қозғалысты басу үшін патша өкіметі жазалаушы отрядтар жібереді. Сол отрядтарды көтерілісшілер Татыр жерінде алғаш рет қарсы алған. Тарихта бұл қақтығыс Татыр шайқасы деген атпен белгілі. Бұл – 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыс кезіндегі алғашқы шайқас.
Ол кезеңде ақ патшаның әскері заманауи қару-жарақпен сақадай сай жабдықталған еді. Ал көтеріліске шыққан халықтың қолында күрек, айыр секілді қарапайым құралдар ғана болды. Соған қарамастан, Татыр шайқасы елдің рухын, азаттыққа деген қайсарлығын айқын көрсетті. Бүгінде сол шайқас өткен жерде ескерткіш орнатылған. Кеңес дәуірінен бастап бұл орынға оқушыларды әкеліп, тарихи тағылым беріліп келгені жайлы ел аузында әңгімелер сақталған.
Уақыт өте келе Татыр шайқасы өткен аумақтан әр кезеңде түрлі тарихи жәдігерлер табылып отыр. Солардың ішіндегі ең құндыларының бірі – патша әскеріне тиесілі пулемет және оның оқ таспасының тұтас күйінде табылуы.
Аталған жәдігер 2015 жылдың желтоқсан айында жол жөндеу жұмыстары кезінде анықталған. Жол жөндеу мекемесінің қызметкері Айшанов Ержан Қазымбекұлы бұл затты тауып, оның тарихи құндылығын түсініп, музейге табыстады. Бұл жаңалықты Торғай мұражайлар кешені зор қуанышпен қабылдады. Қазіргі таңда бұл жәдігер Ә.Жанкелдин тарихи-мемориалды музейінің «Ұлт-азаттық қозғалыс» залының экспозициясында сақтаулы.
Торғай топырағынан табылған мұндай олжалар аз емес. Мәселен, 1993 жылы Қалам Қарасу ауылынан аудан әкімінің орынбасары қызметін атқарған азамат қылыш тауып, ол бүгінде Шақшақ Жәнібек музейінің қорында тұр.
Биыл Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлына арналған музейдің ашылғанына 35 жыл толып отыр. Ағымдағы жөндеу жұмыстары барысында ғимарат Челябі қаласынан бөлінген арнайы қаражат есебінен қызыл кірпішпен қаланып, жаңа шатырмен жабылды. Музейді заманауи үлгіге келтіру мақсатында төбесі қайта ашылған кезде бұрын белгісіз болып келген құнды жәдігерлер – қару-жарақтар табылды. Бұл олжалар 1845 жылы Торғай қаласының іргесі қаланған кезеңмен, сондай-ақ «Қазарма-2» әскери бөлімінің тарихымен тығыз байланысты. Аталған бөлімге тиесілі жасырылған қару-жарақтар бүгінде Әліби Жангелдиннің тарихи-мемориалдық музейіндегі «Ұлт-азаттық қозғалыс» залында сақтаулы. Бұл залда соңғы жылдары музейдің өз аумағынан табылған көптеген құнды жәдігерлер қойылған.
1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыстың 110 жылдығы қарсаңында бұл жәдігерлер тарихтың әлі де ашылмаған сырлары бар екенін көрсетіп отыр. Шамамен он жыл бұрын табылғанымен, бір ғасырға жуық уақыт бойы зерттелмей келген мұндай заттар алдағы уақытта тың деректерге жол ашады деп ойлаймыз, – дейді Гүлбану Сәрсекей.
Суретті Гүлбану Сәрсекей ұсынды

Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31

Просмотров: 1