Республикалық форумға қатысты

Онда университет студенттері жақсы қырынан көрінді

Өткен Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні  мерекесі қарсаңында Алматыдағы әл-Фараби атындағы ұлттық университетте «Мен жастарға сенемін» деген тақырыпта VI-шы  республикалық студенттік патриоттар форумы болып өтті.

Оның басында «Ұлы даланың жастары» деп аталатын конференция болды. Оған 70 аймақтық университтерден 500 студент қатысты. Ол байқау арқылы іріктеліп алынды.

Оған қатысуға 2000-ға жуық студенттер тілек білдірген. Алайда солардың ішінен жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарлар ғана қатысу құрметіне ие болды.

Аталған форумның негізгі мақсаты – жастардың бойында патриоттық сезімді арттырып, азаматтық жауапкершілікті күшейту еді. Форумның атының өзі көп жайдан хабар беріп тұрғандай.

Осы аса маңызды басқосуда Өмірзақ Сұлтанғазин атындағы Қостанай мемлекеттік педагогикалық университетінің әлеуметтік гуманитарлық факультетінің командасы жақсы жағынан көрінді.

Олар «Еліміздің инновациялық дамуына менің нақты қосқан үлесім» деген байқауда жан-жақтылық танытты. Сөйтіп, өңіріміздің абыройын асқақтатты.

Мәселен, студенттеріміз Жұлдыз Адырбаева, Сұлтан Қожамбердиев, Динара Жұмабекова әл-Фараби атындағы ұлттық университеттің грамотасымен марапатталды. Оларға планшет пен брендтік өнімдері тарту етілді.

Оқу орнындағы тарих ғылымдарының кандидаттары Зәмзәгүл Шахаман және Майсара Бекмағамбетованың басшылығымен аталмыш факультетте көптеген игі істер тындырылуда.

Осы жетістіктерге қол  жеткізуде университет ректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Еркін Әбілдің қамқорлығы ерекше екенін айтып өткеніміз абзал.

Жоғары оқу орнының белгілі ғалымы Айгүл Амантаеваның айтуына қарағанда, студенттер алдағы уақытта да өздерінің бойындағы қабілеттерін барынша ұштап, биіктерден көріне береді.

Оразалы Жақсанов


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31