Республикалық форумға Октябрь ауылының әкімі Нұрсұлтан Қарашев қатысты

 Өткен жұмада Мемлекет басшысы ауыл әкімдерімен жүздесті.

Алғаш рет өткен мұндай алқалы жиынға республикамыздың әр өңірінен 2 мыңнан астам ауыл әкімі барды. Форумда Қарасу ауданының ауыл басшылары да төбе көрсетті. Ақордадағы кездесуге қатысып келген Октябрь ауылдық округінің әкімі Нұрсұлтан Қарашевпен аз-кем пікірлестік.

Ауыл әкімдері – биліктің бұқараға ең жақын өкілдері. Шалғайдағы ағайынның тынысымен де, тұрмысымен де етене таныс. Президент олардың басын қосып, ашық әңгімеге бекер шақырған жоқ. Ауылдың мұң-мұқтажын төтесінен тыңдаудың құп санады. Анығында да солай болды. Әкімдер қазіргі ахуалды Мемлекет басшысына тікелей баяндап, қай деңгейде, қай бағытта еңбек етіп жатқандарын түсіндірді. Форум бір қарағанда тәжірибе алаңына айналғандай. Мінберге шығып сөз сөйлеген әр әкім қолға алған жемісті жобалары мен табысты бастамаларын мысалға келтірді. Өзгелері ұнаған кейсті түртіп алып, өз өлкемде жүзеге асырсам деген ізгі ой түйді.

«Әкім бол – халқыңа жақын бол» деген халық тәмсілі қашан да өзекті. Мұны кездесуде айтылған Президент сөзінен ұғындық.

-Халқымыздың тамыры – ауылда. Ауылдарымыз мықты болса, еліміз де берекелі болмақ. Сондықтан ауыл әкімдеріне қойылатын талап та, оларға жүктелетін міндет те әрдайым ерекше. Әкім – ең алдымен, халықпен тікелей жұмыс істейтін мемлекеттік қызметші. Бұл – өте жауапты жұмыс. Ауыл әкімі ауылдың болмысын, ауылдағы ағайынның өмірін жете түсінетін нағыз іскер маман болуы керек,-деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының бастамасымен осыдан 5 жыл бұрын ауыл әкімдерінің сайлауы басталған-ды. Содан бері тұрғындар 2334 елді мекеннің басшысын дауысқа салыпты. Халық сайлаған әкімдердің орташа жасы 43-те екен. Жаңадан сайланған әкімдердің үштен бірі бұрын мемлекеттік қызметте болмаған. Президент олардың жұмысына жоғары баға берді. Осыған дейін аудан әкімдерін сайлау тәсілі арқылы 52 әкім сайланыпты. Енді уақытта олардың қалай жұмыс істейтіні мен аудан әкімін сайлаудың тиімді-тиімсіз тұстары мұқият сараланатын болды. Ал ауылдардағы саяси науқан уақытша тоқтатылды.

– Форум аяқталған соң министрлік өкілдерінің қатысуымен диалог алаңы ұйымдастырылды. Сол жерде көптеген түйткілді мәселелер көтерілді. Форумнан алған әсерімді айтып жеткізу мүмкін емес. Себебі мұндай кездесі күнде болып жатқан жоқ. Маған жиында алдыңғы қатарда отыру бақыты бұйырыпты. Еліміздің бірінші басшысын дәл жақыннан көру ерекше мақтаныш. Мен үшін бұл жағдай тұңғыш рет орын алған тарихи оқиғамен пара-пар,-деді Октябрь ауылдық округінің әкімі Нұрсұлтан Сапашұлы.

Елдегі барлық ауыл басшыларының 80% осы жиынға қатысты. Алғашқы кездесу болған соң жасы да жасамысы да еркін көсілді.

-Сөз сөйлеген әріптестерімнің бірі – ауыл әкімдерінің кейде қызметтік міндеттеріне жатпайтын жұмысты атқаратынын айтты. Жол-көлік оқиғалары кезінде жергілікті әкімдерден тергеу, іздестіру элементтері талап етілетінін мысал ретінде келтірді. Біздің Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы әкімдерді мұқият тыңдап, әр сөз, ұсыныс-пікір зерделенетінін айтты,-деді ауыл әкімі.

Нұрсұлтан Сапашұлы жас та болса бас болып жүрген білікті басшы. Ол мемлекеттік қызмет саласында 2013 жылдың ақпан айынан бер еңбек етіп келеді. Қызмет жолын 2011 жылы Теректі ауылы әкімдігінде әдіскер-бухгалтерліктен бастаған. 2013 жылы мемлекеттік қызметте бақ сынап, Железнодорожный ауылдық округі әкімдігінде жетекші маман болды. Кейін бас маман, 2019 жылы Железнодорожный ауылының әкімі, содан соң Октябрь ауылдық округінің әкімі болып тағайындалды. Мінекей, аттай 6 жылдан бері осы ауылдың әкімі лауазымын абыроймен атқарып келеді. Алғаш рет жергілікті мәслихаттың шешімімен тағайындалды. Екінші рет тұрғындардың дауыс беруі нәтижесінде сайланды.

– Осы елдің азаматымын, жергілікті тұрғынмын. 2006 жылдан бері Октябрь ауылында тұрамын. Осында оқыдым. Ауылда жұмыс істеу, халыққа көмектесу бала күнгі арман-мақсатым еді. Алдымен бухгалтер мамандығында білім алдым. Кейін, тәжірибе жинақтаған соң заңгер мамандығында біліктілігімді жетілдірдім. Себебі күнделікті қызмет барысында еліміздің заңнамасы аясында жұмыс істеу қажет болады. Әкім болу дегеніміз жан-жақты білім мен тәжірибені талап етеді. Бұл жерде бухгалтерлік есеп-қисаптан бастап заңнама талаптарынан сауатты болуың керек. Болашақта ауылдың дамығанын қалаймын. Ауыл халқының әл-ауқаты артып, тұрмысы түзелсе деймін. Себебі, ауыл – біздің күретамырымыз, қасиетті мекеніміз. Ауыл дамыса ел экономикасы да түлейді.

Астанадағы форумнан үлкен шабытпен оралдым. Президенттің өз аузынан тікелей тапсырма мен қолдау есту дегеніңіз ерекше мәртебе. Соның бәрін алғашқы қатарда отырып тыңдау дегеннің өзі ерекше толқыныс. Мұндай кездесулер жиірек болса нұр үстіне нұр,-деді Нұрсұлтан Қарашев.

Қымбат ДОСЖАНОВА
Суреттерді кейіпкер жолдады


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31

Просмотров: 8