Руханиятқа жанашыр жан

 Еркебұлан Кәрімұлы Астанадан Қамыстыға келді.

Қамысты ауданы – соңғы жылдары мәдениет саласында тың серпін байқалған өңірлердің бірі. Соның жарқын дәлелі – осы ауданда құрылған «Жайылма» қазақ театры. Бұл игі бастаманың басында мәдениет жанашыры, тәжірибелі маман Еркебұлан Кәрімұлы тұр.

Еркебұлан Кәрімұлы – өнер жолында талай белесті бағындырған, сан түрлі қызметте шыңдалған тұлға. Ол 1975 жылы бұрынғы Торғай облысы, Жангелдин ауданында дүниеге келген. Мектепті тәмамдаған соң Арқалық қаласы педагогикалық институтында білім алып, еңбек жолын театр сахнасынан бастады.

Алғашқы қадамын Торғай облыстық қазақ сазды драма театрында әртіс әрі әдебиет бөлімінің меңгерушісі ретінде бастаған ол, уақыт өте келе мәдениет саласының әртүрлі бағытында қызмет атқарды. Арқалық қаласындағы мәдениет сарайында әдіскер, көркемдік жетекші болды, сондай-ақ «Жас Ұлан» орталығында халық педагогикасы бөлімін басқарды.

Кейінгі жылдары Қостанай қаласы мен Астана қаласы аралығында еңбек етіп, тәжірибе жинақтады. Елорданың мәдени нысандарында қызмет атқара жүріп, өнерге деген адалдығын жоғалтқан жоқ.

«Қазақыландыру» бағдарламасы аясында туған өңірге оралып, Қостанай облысының Сарыкөл ауданында кітапхана жүйесін басқарды. Мұнда да ол жаңашыл бастамаларымен көзге түсіп, қысқа мерзім ішінде оң нәтижелер көрсете білді.

Алайда оның есімін көпшілікке кеңінен танытқан іс – Қамысты ауданында қазақ театрының негізін қалауы болды. Бұған дейін бұл өңірде театр болмаған. Еркебұлан Кәрімұлының бастамасымен құрылған «Жайылма» театры бүгінде аудан мәдениетінің ажырамас бөлігіне айналды. «Жайылма» театры кәсіби сахна майталмандарынан емес, жергілікті тұрғындар, мұғалімдер, үйірме жетекшілері, оқушылар, IT маман, тіпті электрик пен мәдениет қызметкерлерінен құралған. Осы жандар өнерге деген шынайы ықылас пен ынта арқылы біріккен. Қазіргі таңда театр сахнасында екі қойылым көрерменге жол тартып, үшінші туындының дайындығы қызу жүріп жатыр.

«Қазір облыстық көркемөнерпаздар байқауына әзірлікті бастап кеттік. Соған «Жайылма» театры үзінді қоямыз. Міржақып Дулатовтың «Бақытсыз Жамалынан» үзінді қоямыз», – дейді Еркебұлан Кәрімұлы.

Сонымен қатар, ол ұйымдастырған «Бабалар ізімен» атты жоба да облыс көлемінде жоғары бағаланды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша бұл жоба үздік деп танылып, ұлттық құндылықтарды дәріптеудегі маңызды бастамаға айналды.

– Жалпы, жоба аясында өнерпаздар екі қала мен бес ауданды аралап, кең далада салт атпен жүріп өтті. Осы сапар барысында қазақ даласының сұлулығын, халқымыздың өнерін, дарқан көңілін және салт-дәстүрін кеңінен насихаттадық. Қамысты ауданында бұрын-соңды болмаған «Бабалар ізімен» атты бірегей жоба жүзеге асты. Бұл – рухани экспедиция. Оның басты мақсаты – ұлттық құндылықтарды, салт-дәстүрді, сал-серілік өнерді дәріптеп, жастарға үлгі көрсету. Жоба барысында өнерпаздар бес атпен жолға шығып, Қамыстыдан бастап өңірдің бірнеше аудан, қалаларын аралап өтті. Қатысушылар қатарында ақындар, термешілер, әншілер және өзге де өнер иелері болды. Олар жол бойындағы киелі орындарға тоқтап, ата-баба рухына тағзым етіп, құран бағыштады. Сонымен қатар әр елді мекенде жергілікті тұрғындармен кездесіп, рухани кештер өткізіп, ұлттық өнерді кеңінен насихаттады, – деді Еркебұлан Кәрімұлы.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Суреттер кейіпкердің архивінен алынды


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31

Просмотров: 1