Сарыкөл ауданында қос ауылды қарғын су басу қауіпі бар

 Қазіргі таңда Сарыкөл ауданында қарғын су мен тасқынның алдын алу мақсатындағы жұмыстар жалғасып жатыр
Әсіресе, Севастополь мен Тәгілді су басу қауіпі басым.

Сондықтан осы ауылдарда көктемгі тасқынның алдын алу жұмыстары күшейе түсті. Күні-түні кезекшілік жұмыс жасап тұр. Техникалар мен мамандар тартылды. Сонымен қатар, ауыл тұрғындары, аудан жастары, еріктілер және мекеме қызметкерлері өз еріктерімен барып, өз үлестерін қосуда. Тәгіл ауылдық округінің әкімі қызыл судың жолына тосқауыл жасауға әрекеттеніп жатқандарын айтты.

-Бүгінгі таңда Тәгіл ауылында тасқынға қарсы қам-қарекет жасалып жатыр. Бір-екі күннен кейін күн күрт жылынса, қалың қар еріп, қарғын су жиналып ауылға қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан, қапы қалмаудың қамын жасап жатырмыз. Ауыл жігіттері мен аудандық мәдениет үйінің жігіттері өз еріктерімен келіп, көмектесіп, жақсылық жасап жатыр. Тракторлар да жұмыс істеуде. Кейбір үйлердің іргілері мен жолдың бойына қаппен құм үйіп, бөгетше жасап қойдық, – дейді Сағынбай Қасенұлы.

Сонымен қатар, Севастополь ауылында да дәл осындай жұмыстар қарқын алған. Кәрісінен жасына дейін үйлері мен ауылдарын су баспауына жағдай жасап, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара жұмыс істеуде. Ауылдың ең жас тұрғыны Исмаил Холиков бала болса да, ауылдың болашағы үшін бір кісідей атсалып жүр.

-Ең бастысы туған ауылымды топан су баспаса екен. Тұрғындар жапа шекпесе екен. Сол үшін жұмыла жұмыс істеп жатырмыз. Кім үшін болмасын, өзінің кіндік кескен жері ыстық қой, – дейді ол.

Руслан ӘЛКЕЕВ


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31