Сарыкөл спортының саңлақтары марапатталды

Аудан үмітін ақтаған үздіктер құрметке бөленді.

Сарыкөл ауданында XXXIX Қостанай облыстық жазғы спартакиадасында аудан намысын абыроймен қорғаған спортшылар мен спорт саласының үздіктерін ұлықтауға арналған салтанатты жиын өтті.

Жиын барысында аудан әкімі Марат Лесбекұлы Шымырбеков спортшыларды жетістіктерімен құттықтап, олардың жеңістерінің артында табанды еңбек, жүйелі дайындық пен жеңіске деген жігер жатқанын атап өтті.

– Дені сау ұлт – қуатты мемлекеттің берік негізі. Спорт – адамды шыңдап, жігерін нығайтып қана қоймай, ел бірлігін бекемдейтін маңызды құндылық. Сарыкөлдік спортшылардың әрбір жетістігі – ауданымыздың абыройы, – деген ізгі тілегін білдірді аудан басшысы.

Салтанатты шарада түрлі спорт түрлерінен жоғары нәтижелер көрсетіп жүрген бірқатар спортшыларға арнайы сертификаттар табысталды.

Атап айтқанда, шаңғы жарысынан спорт шеберлігіне кандидат, республикалық және облыстық жарыстардың жүлдегері Лаура Жайсанбаева, сондай-ақ шаңғы жарысынан кандидаттар Данил Бержицкий мен Иван Альтенгоф марапатталды.

Жарыстарда тұрақты түрде жоғары нәтиже көрсетіп жүрген Владимир Бойко, Әділжан Зайкенов, Валерия Галиева, Вероника Шангараева, Ксения Шик, Ксения Комарова, Анастасия Жданова сынды спортшылар да марапат төрінен көрінді.

XXXIX облыстық жазғы спартакиадасында Сарыкөл ауданының намысын қорғаған спортшылар арасында жүлдеге ие болғандар ерекше аталып өтті. Волейболдан аудан құрамасының капитаны Оксана Науменко, волейболдан бірнеше мәрте аудандық және облыстық жарыстардың жеңімпазы Екатерина Песчанская, шаңғы жарысының маманы әрі жаттықтырушысы Александр Шлоссер, жеңіл атлетикадан облыстық жарыстардың чемпионы және жүлдегері Алина Чиханцова, шахматшы Анвар Хайруллин және басқа да спортшыларға сертификаттар табысталды.

Еркін күрестен жоғары нәтиже көрсеткен Аян Кабалаков пен Бақытбек Мусин де марапатталды. Аян Кабалаков 2026 жылғы жастар арасындағы Қостанай облысының чемпионы атанса, Бақытбек Мусин Қазақстан Республикасы чемпионатының қола жүлдегері және облыстық спартакиаданың күміс жүлдегері атанды.

Жеңіл атлетикадан Алина Грицащенко мен Роман Низяевтің нәтижелері де ерекше атап өтілді. Алина 800 метрге жүгіруден облыстық спартакиаданың жеңімпазы атанып, 400 метр қашықтықта үшінші орын иеленді. Ал Роман Низяев 400 метрге жүгіруден бірінші, 5000 метрден екінші және 800 метрден үшінші орынға ие болды.

Әйелдер күресінен Қазақстан Республикасының чемпионы Карина Кубжасова да Сарыкөл ауданының спорттағы мерейін үстем еткен үздіктер қатарынан көрінді. Ол XXXIX Қостанай облыстық жазғы спартакиадасында әйелдер күресінен бірінші орын иеленді.

Шара аясында «Салауатты өмір салты – әркімнің таңдауы!» атты аудандық бейнероликтер байқауының жеңімпаздары да марапатталды. Байқау қатысушылары дене белсенділігін арттыру, салауатты өмір салтын насихаттау және денсаулыққа жауапкершілікпен қарау тақырыптарын шығармашылық жұмыстарында көрсетті.

Байқау қорытындысы бойынша үшінші орын Светлана Петроваға, екінші орын Лаура Жайсанбаеваға бұйырды. Ал бірінші орынды Евгения Степина мен Алина Агулова иеленді. Белсенді қатысқаны үшін Ростислав Брусский де арнайы марапатқа ие болды.

Сарыкөл ауданында спортты дамытуға, бұқаралық спортты қолдауға және жас ұрпақты салауатты өмір салтына баулуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Бүгінгі марапат – спортшылардың еңбегіне көрсетілген құрмет қана емес, болашақ чемпиондарға берілген үлкен қолдау.

Сарыкөлдік спортшылар алдағы жарыстарда да аудан абыройын асқақтатып, жаңа жеңістерге жетеді деген сенім мол.

Руслан ӘЛКЕЕВ
Суреттерді түсірген автор


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31

Просмотров: 1