Сарыкөл төсінде тұңғыш рет мәдениет қызметкерлері белдесті

Алғаш рет ауданымызда Алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай қазақ күресінен өткен облыстық турнирге Қостанай облысының мәдениет қызметкерлері қатысты

Турнирдің ашылу салтанатына аудан әкімі Амантай Балғарин қатысып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

– Бұл іс-шара қазақ халқының біртуар перзенті, қоғам және мемлекет қайраткері, ақын, әдебиет зерттеуші ғалым, публицист, педагог, ұлттық жазудың реформаторы, ағартушы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына арналып отыр. Қазақ күресі ұлтымыздың өмір тарихымен тығыз байланысты. Еліміздің ұлттық спорты жасай берсін. Жарысқа қатысушыларға сәттілік тілеймін!, – деді Амантай Кәкімбекұлы.

Құрметті қонақ ретінде қатысып, сөз сөйлеген облыстық көркемөнерпаздардың халық шығармашылығы мен кинобейнеқор орталығының басшысы Дәмер Қалқаев, аудан әкімі орынбасары Дастан Әбжамалов және төрелік еткен қазақ күресі мен самбодан спорт шебері, қазақ күресінен бапкер Берік Таласов марапаттау рәсіміне қатысты.

Қостанай облысы мәдениет қызметкерлері арасында қазақ күресінен өткен облыстық турнирдің қорытындысы бойынша жеңіл салмақтан 1 орынды Амангелді ауданынан келген Нұрсұлтан Мұхтар жеңіп алса (100 мың теңге, “ӨНЕР АРЛАНЫ – 2022” белдігі, медаль және диплом), 2 орынды Алтынсарин ауданының қатысушысы Талғат Қапиятов ( 80 мың теңге, медаль және диплом) еншілеп, 3 орынды Жангелдин ауданының үміткері Қайрат Жанатов ( 60 мың теңге, медаль және диплом ) иеленді. Сондай-ақ, ауыр салмақта әулиекөлдік Ерлан Қасымов жеңімпаз атанса ( 100 мың теңге, “ӨНЕР АРЛАНЫ – 2022” белдігі, медаль және диплом), екінші орынға рундыйлық Берік Қозылов тұрақтап (80 мың теңге, медаль және диплом), ал алтынсариндік Дархан Едігин үштіктен көрінді (60 мың теңге, медаль және диплом ). Ал, жүлдеге ілікпеген қалған өнерпаз палуандарға диплом мен 20 мың теңгелік сертификат табысталды.

Айта кетейік, бұл жарыс аудан әкімінің қолдауымен және облыстық көркемөнерпаздардың халық шығармашылығы мен кинобейнеқор орталығы мен аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бірлесе ұйымдастырылуымен өтті. Дүбірлі додаға «Олжа-Агро» ЖШС демеушілік жасады.

Руслан ӘЛКЕЕВ


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31