«Шәкірттерім домбыраға құштар»

 Асылхан Байжан – «Дипломмен – ауылға» бағдарламасымен туған жеріне келіп, еңбек етіп жүрген жас мамандардың бірі. Ол Қамыстыдағы балалар музыка мектебінде домбыра класынан сабақ береді.

2019 жылы Рудный қаласындағы музыкалық колледжді аспапты орындау мамандығы бойынша тәмамдаған ол аталған бағдарлама арқылы туған жеріне келіп, еңбек етуде. Өткен оқу жылында саз мектебіне қызметке орналасып, аудан орталығынан бағдарлама бойынша көтермеақы да алған.
Қазіргі таңда Асылхан ата-анасымен бірге тұрып жатыр.

– Кішкентайымнан өнерге жақын болуым бірінші – Алланың, екінші – қанға сіңген қасиеттің арқасы деп білемін. Мәселен, анам да, әкем де өнерге жақын. Домбырадан 1-6 сыныптарға сабақ беремін. Шәкірттерім шеттерінен домбыраны үйренуге құштар. Оқушыларға қазақтың белгілі күйші, сазгерлерінің шығармаларын үйретемін. Домбыра сыныбына, негізінен, оқушыларды 6-7 жастан бастап қабылдаймыз. Мұнда өнерлі, қабілетті оқушылар көп, – дейді жас маман.

Ол – оқушыларды домбыра үйретумен қатар сахна мәдениетіне, жан-жақты болуға бейімдеп жүрген білім ордасындағы өнерлі, жас ұстаздардың бірі. Өз жұмысына аса жауапкершілікпен қарайтын Асылхан ұжымына беделді, аудандағы қоғамдық шараларға да атсалысады. Көркем сөз шебері, спортқа да бейімі ерекше. Аудандық волейбол ойынына қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр.

– Ауданымызда өтетін мәдени-рухани іс-шараларға саз мектебінің өнерпаздары белсене қатысады. Аудан көлемінде өтетін атаулы даталарға да қатысып, музыка мектебінде пікірталас, кездесулер, әдеби-сазды кештер ұйымдастырдық. Ең бастысы, туған жерге келіп, қызмет ету, ауылдың көркеюіне үлес қосу – мен үшін үлкен мақтаныш. Сондықтан өзім секілді жастарды ауылға келіп, еңбек етуге шақырамын, – дейді жас маман.
Бүгінде Асылхан жас домбырашыларды әртүрлі жарыстарға, байқауларға қатыстырып, олардың өнерде жоғары жетістікке жетуіне ықпал етіп жүр. Жас маман облыс, аудан көлемінде марапаттарға да ие болған.

Қазір талапты жас Арқалықтағы Ы.Алтынсарин атындағы педагогикалық институтта сырттай оқып жүр.

Суретті түсірген Дина Нұғманова.


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31