Әсия Беркенова: «Әркім өз ісіне деген жауапкершілікті ел үшін жауапкершілік деп қараса ғана, іс алға басады»
Жоғары аудиторлық палатаның Қостанай облысына жүргізген тексерісінен кейін аймақ басшысы Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен мемлекеттік аудиттің қорытындылары талқыланған болатын.
Онда аудит көрсеткен қаржылық бұзушылықтар, бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлау және пайдалану фактілеріне қатысты түсініктеме берілді.
Осы мәселеге қатысты Қазақстанның Халық ақыны, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі ХІІІ шақырылымының депутаты Әсия Беркенова Фейсбук әлеуметтік желісінде өзінің пікірін білдірді. Облысымыздың құрметті азаматы мәселені тереңінен зерделеу керектігін жазып, аудиттік қадағалау қазына қаражатын ұқыпты жұмсауға ықпал етуі тиіс екендігін жеткізді. Біз Халық ақынының көпшілікке үндеуін жариялауды жөн көрдік.
“Құрметті ағайын!
Күні кеше Жоғары аудиторлық палатаның Қостанай облысына жүргізген тексерісі қоғамды дүр сілкіндірді. Ерінбеген ақпарат құралдарының барлығы «Қостанай облысында 100 миллиард теңге рәсуа болды», «Желге ұшқан миллиардтар» деген сыңайлы оңды-солды тақырыпты қойып, бірінен-бірі көшіріп басып жатыр. Әлеуметтік желіде желпініп отырғандар атша тулап, өртті одан бетер өршіте түсті.
Сол есеп-қисаптың ішкі мазмұнына үңіліп, есеп тілімен, экономикалық, қаржылық сауатпен сараптап жатқан ешқайсысын көрмедім. Соған қарап-ақ, біз сөз қуған ел екенбіз деп ашынып отырмын.
Осы үндеуді халыққа жеткізіп отырғанымның себебі де бар. Бұл жерде басшыларға жағынайын, біреудің мүддесін қорғайын, ақтап алайын деген ниетім жоқ. (Болмысыма жағымпаздық жат).
Қасиетті Қостанай топырағының тумасы болғандықтан, өңіріміздің өркендеу кезеңіне куәгер жандардың бірімін. Талай жыл айтыс сахнасында өңіріміздің намысын қорғап, беделін биіктеткен ақын ретінде ешқашан аймағымыздың абыройына дақ түскенін қаламаймын. Қостанай облысы экономиканың сан түрлі саласында жыл сайын алға басып, өркендеп келеді. Бүгінгі күні тау-кен өндірісі алға басқан, жаңа зауыттар салынып, жұмыс орындары ашылып жатқан ірі индустриялық аймаққа айналып келеміз.
Желіде сөз болып жатқан тақырып жайында облыс әкімі Құмар Ақсақалов бастаған аймақтың атқамінерлері олқылықтарға жол берген тұлғалардың жауапқа тартылып жатқанын мәлімдеді. Бұл жағдай мемлекеттік қызметкерлерді өз ісіне аса үлкен жауапкершілікпен қарауға міндеттеуі тиіс.
Барлық облыста бес жыл сайын жоспарлы түрде аудиторлық тексеріс өткізілуі қалыпты шара. Аудиттік қадағалау қазына қаражатын ұқыпты жұмсауға ықпал етуі тиіс.
Сондықтан бұл жағдайда дабыраға жол бермей, кемшіліктерді кемітіп, олқылықтарды ойсыратпай, әркім өз ісіне деген жауапкершілікті ел үшін жауапкершілік деп қараса ғана, іс алға басады деп ойлаймын.
Ең бастысы, өзіміз топырағын басып, суын ішіп отырған аймағымыз өркендей берсін деймін. Қостанай облысы әлі талай биіктерді бағындырып, әлеуеті артқан үлкен қуатты өңірге айналады деген сенімдемін”.
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31