«Степь» – Науырзым табиғатын үлкен экранға шығарған туынды

 Қазақстан табиғатының сұлулығы мен табиғат қорғаушыларының жанқиярлық еңбегін арқау еткен «Степь» көркем фильмі Науырзым ауданы үшін ерекше маңызға ие.

Себебі фильмнің негізгі түсірілім жұмыстары еліміздің ең көне әрі бірегей табиғи аумақтарының бірі – Науырзым мемлекеттік табиғи қорығының аумағында жүргізілді.

Фильмде браконьерлікпен күрес, табиғатты қорғау жолындағы мемлекеттік инспекторлардың жауапты қызметі мен туған жерге деген адалдық кеңінен көрініс табады. Бұл – тек шытырман оқиғаға құрылған кино емес, табиғатты аялау, қорықшылардың қажырлы еңбегі мен адам мен табиғат арасындағы үйлесімділікті дәріптейтін тағылымды туынды.

Науырзым қорығының түсірілім алаңы ретінде таңдалуы кездейсоқ емес. ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік табиғи мұралар тізіміне енген қорықтың кең жазира даласы, қарағайлы орманы, көлдері мен ерекше табиғи ландшафты фильмнің көркемдік деңгейін арттырып, қазақ даласының қайталанбас келбетін шынайы бейнелеуге мүмкіндік берген. Режиссер Максим Акбаровтың айтуынша, дәл осындай табиғи ерекшеліктердің бір жерде тоғысуы Науырзым өңірін кино түсіруге таптырмас мекенге айналдырған.

Фильмде қазақстандық актерлермен қатар белгілі актер Сергей Гармаш та басты рөлдердің бірін сомдайды. Сонымен қатар, фильмнің бір эпизодында Науырзым ауданының тұрғыны Болат Турлимбеков да бой көрсеткен. Жергілікті тұрғынның үлкен кино жобасына қатысуы – ауданымыз үшін ерекше қуанышты жаңалық.

– «Осындай үлкен кино жобасының бір көрінісіне қатысу мен үшін үлкен мәртебе болды. Түсірілім барысында кәсіби актерлермен және шығармашылық топпен бірге жұмыс істеу ұмытылмас әсер сыйлады. Ең бастысы – фильм арқылы туған жеріміз Науырзымның әсем табиғаты көпшілікке танылады. Қорықтың қайталанбас көріністері үлкен экраннан көрініс тауып, көрерменнің жүрегінен орын алады деп сенемін. Бұл – біздің аудан үшін үлкен мақтаныш», – дейді Болат Турлибеков.

«Степь» фильмі – Науырзым ауданының табиғи байлығы мен көркем келбетін көпшілікке танытатын, өңірдің туристік әлеуетін арттыруға ықпал ететін маңызды мәдени жоба. Бұл туынды арқылы көрермен қазақ даласының кеңдігін, табиғаттың ғажайып сұлулығын және оны қорғап жүрген жандардың ерен еңбегін терең сезіне алады.

Науырзым мемлекеттік табиғи қорығында түсірілген бұл фильм – туған өлкеміздің табиғи мұрасын насихаттап, оның халықаралық деңгейдегі маңызын айшықтайтын айтулы шығарма. «Степь» – жай ғана кино емес, туған жердің қадірін, табиғаттың құндылығын және оны қорғаудың маңызын дәріптейтін тағылымды туынды. Ал оның түсірілім алаңы ретінде Науырзым қорығының таңдалуы – ауданымыз үшін үлкен мақтаныш әрі табиғатымызды кеңінен танытқан маңызды мәдени оқиға.

Жібек МЫРЗАҒАЛИ
Фотоны ұсынған кейіпкер


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31

Просмотров: 2