Сужарғанның тыныс-тіршілігі көпке үлгі

 
Бұл ауылда 72 отбасы мекен етіп отыр

Арқалық-Торғай жолының бойында жатқан Сужарған ауылының тыныс-тіршілігі көпке үлгі. Елді мекенде атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Ауыл азаматтары ауылдың көркеюіне көмек қолын созып отырады. Туған жердің  түлектері, азаматтары қаржы жинап, ауылдың ажарын ашатын нысан салуға мұрындық болуда. Халықтың негізгі кәсіп көзі – түлік басын өсірумен айналысса, ауылдан шыққан өнерпаздар мен споршыларда осы мекенде. Ауыл көлемінде мал шаруашылығымен айналысатын 15 шаруа қожалық жұмыс істеп келеді. Төл басының да нақты есебі алынып, базаға толық түсірілді. АШЖБ базасына 2317 ірі қара, 2500 ұсақ мал мен 1072 жылқы тіркеліп тұр. Сужарған ауылы ауданда өткізілетін ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесіне тұрақты түрде қатысып отыратыны да – осыған дәлел.
Ауыл жылдан жылға көркейіп келеді
Сужарған ауылының әкімі ДосболТайшыбектің айтуынша маусымдық жұмысқа екі адам еңбекке тартылған. Жұмыссыздар саны – 39 адам. Қоғамдық жұмысқа 11 адам тартылыпты. «Жастар практикасы» бағдарламасымен екі жас маман әкімшілікке жұмысқа алынды.
Бір қуантарлығы, жерді иесіз қалдырмай, төскейіне төрт түлік толтырғысы келетін ниеттілер баршылық. Мәселен, Сужарған ауылының Мекебай қыстағында Теміржан Хасенов басқаратын «Тарлан 2025» ЖШС өз жұмысын бастады. Шаруашылық Батыс Қазақстан облысынан қазақтың ақбас тұқымының 271 бұзауын сатып алып келіпті.
Сужарған елі Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде өткізіліп жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық  экологиялық бағдарламасына белсене қатысып келеді. Ел Президенті бұл жай науқан емес, халқымыздың көзқарасын, болмысын өзгерте алатын өте маңызды жоба екенін атап өтті.
«Осы бағдарлама шеңберінде ауылымызда бірқатар жұмыстар атқарылды. Ауылымыздың көшелері, ауылға кіреберіс жол, жеңіс саябағы және ойын алаңына тазалық жұмыстары жүргізілді. Ағаш түптерін ақтау, сынған бұтақтарын алу, ағаш,гүл отырғызу сияқты біршама жұмыстар атқарылды. Бүкілқазақстандық ағаш отырғызу күні Сужарған ауылында клуб үйіне, әкімшілік, кітапхана ғимараттарының алдына  ағаш отырғызылды», – деді Сужарған ауылының әкімі Досбол Тайшыбек.
Мұның сыртында қауіпсіздік шаралары да ескерусіз қалмаған. Өзен жағалауларына сенбілік жұмыстары жүргізілсе, Жангелдин аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлерімен бірлесіп, қауіпсіздік ережелері мен жағалауды ластамау жөнінде рейдтік іс шаралар өткізіліп тұрады.
Ауылда балалар ойын алаңы мен шағын футбол алаңы сыртқы қоршаулары дұрысталып, қалпына келтіру жұмыстары жүргізілген. Көше атауларының тақтайшалары қайтадан жаңартылыпты. Ауылға кіреберіс белгісі де жаңартылып сырланған. «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында «Мерген АБ» жеке шаруа қожалық иесі Асқар Бекмагамбетов Сужарған ауылының көшелерін тегістеп беріпті.
Экологиялық акция аясында жаңартылған тағы бір жұмыс – Жеңіс саябағының алдыңғы қоршаулары. Ал саябақ ішінде орнатылған Торғайдан түлеген Алаш арыстарына арналып жасалған баннері алыстан менмұндалап жарқырап тұр. Бұдан бөлек, ауылдық клуб үйінің сыртқы қоршаулары қалпына келтірілді.
Ел іші – өнер кеніші
Өткен жыл елімізде «Жұмысшы мамандықтар жылы» болып жарияланғаны белгілі. Осы бастама аясында Сужарған ауылының еңбек адамдарына құрмет көрсетіліп, адал еңбегімен ерекшеленген жұмысшылар марапатталды. «Жұмыстың жаманы жоқ, кез-келген еңбек қадірлі» тақырыбында мерекелік іс шара өткізілді.
Биылғы оқу жылында  Қанапия  Қайдосов  атындағы  жалпы білім беретін мектепте  70  оқушы білім алып жатыр.  Оның  сыртында  мектепалды  даярлық  сыныбында  10  оқушы, шағын  орталықта  16  тәрбиеленуші бар.
«Мектепте  тоғыз  оқу  кабинеті   бар.  Оқушылар  екі  ауысымда  білім  алады. Жаңа технологиямен  жабдықталған  2  кабинет  жұмыс істеп тұр. Биылғы  оқу  жылында  мектепті  9  түлек  аяқтағалы  отыр.  11-сынып  қоғамдық-гуманитарлық  бағытта  оқиды», – деді Қанапия  Қайдосов  атындағы  жалпы білім беретін мектебінің директоры Аян Сәлімжанұлы.
Қазір Сужарғандағы халыққа қызмет етіп тұрған медициналық пунктке жалпы есепте барлығы 53 адам есепте тұр. Мұның сыртында Арқалық өңірлік ауруханасының дәрігер мамандары келіп, көшпелі медициналық кешен қызмет көрсетіп кетіпті.
«Өткен жыл Сужарған үшін мәдени-танымдық, спорттық іс-шараларға толы болды десек, артық айтқандық емес. Халықаралық әйелдер күні мерекесі, Әз-Наурыз, Жеңіс мерекесі, басқа да ұлттық мәні бар мерекелерге жұртшылық ерекше атсалысады. Наурыз мейрамында ұлттық құндылықтарымыздың бірі бата беру дәстүрін кейінгі жас ұрпаққа үлгі ету сөз шешендігін насихаттау мақсатында аудандық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен өткізілген «Баталы елге бақ қонар» атты батагөйлер байқауына Сужарған ауылынан Айсағалиев Бағдат қатысып, жүлделі 3-орынды иеленді. Ал «Пай-пай, қазақтың келіндері-ай!» атты аудандық келіндер байқауына Сужарған ауылынан Динара Бауыржан қатысып, жүлдегер атанды.
«Ел іші – өнер кеніші» атты бағдарламамен Сужарған ауылының өнерпаздары Қалам-Қарасу ауылында өнер көрсетті. «Мерейлі отбасы – 2025» ұлттық байқауының  аудандық кезеңіне ауылымыздан Айсағалиевтер отбасы қатысып, 3-орын иеленді. Ауданда өткізілген «Торғай – тұлғалар мекені» атты поэзия фестивалі өтті. Арнайы ұйымдастырылған іс-шараға Сужарған ауылының мәдени ұйымдастырушысы мен кітапханашысы жергілікті ақын Марғұлан Оспановқа арнап көрме жасады. 2025 жылғы аудандық шаңғы фестивалінде ауылымыздан жас ерекшелігіне қарай 12 спортшы қатысып, жүлделі орындардан көрінді. Ауылымызда спортзалдың ашылуына орай  волейболдан «Ауыл әкімінің кубогі» ұйымдастырылды. Ал Жазғы спартакиадаға да ауылымыздан барлық спорт түрінен 17 спортшы қатысты. Ауылымыз командалық есепте 6-орынға табан тіреді. Облысқа үш спортшымыз жолдама алды», – дейді  Досбол Тайшыбек.
Осындай салауаттылық пен саламаттылық шараларына ауылдың мәдени ұйымдастырушысы, кітапханашы, спорт әдістемешісі, спорт нұсқаушысы айрықша ынтамен атсалысқанын айтпай кетуге болмайды. Әсіресе, Сужарған елі Міржақып Дулатұлының 140 жылдық мерейтойын көпшілікпен бірге ерекше атап өтті. Ауыл әкімі бастап, ел үлкендері, шаруашылықтар Алаш қайраткерінің құрметіне тойда барынша қызмет көрсетті.
Өткен жылы ауылдың кіреберіс жолын асфальттауға 61 млн тенге бөлініп, құрылыс жұмыстарын Арқалық қаласындағы «ЛидерСтрой 2002» ЖШС орындапты. Ал, клуб үйінің жөндеу жұмысына 13 млн теңге қаржы бөлініпті.
Намазхана іргетасы қаланды
«Ауылымызда намазхананың іргетасы қаланды. Аталған игі іске Ербол Ибраев бастамашы болып отыр. Ол ауылдағы, елден тыс кәсіпкерлікпен айналысып жүрген азаматтардың басын қосып, қаражат жинау жұмысын қолға алды. Бұл игі іске ауыл азаматы Әшімұлы Мирамбек те белсене қолдау көрсетіп, тұрғындарды ұйымдастыруға атсалысуда. Намазхана құрылысына үлес қосқан барлық ауыл азаматтарына зор алғысымызды білдіреміз. Құрылыс жұмыстары осы жылы толық аяқталады деп жоспарланған. Сонымен қатар, Ербол Жақсылықұлы ауыл азаматтарымен бірлесе отырып, болашақта шағын кафе салуға ниетті», – деп ауыл әкімі алдағы атқарылатын жұмыстарымен бөлісті.
Елді мекеннің төрт көшесіне 50 жарық бағанына жарық-диодты ленталар орнатылған. Осы жұмысты Қалтай Өміржанов бастаған 1978 жылы туған ауыл азаматтары мойнына алыпты. Ал, ауылдың кіреберісі мен келбетін жақсартуға Алмат Болат 500 мың теңге демеушілік жасап, «Сужарған ауылына қош келдіңіздер» деген жазу орнатып берген.
Сужарған ауылындағы су жүйесінің қалыпты жұмысын қамтамасыз ету мақсатында фильтрлер 6 танфер сүзгісі ауыстырылды. Аталған жұмыстарды «Агрогүн» ЖШС жүзеге асырды, мекеме иесі – Нұрман Енбергенов. Жұмыстардың жалпы құны 4,2 млн теңгеден асады.
Сонымен қатар, жұмыс істемей тұрған бір резервуар бойынша «Алюминстрой» ЖШС қайтадан тегістеп құю жұмыстарын жүргізіпті. Қазір резервуар іске қосылып тұр. Алдағы уақытта су тасқыны салдарынан құлаған сыртқы қоршауларды қалпына келтіру жұмысы бар. Бұдан бөлек, ауыл ішінде орналасқан құдықтардың үстіңгі жабындарын қайта жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет.
Ауыл әкімі биыл да бірқатар жұмыстар барын айтады. Соның ішінде әкімшілік пен кітапхана орналасқан ғимаратқа толық жылу жүйесін өткізу, облыстық бюджеттен ақша бөлінсе ауылдың 3 көшесін асфальттау, тазарту, абаттандыру жұмыстарын әрі қарай жалғастыру тұр. Ал Ғ.Мананов ұрпақтары өз қаражаты есебінен Жеңіс саябағын қайтадан қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіледі деп жоспарланып отыр.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Суреттерді ауыл әкімі ұсынды

Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31

Просмотров: 8