«Төрт түлік» қосымшасы Қамысты ауданының шалғай ауылдарында қалай жүзеге асуда?


Қамысты ауданында мал шаруашылығын цифрландыру біртіндеп жүріп жатыр. Қазіргі таңда «Төрт түлік» мобильді қосымшасына бар-жоғы 352 шаруа тіркелген. Былтыр іске қосылған бұл қосымша шаруаларға малға қатысты көптеген қызметті онлайн орындауға мүмкіндік берсе де, бұл мүмкіндікті қолдана алмай отырған шаруалар да жоқ емес.
Алдымен, «Төрт түлік» қосымшасының тиімді жағына атап өтелік, етті дүкенге немесе жәрмеңкеге бармай-ақ, тікелей шаруадан сатып алуға болады. Сонымен қатар, малды тіркеу, сойылғанын есептен шығару немесе ветеринарлық анықтама алу сияқты рәсімдер үшін аудан орталығына барудың қажеті жоқ – барлығы үйден шықпай, бірнеше минут ішінде шешіледі. Дегенмен, біз хабарласқан ауылдықтар кейде бұл мүмкіндікті пайдалана алмай қалатынын айтады.


Аралкөл ауылдық округінің ветеринарлық пунктінің меңгерушісі Сәуле Алшынбаеваның айтуынша, қосымша арқылы шаруа қожалықтары алдындағы тай-тұяқтарына ветеринарлық төлқұжат ала алады, жоғалтқан таңбаны ауыстырады, сойылған малды есептен шығара алады.

«Бұл жүйе әсіресе шалғай ауылдар үшін өте тиімді, алайда кейбір шикі тұстары да жоқ емес. Әсіресе ауылда интернет болмай қалған кезде, шаруалар қиналып жатады», – дейді ветеринар.

Жалпы қосымшаны жүктеп, қолдана білген адамға малдың алған вакцинасын, өткен тексерістерін және басқа да маңызды ақпаратты қадағалауына болады.
Сонымен қатар, «Төрт түлік» мал дәрігерлеріне ветеринарлық-профилактикалық іс-шараларды толық көлемде және уақытылы жүргізуге мүмкіндік береді. Қосымша арқылы шаруалар саладағы соңғы жаңалықтардан хабардар болып, басқа мал өсірушілермен тәжірибе алмасу мүмкіндігіне ие болады.

Дегенмен, қосымшаны қолдануда кейбір қиындықтар бар. Аралкөл ауылдық округінің ветеринарлық пунктінің меңгерушісі Сәуле Алшынбаева интернеттің тұрақсыздығы шалғай ауылдарда қосымшаны толық пайдалануға кедергі келтіретінін айтады. Мобилді қосымшаға ең бірінші болып тіркелген Сырым Ахметовтің шаруа қожалығы да осы мәселені атап өтті, бірақ олар қосымшаны барынша тиімді пайдалануға тырысуда.

«Көршілес Дружба ауылында бүгінде 31 аула бар. Олардың 18-і мал ұстаса, тек 7-8 аула ғана қосымшаға тіркелген. Ауылдағы интернеттің әлсіздігі күнделікті жұмысқа кедергі келтіріп отыр», – дейді Сәуле Алшынбаева.

Қазіргі таңда «Төрт түлік» қосымшасы Playmarket платформасында қолжетімді, ал өткен жылдың соңында APP Store-ға енгізілді. Болашақта қосымша арқылы мал өнімдерін тікелей онлайн сатып алу мүмкіндігі қарастырылған.

 

Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Суреттерді Сәуле Алшынбаев ұсынды


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31

Просмотров: 2