Тәуіште 150 миллион теңгеден астам қаражатқа заманауи спорт залы салынып жатыр
Жаңа нысан заманауи талаптарға толық сай келеді деп күтілуде.
Ауылдағы бұқаралық спортты дамыту мен жастардың саламатты өмір салтын ұстануына жағдай жасау мақсатында Торғай өңірінде ауқымды инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылуда.
Солардың ішіндегі ең ірісі – Тәуіш ауылында бой көтеріп жатқан құрастырмалы-модульді ангар типіндегі заманауи спорт кешені. Жобаның жалпы құны 152 миллион 230 мың теңгені құрайды. Бұл бастама «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының тікелей қолдауымен жүзеге асуда. Құрылыс пен орнату жұмыстарын мердігер «СК Арт Люкс» ЖШС жүргізіп жатыр.
Жаңа нысан заманауи талаптарға толық сай келеді деп күтілуде. Модульді технологияның басты артықшылығы – оның жылдам құрастырылуында, беріктігінде және қысқы суық пен жазғы ыстыққа төзімділігінде. Спорт залы ішінде волейбол, баскетбол, футзал сияқты ұжымдық ойындарға, сондай-ақ жекпе-жек түрлерімен айналысуға барлық жағдай жасалмақ.
Аудандағы оң өзгерістер мен спорт нысандарының маңызы туралы Жангелдин ауданы әкімі өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Дінмұханбет Бидашев арнайы тоқталып өтті.

«Ауыл жастарының бос уақытын тиімді өткізіп, спортпен шұғылдануы – өңірді дамытудың басты бағыттарының бірі. «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен Тәуіш ауылында бой көтеріп жатқан бұл спорт залы ауыл тұрғындары үшін үлкен қуаныш. Сонымен қатар Шеген және Қаламқарасу ауылдарында әрқайсысы 10 млн теңге болатын шағын футбол алаңдары салынып, халық игілігіне берілуде. Мұнымен қоса, Шоқан Уәлиханов атындағы мектеп жанынан жаңа спорт залын салу үшін 30 млн теңгеге ЖСҚ дайындалып жатыр. Бұл жұмыстардың барлығы ауылдың спорттық әлеуетін арттыруға бағытталған», – деді Дінмұханбет Серікұлы.
Модульді спорт кешені пайдалануға берілгеннен кейін Тәуіш ауылы мен іргелес елді мекендердің жүздеген тұрғыны, әсіресе балалар мен жастар, жыл он екі ай бойы шынығуға мүмкіндік алады.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Суреттер Тәуіш ауылының әкімдігінен алынды
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31