Торғай музейлерінің кешенінің басшысы Гүлбану Сәрсекеймен сұқбат.
Тобыл-Торғай өңірінде Қостанай облысы әкімдігі мәдениет басқармасының «Торғай музейлерінің кешені» КММ басшысы Гүлбану Сәрсекейді білмейтін жан кемде-кем. Ал республиканың аудандары арасынан бес бірдей мұражай шоғырланған өңірді кездестірмейсіз. Гүлбану Құлетқызы – Шақшақ Жәнібек, Ыбырай Алтынсарин, Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлы, Әліби Жангелдин қатарлы тұлғаларға арналған мұражайлар мен халық ақыны Нұрхан Ахметбековтің музей-үйіне жетекшілік етеді.
Гүлбану Құлетқызы – Жақан Қосабаев, Ғазиз Әмірханов бастаған ел ағаларының алғысы мен батасын алып, сол әзиз жандардың толағай ісін жалғастырып келе жатқан алтын көпір іспеттес. Бүгінде Гүлбану Сәрсекей басқаратын ұжым Ақкөл мен Бидайықтағы Ахаң мен Жахаңның музей-үйлеріне де көз қарақшы болып отыр. Биыл сол екі рухани ордалар Торғай мұражайлар кешені қарамағына өтіп, штат саны бекітіліпті.
Осы салада отыз алты жыл бой табанды қызмет етіп келе жатқан қайраткердің еңбегі лайықты бағаланып келеді. «Мәдениет саласының үздігі», «Үздік өлкетанушы» төсбелгілері, облыс әкімі мен Президенттің Алғыс хаттары, Құрмет грамоталары соған дәлел. Ал Ақордада Мемлекет басшысының қолынан «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталуы – аймағымыз үшін үлкен абырой болғаны анық.
– Гүлбану Құлетқызы, алдымен осы қызметке келгеніңіз туралы, музей кешенінің бүгінгі жай-күйі жайында айтып өтсеңіз.
– Бұл қызметке келуім – өмір жолымның бір белесі ғана емес, тағдырдың маған жүктеген жауапкершілігі деп білемін. Аудандық халық депутаттары атқару комитетінде заңгер болып жүрген кезімде, сол тұстағы аудан әкімі Жақан Қосабаев пен музей директоры Ғазиз Әмірханов ағаларымыздың ұсынысымен 1990 жылы Ә.Жангелдин музейіне экскурсия жетекшісі болып орналастым. Көп ұзамай ел тарихындағы ақтаңдақтар ашылып, арыстарымыз ақталған кезеңде ғылыми қызметкер ретінде жұмысымды жалғастырдым. Бір жылдан соң Шақшақ Жәнібек мұражайы ашылып, сонда аға ғылыми қызметкер болып ауыстым. Ал 2011 жылдан бері Торғай музейлер кешенінің директоры қызметін атқарып келемін.
Біздің – қызмет ғылыми-зерттеу, қор жинау, мәдени-ағарту және баспа жұмыстарынан тұрады. Негізгі мақсатымыз – ұлттық құндылықтарымызды сақтап, ел тарихын насихаттап, оны келер ұрпаққа аман жеткізу. Себебі, алдыңғы буын ағаларымыздың тәлімімен және өзіміздің қазіргі әріптестерімізбен бірге осы музейлерді аман сақтап отырмыз. Облыс басшылығы тарапынан күрделі жөндеу өткізіліп жатыр. Рухани ордаларымызға өзіміздің елдің үлкен-кішісінен бөлек, шетелдік қонақтар да көп келеді, тәнті болады.
Облыстық, республикалық, халықаралық деңгейдегі ғылыми конференциялар мен байқауларға қатысып, жетістіктерге жетіп келеміз. Мәселен, 2011 жылы халықаралық форум аясында «Үздік ауыл мұражайы» атандық. 2022 жылы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай ЮНЕСКО ұйымдастырған халықаралық конференцияға елімізден барған 17 адамның бірі болып қатыстым. Осындай ірі басқосуларда баяндамалар жасап, ғалымдармен, белгілі тұлғалармен кездесу де зор мәртебе.
Осы еңбегіміздің арқасы болар, облыс әкімі Құмар Ақсақалов демеушілер атынан мұражайлар кешеніне жаңа автокөлік сыйға тартты. Бұны да аз-кем қызметімізге көрсетілген үлкен құрмет деп білемін.
– Өлкеміздегі мұражайлардың тарихы туралы аз-кем айтып бересіз бе?
– Қарт өңірдің қастерлі ордалары саналатын Торғайдың Жангелдин мұражайлар кешеніне төрт музей кіреді. 1984 жылы Әліби Тоғжанұлы Жангелдиннің 100 жылдық мерейтойы қарсаңында музей ашылды. Бұл мұражайдың «Жол саяхаты», «Балалық шағы», «Этнографиялық бөлім», «Шалқар сапары» және «Ұлт-азаттық көтеріліс», «Қызыл керуен», «Коллективтендіру дәуірі», «Отан соғысының отты жылдары», «Майдан мен тылды ұштастыру кезеңдері», «Бүгінгі Торғай – түлеген Торғай» бөлімдері бар.
1988 жылы Ыбырай мектебі түлектерінің үндеу жасап, 1864 жылы салынған білім ордасының ғимараты Ыбырай Алтынсарин атындағы мемориалды-педагогикалық мұражайына айналды. Бөлімдері: «Ашылу тарихы», «Шығыс жұлдыздары», «Далалық оқу мен мұсылманша сауаттану», «Ыбырайдың ата тегі», «Балалық шағы мен білім алған ордасы», «Ыбырай – ағартушы-педагог, баспагер және оның достары», «Ыбырай ашқан мектептер тарихы», «Ізбасарлары мен шәкірттері», «Ыбырайға тағзым және құрмет».
Тәуелсіздік таңы атқан жылы Алаш қайраткерлері Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлының әдеби мұражайы ашылды. Музей төрінде қос тұлғаның тағдырлы ғұмыры тұтас бір дәуірдің айнасы іспетті. Олардың білім нәрімен сусындаған кезеңдері, қолынан өткен қасиетті бұйымдары мен елге мұра болып қалған асыл еңбектері көз алдыңа тірі шежіредей елестейді. Торғай топырағынан түлеп ұшқан тарландардың тағылымды жолы мұнда ерекше ілтипатпен баяндалады. Әлемге танылған ірі ғалымдар, жыр әлемін тербеткен ақындар мен сөз зергерлері, жазушылар, өнердің хас шеберлері, әуеннен өрнек өрген сазгерлер, жүрекке жетер әнімен елді тербеген әнші-жыршылар, сондай-ақ ел тағдырына бағыт берген мемлекет және қоғам қайраткерлерінің өнегелі өмір деректері бір арнада тоғысып, рухани қазынаға айналған. Бұл музей – өткен мен бүгінді жалғаған алтын көпір, ұлт руханиятының мәңгілік шамшырағы.
Тәуелсіздіктің таңы жаңа ғана арайлап атқан, еңсе тіктеп, өткенін түгендеуге бет бұрған 1993 жыл еді. Сол бір рухани жаңғырудың алғашқы лептерімен бірге Торғай топырағында тағы бір киелі орда бой көтерді. Ол – ел жадында ерлігімен мәңгі сақталған Тархан Шақшақ Жәнібек батырға арналған тағзым мекені. Торғай жұрты оны өз қаражатымен тұрғызып, баһадүр бабасына деген перзенттік парызын орындады. Себебі, кешегі алмағайып заманда қазақтың төрт тірегінің бірі саналған Шақшақ Жәнібек елдіктің туын жықпай, жұртын жаудан қорғаған айбынды тұлға еді.
Мұражай табалдырығын аттаған сәтте келушіні XVIII ғасырдың сұрапыл кезеңі – қазақ-жоңғар шапқыншылығының зұлматты жылдары қарсы алады.
«Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» атанған қасіретті дәуірдің ауыр лебі «Аңырақай шайқасы» диараммасынан анық сезіледі. Бұл көрініс тек тарихи сәтті бейнелеп қана қоймай, ел үшін еңіреген ерлердің жанқиярлық күресін жан-дүниеңмен ұғындырады. Экспозицияда Жәнібек батырдың өмір жолынан сыр шертетін құнды деректер молынан қамтылған. Оның өз қолымен жазған хаттары, «Тархан» атағын алғандағы жарлығы – ел тарихының тірі куәсіндей. Ал бабасы Шақшақ баһадүр ұстаған тудың қиындысы мен кесене басынан әкелінген бір уыс топырақ – өткен мен бүгінді жалғаған қасиетті жәдігерлер. Сонымен қатар, батыр тұлғасын арқау еткен кітаптар мен зерттеулер мұражай мазмұнын байытып, келушіні терең ойға жетелейді.
Бұл рухани орда – тек тарихты танытатын орын ғана емес, ұлт рухын оятып, елдік сананы асқақтататын қасиетті мекен. Былтыр Жақшақ Жәнібек мұражайы күрделі жөндеуден өткенін атап өту керек.
Торғайдың топжарған ақыны Нұрхан Ахметбековтің музей-үйі 1983 жылы 70 жылдық мерейтойы қарсаңында ашылып, содан бері халыққа қызмет етіп келеді. Алғашында қара шаңыраққа келіні Тұрағал Рахымқызы ие болып, ақынның қолжазбалары мен тұтынған бұйымдарын көзінің қарашығындай сақтады. Бүгінде бұл аманатты жыр дүлдүлінің шөбересі – Сейтбаттал Мәлікзадаұлы жалғап отыр. Жақында ел-жұрттың қолдауымен музей-үй жаңартылып, қайта түлеп, өткеннің рухын бүгінге жалғаған қасиетті орын ретінде өз қызметін жалғастыруда.
– Кез келген музейде ерекшеленіп тұратын атрибуттары болады. Сіз өзіңізге жақын, баға жетпес қымбат дүние деп қай экспонаттарды атар едіңіз?
– Музей – халықтың жады. Ол өткенді сақтап қана қоймай, бүгінгі ұрпақтың тарихи санасын қалыптастырады. Біз үшін әрбір жәдігер – аманат. Сол аманатқа адал болу – басты парызымыз. Қорымыздағы ең құнды дүниелердің бірі – Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлына қатысты түпнұсқа жәдігерлер. Ахаңның «Қырық мысал», «Маса» кітаптары зұлмат жылдары жер астына жасырылып, тек 1990 жылы ғана қайта табылып, музейге тапсырылды. Бұл – халықтың жүрегінде сақталған сенімнің айғағы.
Сондай-ақ, Гүлнар Дулатова апамыз әкесінің мұрасын көзінің қарашығындай сақтап, жарты ғасырдан кейін елге жеткізді. Оның табыстаған жәдігерлері – тек тарихи заттар емес, тұтас бір дәуірдің шежіресі.
Ахаңнан қалған тұрмыстық бұйымдар – жез леген, ағаш диван, патефон, сағат, жазу үстелі – сол заманның тынысын сездіреді. Ал Жахаңның қолданған заттары – ас үстелі, шай әбзелдері, кестелі көрпесі – отбасы өмірінен сыр шертеді. Сонымен қатар, қапаста отырып тіккен тақиясы, баласына арнап жасалған белбеуі, фотожақтауы – олардың тағдырындағы ауыр кезеңдердің үнсіз куәгері.
Ең әсерлі жәдігердің бірі – Карелия жерінен әкелінген бір уыс топырақ. Бұл Міржақып Дулатұлының туған жерге деген мәңгілік сағынышын білдіреді. Оны қызы өмір бойы сақтап, аманат ретінде музейге тапсырған.
Сұқбаттасқан – Шұға АҢСАҒАНҚЫЗЫ
Облыстық патриоттық байқауы өтеді. Жоба «Synergy» ғылыми-білім орталығы» қоғамдық қоры тарапынан Қостанай облысы әкімдігінің қоғамдық…
Об этом доложил аким Костаная Марат Жундубаев на совещании по вопроосам теплоснабжения. (далее…)
Такие данные привел аким области на совещании по вопросам прохождения отопительного сезона в регионе. (далее…)
Бірыңғай жер кадастрлық жүйесін жетілдіру жұмыстары жалғасуда. (далее…)
Основным фигурантам дали реальные большие сроки, некоторым крестьянам — условные. Об этом пишет ТоболИнфо. (далее…)
Два объекта — КГП «Костанайская областная детская стоматологическая поликлиника» и КГП «Костанайюжэлектросервис» в г. Аркалыке…
This website uses cookies.