Торғай елінің тумасы, химия ғылымдарының докторы, профессор Оразхан Аймақов 80 жасқа толды

Н.Ахметбеков атындағы мәдениет үйінде Торғай мұражайлар кешенінің қызметкерлері «Жаратылыстану ғылымның болашағы» атты халықаралық конференция ұйымдастырды

Бұл құрметтің барлығы Торғай жерінің тумасы, химия ғылымдарының докторы, профессор, халықаралық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, халықаралық педагогикалық білім беру академиясының мүше – корреспонденті, халықаралық инновациялық «СКОЛКОВО» орталығының эксперті Оразхан Аймақовтың 80 жас мерейтойына арналды.

Аудан әкімі Шота Оспанов мерейтой иесін 80 жасымен құттықтады. Қасиетті Торғай жеріне келіп, қуанышын елмен бөлісудің өзі зор құрмет екендігін жеткізді. Өзінің ғана емес ғылымның негізін қалап, туған жердің атын әлемге танытқанына ризашылығын білдірді. Сонымен қатар, иығына шапан жауып, Жангелдин ауданының Құрметті азаматы атағын салтанатты түрде табыстап, кеудесіне жарқыратып медаль тақты. Лайықты құрмет, лайықты марапат.

Оразхан Аймақұлы аудан әкіміне, торғайлық жерлестеріне алғысын айтып: «Мен атақ, даңқтан кенде емеспін. Әлемдік атақтарды да иелендім. Бірақ, мен үшін туған жерімнің құрметті азаматы атануым ең жоғары дәрежелі даңқ. Мерейтойымды кіндік қаным тамған жерде атап өту перзенттік борышым», – деді.

Мұнымен мерейтой иесінің құрметіне деген құттықтаулар толастаған жоқ. Қостанай, Көкшетау, Қарағанды, Алматы, Нұр – Сұлтан, Арқалық қалаларынан және Россия, Польша, Украина елдеріндегі әріптестері мен шәкірттері хабарласып, ZOOM платформасы арқылы ізгі тілектерін білдіріп, ғылым тұрғысында жинақтаған бай тәжірибелерімен бөлісті. Торғай мұражайлар кешенінің басшысы Гүлбану Құлетқызы баяндама жасап, еңбектерін насихаттады. Оразхан Аймақов өзінің білім алған Ы.Алтынсарин атындағы жалпы білім беретін мектебінде «Органикалық химия – этерификациясы» демонстрациялық экспериментті тақырыбында шеберлік сынып сағатын өткізді. Мәдениет үйінің өнерпаздары мерекелік ән – шашуларын тарту етті. Аудан орталығындағы мұражайларды аралап, естелік суретке түсті.

Байбатыр НИЯЗБЕКҰЛЫ


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31