Торғай төріндегі үлгілі әулет

 Ұрпаққа өнеге болған Қабден Ерәділовтің еңбекке толы өмірі.

Өнегелі қария, Жанкелдин ауданының Құрметті азаматы Қабден Ерәділов – адал еңбек пен отбасы бірлігінің жарқын үлгісі. Ұл-қыздарынан немере-шөбере сүйіп, ұрпақтарының қолында бақытты ғұмыр кешіп отырған Қабден ата мен Кенжегүл әже өмір жолын үлкен даңғыл деп айта аламыз.

Наурызнама онкүндігі аясындағы Шаңырақ күні – отбасы құндылықтары мен ата-баба дәстүрін дәріптейтін ерекше мереке. Бұл күні шаңырақтағы өнегелі өмір, ұрпаққа қалдырған мұралар еске алынып, отбасының бірлігі мен татулығы насихатталады.

Еңбек – адамзат тіршілігінің қайнар көзі, тәрбие бастауы. Осындай адал еңбегімен елге үлгі болып жүрген жандардың бірі – Торғай атырабының еңбек ардагері, зейнеткер Қабден Ерәділов. Ол өмір бойы маңдай терімен адал еңбектің қадірін танытқан азамат.

Қабден Ерәділов 1941 жылы 22 қаңтарда Жангелдин ауданының Саға ауылында дүниеге келді. 1948 жылы Саға ауылында 6 сыныпқа дейін оқыды. Кейін Албарбөгет орта мектебінде төрт жыл білім алып, Қарағанды қаласына қоныс аударады. 1960 жылы Торғайдағы училищені тәмамдап, тракторшы мамандығын алған.

1962-1965 жылдары әскери борышын өтеп келгеннен кейін автобаза мекемесіне жұмысқа қабылданып, сол жерде табан аудармастан зейнеткерлікке шыққанға дейін отыз жылға жуық еңбек етті.

Қабден ата алғаш үш тонналық ЗИС-5 көлігін тізгіндеуді бастаған. Одан кейін ЗИЛ көлігіне отырды. Заманында тәжірибелі жүргізуші атанды. Әсіресе, сексенінші жылдардың ортасында ол Ресейдің Тюмень, Челябі облыстарына, тіпті, қиыр солтүстіктегі Архангель сапарына дейін қатынап тұрыпты.

Ұзақ жолдардан қырық күннен астам жүріп, үйге оралған кездер болыпты. Ол уақытта қазіргідей ұялы байланыс деген жоқ, арасында қалалар мен үлкен елді мекендерден ауылға амандық хабар айтқаннан басқа не істей аласың?

«Мәскеу, Ленинград қалаларынан жүк тасып, ұзақ жылдар бойы алыс сапарларға шопыр болып еңбек етті. Кейде ұзақ жолдарда көлік бұзылады, оны өзің жөндеп, сапарыңды жалғастыруың керек. Бір орында көп уақыт тоқтап тұра да алмайсың, тапсырманы орындау қажет. Көлік қорабында келесі нүктеге жеткізетін тауарың бар», – дейді тәжірибелі шопыр.

1968 жылы Қабден Ерәділұлы Тобыл стансасы бойжеткен Кенжегүл апамен танысып, шаңырақ көтеріп, өнегелі отбасының негізін қалады. Жұбайы Кенжегүл апа ұзақ жылдар бойы «Балдырған» балабақшасында тәрбиеші болып жемісті еңбек етті. Бүгінде олар немере-шөбере бағып, отбасылық дәстүрін сақтап отыр.

Ерәділ ұрпағының еңбегі елеусіз қалмай, бірқатар жоғары марапаттарға ие болды. 1971 және 1981 жылдары екі мәрте «Еңбек Қызыл Ту» орденін кеудесіне тақты. 1975 жылы «Социалистік жарыс жеңімпазы» атанды. 1989 жылы «Еңбек ардагері» төсбелгісі иегері болды. 1990 жылы «Құрметті автокөлік қызметкері» құрметті белгісімен марапатталды. Тіпті, жекешелендіру кезінде тәжірибелі шопырға «Қабден Ерәділов атындағы» КамАЗ көлігі берілгенін сол заманның баға жетпес сыйы деуге болады.

Кейіпкеріміз кейін жеке шаруашылықпен айналысып, алыс-жақын бағыттарға қатынап, жемісті еңбек етті. КамАЗ көлігімен ауылдарға ағаш, басқа да құрылыс материалдарын тасымалдады.

Бүгінде 85 жасқа келген ардагердің жолын Қостанай қаласында тұратын ұлы Әліби жалғастырып келеді.

«Төрт-бес ағайынды едік, олардың бәрі өмірден өтті. Қазір әулеттің үлкені болып қалып отырмыз. Шүкір, ұрпақтарымыздың амандығын тілеп отырмыз», – дейді Қабден ақсақал.

Өңірге еңбегімен, мейман-достығымен, қайырымды қасиетімен танылған Қабден атамыздан тараған ұрпақ бүгінде бір қауым елге, іргелі әулетке айналды. Ұл-қыз тәрбиелеп, әрқайсысының өз жолын тауып кетуіне себепкер болып отырған асқар тау әке, ардақты ата. Әулеттің ұйытқысы, отбасының тірегі, кішіге қамқор, ағайынға жанашыр ретінде де өнегесі мол.

Отбасының әр перзенті де өз саласында еңбек етіп жүр. Тұңғыштары Мырзақазы Торғайда еңбек етеді. Қызы Айгүл – Қостанай облыстық Полиция департаментінде қызметте. Ұлы Азамат – қазақ күресінің майталманы, Арқалық қалалық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде белді бапкер.

Жастайынан көлік тізгініне отырған бозбала Қабден – бүгінде құрметті ақсақал. Тарих парақтарында қатталып қалған жылдарда елдің ертеңі үшін ерен еңбек сіңірген ақсақал құрметті демалысқа шығып, ауыл арасында ғана қалып қоймай, қоғамдық жұмыстарға да белсене араласуда.

Өміріне өкпесі жоқтығын алға тартқан Қабден Ерәділов бұрын өзі жүргізген «Камаз» көлігін өз ұлы Әлібиге аманат етіп берген екен. Саналы ғұмырының басым бөлігін жол үстінде өткізген атамыз «кейінгі ұрпақ бабалар үмітін ақтап, үлкенге деген құрметті ұмытпаса игі болар еді» деген тілегін айтты.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Суретті түсірген автор


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31

Просмотров: 3