«Торғай қызы» әнінің кейіпкері 90 жаста!
Тәуіш ауылында тұрады.
«Жайнаған дала көктемдей,
Шуағын жанға төккендей.
Торғай қызы салған ән,
Еркелеп маған жеткендей», – деген әдемі қайырмасы бар ән кез келген жанды жаурап алып кететін тамаша туынды.
Бұл әйгілі «Торғай қызы» әні.
Ал шығарма кейіпкері Күнжәмила Есекейқызы биыл 90 жасқа толады. Тоғыз бала өмірге әкелген алтын құрсақ ана 17 немере, 12 шөбере сүйіп отырған бақытты әже.
Күнжәмила Есекейқызы 1936 жылы Жангелдин ауданының Сарысу ауылында дүниеге келген. Бір үйдің жалғыз перзенті. Қаратүбек орта мектебінің тұңғыш түлегі оқуын үздік тәмамдапты. Алғыр да ұқыпты, зерек қыз Алматыға барып білім алуды армандайды. Алайда ата-анасы жалғыз қызын алысқа жіберуге қимайды. Сонда да бойжеткен мойымай, тағдырдың басқа жолын таңдайды. Қолына шопан таяғын алып, қой бағуға кіріседі. Сөйтіп, Торғай өңіріндегі жалғыз шопан қыз атанады.
Табиғатынан еңбекқор Күнжәмила Есекейқызы мойнына жүктеген ауыртпалыққа мойыған жоқ. Жеті жүз қойды төлдетіп, жоғары көрсеткішке қол жеткізді. Ерен еңбегімен ел аузына ілініп, аты аңызға айналды. Қаршадай қыздың қайсарлығы жұрт жадында сақталып, Алматыға делегат болып қатысып, абырой-беделі одан әрі арта түсті.
Жыл он екі ай аттан түспей, ерлермен иық тірестіріп еңбек еткен бойжеткенге арнап сол шақта ақын Серік Тұрғынбековтің сөзіне танымал композитор Болат Хамзин ән арнаған екен.
«Нәр алып күннен, жаралған гүлден,
Кеудемде күй боп толғайтын.
Қой жайып жалғыз, жапанда жүрген,
Қызы ғой ол да Торғайдың».
Айта кетейік, бұл шығарма мәтінінің авторы Серік Тұрғынбекұлы да биыл 80 жасқа толып отыр.
«Өмір бойы ауылда ағайынның ортасында тұрдық. Қайын аға, қайын аталарым бар. Солардың алдында ізет сақтап, бұл әннің маған арналғанын тіс жарып айтпадым. Бұл әнді маған ғана емес, барша Торғай қыздарына арналған ән деп қабылдауға болады. Алайда, қайда барсам да Торғай қызы орындалып, халық мені төбесіне хан көтеріп қарсы алып жататын», – дейді телефон арқылы әжемен хабарласқанымызда.
Негізі кейуана жас күнінде Алматыда оқуды армандаған екен, бірақ ата-ананың сөзін жерге тастай алмапты, оның үстіне еңбегі еленіп, көпшілік ән-жырына қосып жатты. Одан қалды, тұрмысқа шықты, үйдің қамы – ұрпақ қамы бар.
Кейіпкеріміз 1956-57 жылдары алғаш рет комсомол делегаты болады. Бұл жайында сол кездегі сегізінші сыныптың «Қазақ әдебиеті» оқулығына да енген екен.
1957 жылы халық ақыны Нұрхан Ахметбеков Сәт Есенбаевпен сөз сайыста:
«Қалайша қызымды айтпай жай қалайын,
Көргенде өз баламдай аймалаймын.
Қой бақты орта мектеп бітірген соң,
Қарағым, Күнжәмилам, айналайын.
Оңай ма жеті жүз қой жас балаға,
Ержүрек туған бала жасқана ма?!
Бәрі де сыйлық алып қырық жылдықта
Атағы мәлім болды астанаға», – депті.

Еңбегімен елге танылған өжет ару 1959 жылы Қабдыраш Төлебаевпен шаңырақ көтерді. Жолдасы тың игеру жылдарында маңдай терімен көзге түскен, еңбегі ел құрметіне бөленген білікті механизатор еді. Ерлі-зайыпты жандар бірін-бірі демеп, сыйластық, татулықпен алпыс бір жыл баянды ғұмыр кешті. Ұрпақ тәрбиелеп өсірді, оларға білім беріп, өмір жолына қанат қақтырды. Ал есімі Торғай дуанына мәлім, қырық жыл облыстық кеңесте депутат болған еңбек ардагері Қабдыраш ата 93 жасында дүниеден өтті.
«Торғай қызы» әні 1968 жылы жарыққа шықты. Бұл туындыны алғаш орындаған әнші – Рысты Ерденқызы. Бұл 1971 жылы болатын. Дәл сол жылы облыс ашылып, «Торғай әуендері» атты фестиваль ұйымдастырылған уақытта жас өнерпаз Рысты Ерденова аталған шығарманы орындап, бас жүлде жеңіп алыпты. Одан кейін де елге тарап кеткен тамаша туындыны Отаркүл Мұқатова, Ғазиза Жұмекенова, Бикен Махмутова, Ботагөз Дүбірбаева бастаған аға буын таланттар сахнаға шығарса, бүгінгі жас өнерпаздар арасында да жиі шырқалатын әндер қатарында.
Осындай өлең-жырға арқау болған кейіпкеріміз тоқсан жасқа келсе де, әлі тың. Тіпті, көзілдіріксіз газет-журнал оқиды. Жаңалықтардың бәріне қанық. Күнжәмила Есекейқызы кеңес дәуірінде Торғайдағы типографияда газет беттеуші қызметін атқарыпты. Бүгінгі жастарға менің жасымды берсін деп батасын беріп, ақ жол тілеп отырады. Кейінгі буынның ерінбей еңбек еткенін үнемі айтады екен.

Күнжәмила Есекейқызы қазір Тәуіш ауылында ортаншы баласы Бақыт пен келіні Кенжегүлдің қолында тұрады. Бақыт Төлебаев – бүгінде Жаркөл ауылдық округінің әкімі қызметінде. Ал келіні енесін алақанға салып, мәпелеп бағып-қағып отыр. Ардақты анаға көрсеткен құрметі мен жасаған қызметі үшін әжеміздің өзі де, әулеттің ұл-қыздарының да Кенжегүл жеңгемізге алғыстан басқа айтары жоқ.
Әжейдің ата-бабалары аруақты кісілер болыпты. Көрген түсін болжап, соны айтып отырады екен. Айтқаны бұлжымай келеді. Қара шаңыраққа келген жанның бәріне жүрек сөзін жаудырады. Ел мақтанышы Айбек Қалиевпен бірге айтыстың ақтаңгері, қызылордалық Мейірбек Сұлтанхан осы әулетке екі рет келіпті. Мейірбектің өзі де «әженің батасын алып, жолым болып жүр» деп айтып жүреді екен.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ, суреттер кейіпкердің жеке мұрағатынан алынды
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31