Торғай топырағында ұлттық өнердің тамырын тереңге жайып, оны бүгінгі ұрпаққа аман жеткізіп отырған аяулы жандар аз емес.
Солардың қатарында – кілем тоқу өнерін өмірлік серігіне айналдырған Қарлығаш Нұредденқызы Спабек. 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында осындай еңбекқор, шебер, ұлағатты аналарымызды ұлықтау – парыз.
Әжеден дарыған асыл өнер
Кілем тоқу ерте заманнан келе жатқан кәсібіміз болғанмен, ел арасында кенжелеп қалған өнер. Қарлығаш апа бала күнінен Зейнеп әжесінің қасында жүріп, жүн сабау, түту, иіру, бояу, арқау дайындау секілді кілем тоқудың бүкіл технологиясын көзбен көріп өсті. Ол кезде ауылдың әйелдері бұзаудың бас жібінен бастап, арқан-шылбыр, саптама етікке дейін өз қолымен әзірлейтін. Ешкінің түбітінен қолғап, бөкебай, ер адамдарға шалма тоқитын.
«1970 жылға дейін туғандардың бәрі кілем тоқуды білетін», – дейді шебер. Өйткені ол кезеңде кілем тоқу – тұрмыс тіршілігінің бір бөлігі еді.
Бірінші сыныпта өзіне арнап кілем құрылғанда өнерге алғаш қол тигізсе, төртінші сыныпта көрші үйде бір апта жатып, тоқу әдістерін тереңірек меңгереді. Сөйтіп, қызығушылық өмірлік құштарлыққа айналады.
Қарлығаш апа өрнекті (түкті) және терме (түксіз) кілем тоқу әдістерін жетік меңгерген. Ол сарыбай, қараман, арабы, кесте, алтыауыл секілді дәстүрлі түрлерін тоқып көрген. Кілем бетіне өсімдік, геометриялық және зооморфтық өрнектерді – қошқармүйіз, төртқұлақ сынды байырғы нақыштарды шебер үйлестіреді.
«Кілем тоқу – тек жіптерді айқастыру емес, ол – тарих пен тағдырды өрнектеу. Әр оюдың өз сыры, әр түстің өз мәні бар», -дейді ісмер.
Шебердің айтуынша, кілемнің арқауын дайындау, түр жіптерін бояу, жіпті иіру – бәрі де үлкен жауапкершілік пен төзімді талап етеді.
Ұстаздық пен өнердің үндестігі
Қарлығаш Нұредденқызы 1982 жылы Арқалық педагогикалық институтының физика факультетін тәмамдап, 41 жыл білім саласында еңбек етті. Мұғалімдік пен қолөнерді қатар алып жүрген ол ұрпақ тәрбиесіне де, ұлттық құндылыққа да бірдей қызмет еткен жан. 2019 жылы зейнеткерлікке шыққанымен, қолынан ұршығы түскен емес.
Зейнетке шыққан соң, аманат етілген үлкен кілем ағашын іске қосып, қайтадан тоқуды бастайды. Алғашқы кілемін қызының жасауына арнап тоқыған. Содан бері жылына бір кілем тоқуды дәстүрге айналдырған. Былтыр да бір түкті төсенішті жалғыз өзі тоқып шыққан.
«Қызыләскер совхозында (қазіргі Аралбай ауылы) атақты кілемші Салиқа Омарбекова деген кісі тұрды. Ол кісі облыстық, аудандық үлкен көрмеге арнайы тапсырыспен Амангелді Имановтың, Әліби Жангелдиннің портреттерін тоқыды. Салиқа апа шебер кісі еді. Ол кісі сүйекпен тоқитын. Мені кілемнің шетін тоқуға отырғызатын. Менің өріп-ширатқанымд қатты ұнататын. Мен ол кісіден қарсы тоқу, бос кесте, екі жіппен тоқу дегендерді үйрендім. Кейін Салиқа апа Арқалық қаласының кілем цехына арнайы шақырумен көшіп кетті. Ол кісі үйінде арнайы тапсырыстарды тоқитын, кілем цехында күндіз бригадир болып жұмыс жасады. Облыстың Құрмет тақтасында суреті ілулі тұратын, – дейді шебер.
Бүгінде Қарлығаш апа үш баладан алты немере сүйіп отырған ардақты әже. Балалары түрлі салада қызмет етіп жүр. Немерелеріне ұлттық өнердің қадірін түсіндіріп, қолдан келгенін үйретіп келеді.
Өткен жылы «Бір ауыл – бір өнім» жобасы аясындағы өңірлік жәрмеңкеге қатысып, Алғыс хатқа ие болды. Облыстық «Шебердің қолы ортақ» байқауында жүлделі орын алыпты.
8 наурыз – тек көктем мерекесі емес, ананың мейірімін, әйелдің еңбегін, шебердің шыдамын дәріптейтін күн. Қарлығаш апа – осы қасиеттердің бәрін бойына жинаған жан. Ол – ұстаз, ана, әже және ұлттық өнерің жанашыры. Осындай нәзік жандылардың арқасында қазақтың кілемі, оюы, жібі, жыры – бәрі де үзілмей, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Суреттер Қарлығаш Нұредденқызының жеке архивінен алынды
Биыл Арқалық қаласының құрылғанына 70 жыл толуына орай облыс бюджеті қайта қаралып, қомақты қаржы шаһарды…
Топливо будет поставляться в соответствии с графиком - с марта по июнь. (далее…)
Несмотря на определенные трудности в сельской школе в виде отсутствия современных технологий и возможностей, Юлие Николаевне хочется, чтобы…
Жерлесіміз Серік Тұрғынбекұлы – 80 жаста! (далее…)
В 2025 году сельхозформированиями области приобретено 1,3 тыс. единиц техники и агрегатов на 57 млрд…
Этот вопрос сегодня обсудили на аппаратном совещании с участием акима области Кумара Аксакалова. (далее…)
This website uses cookies.