Торғайда қолдан ерекше сөмке, аяқ киім тоқитын шебер

Данагүл Таутабаеваның есімі көпке таныс.

Қолөнер шебері Данагүл Таутабаева моншақтан қол сөмке, аяқ киім, бас киім тіпті түрлі шағын кілемшелер де тоқиды. Торғай ауылында тұратын ол ұлттық өнердің ұмыт бола бастағанын, қазір өзі немерелеріне, жалпы үйренемін деушілерге үйретуге дайын екенін айтып берді.


Жаркөл ауылында 1961 жылдың 29 шілдесінде дүниеге келген қарапайым ана, бүгінде бақытты әже. Қолы боста қарап отырмайды, Тұрмысқа қажетті түрлі бұйымдарды ерінбестен тоқиды. Оның қолынан шыққан небір дүниелерді көріп, газет бетіне жазбақшы болдық.

Кейіпкеріміз көпбалалы отбасында өсіп-жетілді. Анасы Биғаным ерте қайтыс болып, артында емшектегі інісі қалған қиын кезеңде әкесі Қараболат тоғыз баланы жалғыз өзі тәрбиелеп өсірді.

«Анамыз өмірден ерте кетті, бүгінде сол тоғыздың жетеуінің көзі тірі. Әкеміз бізді жетілдіремін деп, екінші рет үйленбей, бар өмірін бізге арнады», – деп өткен күндерді еске алады Данагүл апай.

Әкесі Қараболат ата 92 жасқа келіп дүниеден өтті. Оның ұрпағына үлгі болған ғұмырдың айғағы. Балалық шағында көрген қиындықтар Данагүл апамызды ерте есейтті, төзімділік пен еңбекке баулыды. 1982 жылы ол Ахмет Байтұрсынұлы атындағы ауылындағы Кенжеғұл Аманшин отбасына келін болып түсіп, үлкен әулеттің бір мүшесіне айналды.

Қайын атасы Кенжеғүл Аманшинның өнері ерекше болған. Құс баптап, тері илеп, балық аулаған шебер жанды ол ерекше құрметпен еске алады.

«Үлкен отбасыға келін болып түстім. Атам да, әжем де бар, анамыз сабырлы кісі еді. Сол кісілердің тәрбиесін көрдік Атам қарап отырмайтын, өте шебер кісі еді. Сол кісінің еңбегін көріп өстік», – дейді қолөнер шебері.

Тұрмыс тауқыметімен Қарақұм өңірінде мал бағып, еңбек етті. 1990 жылдардың басында аудандық депутат болды. Сол кезеңде де қол қусырып отырмай, бойындағы өнерін шыңдай түсті.

«Қарақұмда жүргенде де қарап отырмадым. Ілмекпен де, бізбен де тоқып жетілдірдім. Балалардың барлық киімдері өз қолымнан шықты», – дейді ол.
Кейіпкеріміз үшін тоқу – тек кәсіп емес, жан тыныштығы. Бұл өнер оған анасы мен әжесінен дарыпты.

«Кішкентай кезімде әжем мен анамның жанында жүріп, оған көмектесіп, осы өнерді үйреніп алдым. Бала кезде үйренген өнер бойға тез дариды ғой. Құр айтып, түсіндіргеннен гөрі көріп, жанында жүріп үйреніп алған дұрыс. Қолым үйреніп, әбден машықтанып алған соң тоқудан бас тарта алмаймын. Бұрын жүн жуу, түту, бояу, оны ұршықпен иірудің бәрін қолмен істейміз. Қыстай осы жұмысты атқарып, көктемнен бастап тоқушы едік. Анам марқұм «тоқыма тоқысаңшы» деп айтатын. Қазір тоқымасам отыра алмаймын. Ендігі міндет – үйренгенімізді үйрету. Ұрпақтан-ұрпаққа дарып келе жатқан соң мен де қыздарыма, немерелеріме үйретемін. Қазақ қыздары шебер болғанын ұмытпауымыз керек. Әрі қазір табыс көзіне айналды. Өнері бар адам қор болмайды. Сонымен бірге адамның денсаулығына да пайдалы. Өзім бүгінге дейін ауырмадым. Қой жүні мен одан жасалған бұйымдар түрлі дерттен қорғап тұрады деп айтады. Бұл менің ойым. Шыдам мен төзімділікті талап етеді. Әрі өз-өзіңмен жалғыз қалып, терең ойға шомыласың», – дейді шебер.

2020 жылы Алматы қаласында «Алтын қол» қолөнер курсынан өтіп, моншақтан түрлі бұйымдар жасауды үйренді. Кейін макраме жіптерін пайдаланып, бала тербететін әсем әткеншек те тоқып шығарды. Айта берсең, жасаған дүниелері көп. Қолөнерге арналған жіптерді арнайы Алматы қаласынан алдырып тұрады.

Алла берген 3 ұл, 3 қызын тәрбиелеп өсіріп, Жұмахан ағамен бірге барлығын қатарға қосты. Бүгінде ұлы Рауан Алматы қаласында тұрады. Екінші ұлы Жасұлан Жұмаханұлы суретшілікпен айналысып, жеке шеберханасын жүргізуде. Кенжесі Жасқыран үй ішін жиһазбен безендіреді. Қыздары да тұрмыс құрып, өз отбасыларының ұйытқысына айналған. Немерелерінің үлкені Ақмаржан Алматыда Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде оқып жүр.

Өнері ел ішінде де бағаланып, Торғай жерінде көрме ұйымдастырып, жұртшылықтың ықыласына бөленді.

«Мен ешқашан байып кетейін, танымал болайын деп тоқыған жоқпын. Жай ғана өзімнің қызығушылығым, жанымның тыныштығы. Өнерден қол үзгім келмейді, әрі қарай да жалғастыра беремін , – дейді кейіпкеріміз.

Бүгінде зейнеткерлік жасқа жеткен ол жұбайы Жұмахан ағамен бірге қарапайым ғұмыр кешуде. Өмірдің түрлі сынақтарына қарамастан, сабыр мен шүкіршілікті серік еткен жан өзін бақытты ана, бақытты әже санайды.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Суреттер кейіпкердің жеке архивінен алынды

Редактор

Поделиться
Опубликовал
Редактор

Недавние новости

На карасуском участке республиканской трассы вновь ДТП

Загруженная автодорога «Костанай-Аулиеколь-Сурган», по которой ежедневно проходит до 13 000 единиц техники, к сожалению, нередко…

12 минут назад

Юные аулиекольцы сияли на танцевальной арене в Астане

Феерично о себе заявил хореографический коллектив «Капризульки». (далее…)

1 час назад

Жительница Наурзумского района София Полякова через домбру открывает для себя богатство казахской культуры

Наурзумская земля издавна считается местом, где бережно сохраняются и передаются из поколения в поколение культура…

3 часа назад

Лед взорвали на реке Тобол в Камыстинском районе

Взрывные работы на льду состоялись 19 марта близ села Пушкино. (далее…)

1 день назад

Жители села Набережное Денисовского района оказались отрезаны от внешнего мира

С наступлением теплых погодных услови дорогу к населенному пункту полностью затопило. По словам местных жителей,…

1 день назад

This website uses cookies.