Ұлттық өнер – халықтың жадын жаңғыртып, рухын асқақтататын асыл қазына.
Соның ішінде күй өнері – қазақ халқының тарихын, тағдырын, қуанышы мен қасіретін үнмен сөйлеткен теңдессіз мұра. Осы асыл өнерді дәріптеу, жас ұрпақтың санасына сіңіру мақсатында өткен жұма күні Б.Хамзин атындағы өнер мектебінің ұйымдастыруымен «Күй керуені» атты мәдени-танымдық кеш жоғары деңгейде өтті. Рухани шара Н.Ахметбеков атындағы мәдениет үйінің мәжіліс залында ұйымдастырылып, аудан жұртшылығының зор қызығушылығын тудырды.
Өнер кешінің негізгі мақсаты – ұлттық күй өнерін кеңінен насихаттау, жас ұрпаққа күй құдіретін тереңінен таныту, сондай-ақ халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан рухани мұрасын ұлықтау. Бұл мақсат кештің мазмұнынан, қойылымдық құрылымынан және орындаушылардың шеберлігінен айқын аңғарылды.
Кеш шымылдығы Қорқыт бабаның көне сарынынан басталып, көрерменді тарих тереңіне жетеледі. Одан кейін күй атасы Құрманғазының өршіл туындылары, Қазанғаптың философиялық күйлері, күй анасы атанған Дина Нұрпейісованың сырлы шығармалары орындалды. Сонымен қатар жергілікті композиторлардың таңдаулы күйлері де көрермен назарына ұсынылды. Әрбір орындалған күйдің шығу тарихы, мазмұны мен мағынасы жүргізуші тарапынан кеңінен баяндалып, тыңдарманға танымдық тұрғыда мол ақпарат берілді. Бұл кешті тек концерт емес, рухани сабақ деңгейіне көтерді.
Б.Хамзин атындағы өнер мектебінің өкілі Гүлдана Сәрсенгелдинаның айтуынша, «Күй керуені» алғаш рет арнайы сценариймен, танымдық бағытта ұйымдастырылған.
«Бұл кештің басты ерекшелігі – сахнада тек күйлердің орындалуы және әр күйдің тарихының көрерменге түсіндіріліп отыруы. Қорқыт пен Құрманғазының күйлері орындалғанда, залда отырған жұртшылықтың рухани серпілісі анық сезілді. Тыңдарман күйдің үнін ғана емес, оның терең мазмұнын да қабылдады», – дейді ол.
Кеш барысында Б.Хамзин атындағы өнер мектебінің «Дала сазы» ансамблі мен оқушылардан құралған «Жас талап» ансамблі сахна төріне шығып, ұлттық аспапта орындау шеберліктерін көрсетті. Домбыраның қоңыр үні, қобыздың сырлы сазы көрермен жүрегінен жол тауып, жас өнерпаздардың талантына тәнті етті. Ансамбль мүшелерінің үйлесімді орындауы мен сахна мәдениеті олардың жүйелі дайындық пен ұстаз еңбегінің жемісі екенін айқын көрсетті.
Көрермен қауым кеш барысында ерекше әсерге бөленіп, ұлттық өнердің құдіретін терең сезінді. Әсіресе жастар мен мектеп оқушыларының көптеп қатысуы – кештің басты жетістіктерінің бірі. Бұл – ұлттық өнердің болашағы бар екенін, күй өнеріне деген қызығушылықтың артып келе жатқанын аңғартты.
Кеш соңында аудан әкімі Дінмұханбет Бидашев сөз сөйлеп, өнер кешін ұйымдастырушыларға ризашылығын білдірді. Ол ұлттық өнерді дәріптеудің маңызын атап өтіп, жас музыканттарға шығармашылық табыс пен биік жетістіктер тіледі.
– Күй – халқымыздың рухани коды. Осындай тағылымды шаралар арқылы жас ұрпақ өз тамырын таниды. Өнерлі жастарға қолдау көрсету – біздің ортақ міндетіміз, – деді аудан әкімі.
«Күй керуені» кеші ұлттық өнерді ұлықтаған, тәрбиелік мәні зор, мазмұны терең мәдени іс-шара ретінде көпшіліктің көңілінен шықты. Мұндай рухани кештер халықтың өнерге деген сүйіспеншілігін арттырып қана қоймай, ұлттық құндылықтарды сақтау мен ұрпақ санасына сіңіруде маңызды рөл атқаратыны сөзсіз.
Шұғыла ЖАҚСЫЛЫҚ
Суреттер Б.Хамзин атындағы өнер мектебінің өкілі Гүлдана Сәрсенгелдинадан алынды
«Ұлттық қор – балаларға» бастамасы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқына 2022 жылғы…
Как известно, стадия уголовного досудебного расследования начинается с регистрации заявления, сообщения об уголовном правонарушения. (далее…)
Такие данные озвучены в Карасуском отделе полиции во время проведения заседания круглого стола. (далее…)
Еңбектің жалынына шыдап, маңдай терімен күнкөріс қамын жасап жүрген әр маманның қоғам алдындағы жауапкершілігі өлшеусіз.…
В мероприятии приняли участие прокурор Мендыкаринского района Ерлан Сарсенов, глава района Габит Бекбаев и представители…
Жақында аудан орталығында қоғам және мемлекет қайраткері Жақан Қоса-баевтың 85 жылдық мерейтойына және студент жастардың…
This website uses cookies.