Торғайда Жанбақыт Қасымжан «Жігіт сұлтаны – 2026» атанды
Барлық кезеңнен мүдірмеді.
Торғайда өткен аудандық «Жігіт сұлтаны – 2026» байқауында Көкалат ауылының намысын қорғаған Жанбақыт Қасымжан бас жүлдені жеңіп алып, «Жігіт сұлтаны» атанды.
Отан қорғаушылар күніне орай ұйымдастырылған тағылымды шара ұлттық рухты ұлықтап, қазақ жігітінің бойындағы өнерді, білімді, күш-қайрат пен парасаттылықты дәріптеуге арналды. Байқауға қатысушылар бірнеше кезең бойынша сынға түсіп, жан-жақтылықтарын паш етті.
«Тегін білген текті жігіт» атты таныстыру бөлімінде қатысушылар өздерінің шыққан ортасы мен тәрбиесін таныстырса, «Өнерлі жігіт – өрге жүзер» кезеңінде ән айтып, домбыра шертіп, өнерлерін көрсетті. Сонымен қатар, қол күресі мен гір тасын көтеру секілді күш сынасу кезеңдері де тартысты өтті.
Интеллектуалдық бөлімде қатысушылар қазақ халқының тарихы, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы бойынша қойылған сұрақтарға жауап беріп, білімдері мен тапқырлықтарын байқатты.

Байқау жеңімпазы Жанбақыт Қасымжан қазіргі таңда Ахмет Байтұрсынұлы атындағы өңірлік университеттің «Актерлік шеберлік» мамандығы бойынша 4-курста білім алып жүргенін айтты.
– Байқауға аса қатты дайындалған жоқпын. Бір кеште сәлемдесу мен таныстыру мәтінін жазып шықтым. Домбырамен Болат Молдашовтың «Торғайдың атырабы» әнін орындадым. Күш сынасу кезеңдерінде спортпен тұрақты айналысқанымның көмегі тиді деп ойлаймын, – деді жеңімпаз.
Байқау қорытындысы бойынша екінші орын Әсет Қайыржанұлына бұйырса, үшінші орынды Азат Үмітқали иеленді.

Сондай-ақ, Тұрғанбек Наурызбек «Білімді жігіт» номинациясын жеңіп алса, Нұрперзент Сәбитбек «Көрермен көзайымы» атанды.
Жеңімпаздар мен барлық қатысушылар дипломдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Суреттер Жанкелдин ауданы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінен алынды
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31
Просмотров: 1