Торғайдың Ақкөлі табиғи әлеуеті зор ауылда туризм дамымай отыр

Жанкелдин ауданының шалғайындағы Ақкөл ауылы – табиғи ресурстарға бай, алайда сол байлықты толық пайдалана алмай отырған елдімекен.

Ауыл маңында шипалы ыстық су мен емдік қасиеті бар Қаратұз көлі орналасқан. Соған қарамастан, жол, сервистік қызмет, санитарлық жағдай секілді мәселелер шешілмей келеді. Туристер өз бетінше келіп-кеткенімен, ауыл экономикасына нақты пайда түсіретін жүйе қалыптаспаған.
Талай әңгімеге арқау, талай тарихқа куә мекен
Ақкөл ауылы – аймағымыздың ең шалғай елдімекендерінің бірі. Торғайға дейін тақтайдай асфальтпен жүйіткіп, Шұбалаңнан солға бұрылғаңыз сол екен – алдымен шифер болып қалған дірілдек көтермемен Қабырға өзенінің көпіріне дейін жетесіз, әрі қарай Ақкөлге дейін ақшаңдақтатып отырып жетесіз. Жазда нөсер, қыста боран кезінде қатынастың машақатын аз тартпайсыз. Ұшы-қиыры жоқ далаға қарап сүйініп бір аласыз, асфальт төселмеген ойдым-ойдым көтерме жолды көріп күйініп бір аласыз…
Ал ауылға жеткеннен-ақ жаныңның жадырап сала кететінін айтсаңызшы. Аққу қонып, қаз ұшқан, беті жыртылып-айырылған құсқа, суы шортан мен сазанға толы, «бақасы қойдай шулаған, балығы тайдай тулаған», талай әңгімеге арқау, талай тарихқа куә, айнадай жарқырап жатқан Ақкөл көлі туралы талай ән шығарылып, жыр арналды. Жарықтық ел орнында, тоқсаныншы жылдардың қысылтаяң шағынан бері іргесі сөгілген жоқ. Бүгінде ауылда 74 отбасы түтін түтетіп отыр. Елді мекен халқының жалпы саны – 357 адам.
Ауыл тұрғындарының негізгі кәсібі – мал шаруашылығы. Қазіргі таңда ауылда 1200 бас жылқы, 1200-ден астам ірі қара және 1500-ден аса ұсақ мал бар. Сондай-ақ елді мекенде 9 жеке шаруа қожалығы тұрақты жұмыс істеп келеді.
«Қазіргі таңда ауылға жол қатынасы жақсы. Бораннан кейін жол аршылып, қар тазаланып тұрады. Ауылға жол жөндеуге қаражат аудан бойынша аудан бюджетінде қаралады», – дейді Ақкөл ауылдық округінің бас маман Гүлжанат Жұмабай.
Шипалы су неге қараусыз?
Ақкөл ауылынан 12 шақырым жерде жер астынан ағып жатқан шипалы су бар. Бұл мекен Тентексай деп аталады. Ауру-сырқауына, әсіресе, тері ауруымен ауыратындар алыс-жақыннан мұнда жиі келеді. Ақкөл ауылына келген қонақтар жолшыбай осы ыстық суға шомылмай өтпейді. Ауылдағы ағайынның айтуынша, бұл шипалы су көзі 1989 жылы табылған. Сол жылдары Башқұртстаннан келген геологтар осы өлкеде бұрғылау жұмыстарын жүргізу барысында анықтапты. Дайын суға құбыр орнатылыпты сол кезде. Құбыр бойымен жоғары атқылаған ыстық су маңайға жайылып, қазір кішігірім көлшікке айналған. Мұнда жаз мезгілі туғанда сырттан келушілердің қатары көбейеді. Олар отбасымен бірге басына түнеп жатып ем қабылдайды. Судың шипасы теріге шыққан жараларды ғана жазбайды, буын ауруларына да бірден-бір ем. Өйткені, судың орташа температурасы 56 градус ыстықты көрсетіп тұр. Жаздың күндері 70 градусқа дейін қайнайды екен. Ол кезде шомылу тіпті мүмкін емес. Табиғаттың тылсым күшіне таң қаласың. Қол-аяғыңды батырсаң, кәдімгідей қыздырады.
«Зертханада тексергенде бұл судың құрамында йод, феррум, күкірт бары анықталған. Оны ешқандай зертханасыз да байқауға болады», – дейді ауылдықтар.
Шынында да ыстық су ағып жатқан көлшіктің жиегі күкіртке, темір ұнтақтарына ұқсайтын қиыршықтарға толы. Су астындағы қара батпақтың да емдік қасиеті бар. Оны, тіпті, ыдыстарына салып әкететіндер де бар. Бұл қыста да қатпайды, буы бұрқырап ағып жатады. Алыстан арнайы дертке дауа іздеп келгендерге қиын-ақ. Өйткені, маңайында ешқандай ем алып, қонып жатуға жағдай жасалмаған. Сондықтан ауылдықтар алдағы уақытта шипалы су емделетін орынға айналса екен дейді.
– Ыстық су маңайына 1,5 гектар жерді Емберген Нұрман деген кісі 2022 жылы жалға алып еді. Халыққа қызмет көрсету үшін басына орнатқан ванналар өткен жылы су тасқыны кезінде құлатып кетті. Мұның бәрі алдағы уақыттың еншісінде, – дейді  Ақкөл ауылының әкімі Балғабай Қалиев.
«Тұзға иелік ететін инвестор табылмай отыр»
Облыс орталығынан алты жүзден астам шақырым қашықтықта жатқан Ақкөл ауылындағы Қаратұз бірнеше жылдың көлемінде аяқ астынан жалпақ жұртқа танымал болды. Жергілікті халық осы бір табиғат жауһарының ластанбай, маңайының таза болғанын қалайды. Келушілердің қоқыс қалдықтарын тастап кетпей, айналасын жинап-тазалап кеткеніне не жетсін. Ал бұл тұздың дертке шипа екенін жергілікті тұрғындар бұрыннан біледі. Жаз айы туысымен мұнда еліміздің әр өңірінен, сонымен қатар Ресейден де саяхатшылар жиі келеді. Дегенмен биылғы адам қарасы тым көп. Осы көлдің маңы адам аяғынан арылмады. Себебі тұзы дертке ем.
«Бұрын бала күнімізде ата-әжелеріміз киіз үйін көтеріп, тұзға кеттік деп айтатын еді. Сол осы Қаратұз» дейді бізбен әңгімесінде ауыл тұрғындары.
Суының түсі мөлдір, аспан түстес көгілдір. Ақкөлден 22 шақырым жерде орналасқан. Аумағы шамамен 9,7 шаршы шақырымға жуық, тереңдігі – 18 метр. Тұздың қоры 40 миллион тонна. Көлдің лайы мен тұзы сүйекке, теріге өте жақсы әсер етеді. Салқын тигенде бөлме температурасындағы балшықты тұзды денеге тартса, өте жақсы қыздырады дейді білетіндер.
Ақкөл ауылының әкімі Балғабай Қалиевтің айтуынша, бұл табиғат байлығының құнарлылығы әлемге танымал «Илецк» және «Аралтұз» сияқты өңделген, йодталған тұздармен тең. Тұз Қостанай облысы бойынша тек екі-ақ жерде болса, соның бірі осы ауылда. Осыдан 5-6 жыл биыл мұнда демалушылардың бірі әлеуметтік желіге салып жібергеннен кейін ойдан-қырдан ағылып келушілердің қатары тым көбейген. Сол келгендердің кейбірі қоқыстарын әр жерге тастап кетіп жатады. Алайда ауыл әкімі әзірге оның тұзды көлді иелікке алған инвестордың жоқтығын айтады:
-Тұзды суға қызығушылық танытқандар болғанымен, нақты қолға алған инвестор жоқ.  Табиғаттың теңдесі жоқ сыйы ғой бұл. Осы жерге туристер келіп демалатындай орын ашсаң деген ұсыныс айтып келеміз. Басында ештеңе жоқ. Алыс-жақыннан келгендерге басына ем-дом алатындай жағдай жасалса, – дейді ол.
Шетелдік туристердің қызығушылығын оятқан Қаратұздың, оның құрамы зертханалық зерттеуді қажет етеді. Сонымен қатар көлдің табиғи сұлулығын сақтап қалу үшін тұзды көлге баратын жолға белгілер қойып, бірнеше әжетхана мен қоқыс контейнерлерін орнату керек-ақ. Қаратұздың суы, тұзы мен батпағы расында адамға шипалы екені дәлелденсе, инфрақұрылымын қолға алатын кәсіпкерлер де табылып қалар.
Ауылда көші-қон тұрақты, дегенмен…
«Ауылда көші-қон тұрақты, тек бірен-саран тұрғын ғана өз еркімен көшіп жатыр. Қазіргі таңда мектепте 1–11 сыныптар аралығында 76 оқушы білім алады. Соңғы жылдары туу көрсеткіші төмендеп келеді», – дейді Гүлжанат Жұмабай.
Өткен жылы ауылда балаларға арналған футбол алаңы салынды. Жаз мезгілінде бұл алаңда оқушылармен қатар ауыл жастары да бос уақыттарын тиімді өткізіп, спортпен шұғылданады. Алайда ауыл орталығында мәдениет үйін салу мәселесі әлі күнге дейін шешімін таппай отыр. Бас маманның айтуынша, соңғы екі жыл қатарынан осы мақсатқа бөлінген қаржы кері қайтарылған. Бұған қаражат көлемінің жеткіліксіздігі себеп болып, мемлекеттік сатып алу конкурсына бірде-бір мердігер қатысуға ниет білдірмеген.
Ал ауыл әкімі биылғы жоспарлардың ауқымды екенін атап өтті. «Туған жерге тағзым» акциясы аясында сыртта жүрген жерлестерді ауылдың көркеюі мен өркендеуіне үлес қосуға шақыру көзделіп отыр. Сонымен қатар жаңа жұмыс орындарын ашу мақсатында бизнес жобаларды қолдау, кәсіпкерлікті дамыту арқылы жұмыссыздық деңгейін төмендету жоспарланған. Бұдан бөлек, ауылішілік алты көшенің автомобиль жолдарын орташа жөндеу жұмыстары күн тәртібінде тұр.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Суреттерде: ауылдың тыныс-тіршілігі.
Редактор

Поделиться
Опубликовал
Редактор

Недавние новости

Сколько детей смогут поступить в специализированные школы в Костанайской области?

Об этом на брифинге РСК сообщила пресс-секретарь управления образования Костанайской области Анна Лазарева. (далее…)

59 минут назад

С 1 апреля текущего года начнется прием детей в первый класс

Ожидается, что в этом году в школы области придут порядка 9 тысяч первоклассников. (далее…)

20 часов назад

Больше 5 тысяч новых квартир: как в Костанайской области наращивают строительство жилья

В Костанайской области продолжают выполнять поручения Президента по повышению доступности и качества жилья. О результатах…

23 часа назад

Сарыкольский район занял первое место в областной зимней Гимназиаде школьников

Юные спортсмены района показали высокий результат на соревнованиях, посвящённых 185-летию со дня рождения Ыбырая Алтынсарина.…

1 день назад

Торғай даласында жоғалған Қостанай тұрғыны боранда аман қалды

Үш күн бойы іздестірілген азамат қарлы боранда далада түнеген. (далее…)

1 день назад

This website uses cookies.