Торғайдың Тәуіш ауылында 300 орындық заманауи дәмхана салынып жатыр
Құрылыс жұмыстарының 70 %- ға жуығы орындалды.
Тәуіш ауылында жалпы құны 70 миллион теңгені құрайтын «Жол бойындағы кафе» нысанының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Жаңа нысанды осы жылдың аяғында пайдалануға беру жоспарланған. Бұл туралы Тәуіш ауылдық округінің әкімі Бақыт Төлебаев хабарлады.
Көктемгі су тасқыны кезінде жергілікті кәсіпкер Айбол Қасымхановтың 80 орындық шағын дәмханасын су шайып кеткен еді. Мемлекеттік қолдау аясында келтірілген шығынды өтеу үшін кәсіпкерге 23 миллион теңге өтемақы төленді. Бөлінген қаражатқа қоса, кәсіпкер өз тарапынан 50 миллион теңгеден астам жеке инвестиция құйып, нысанды айтарлықтай кеңейтуді ұйғарды. Бұрынғы сыйымдылығы 80 орын болға болса, қазіргі жаңа ғимарат сыйымдылығы – 300 орынға шақталған. Құрылыс жұмыстарының 70%-ы орындалды.

«Ғимаратта барлық заманауи жағдай жасалған: жылы еден төселіп, кең асхана, бар, жуынатын бөлмелер мен мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған арнайы инфрақұрылым қарастырылған», – деп атап өтті ауыл округінің әкімі.
Айта кету керек, Жанкелдин ауданында кәсіпкерлікті дамытудың Ұлттық жобасы да белсенді іске асуда. Әлеуметтік осал топтағы 13 азаматқа қайтарымсыз грант бөлу жоспарланған. Бүгінгі таңда 8 өтінім оң шешімін тауып, мақұлданды.
Жаңа дәмхананың іске қосылуы жол бойындағы сервисті дамытып, ауыл тұрғындары үшін жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Суреттерді жолдаған – Тәуіш ауылының әкімі
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31