Жангелдин ауданы: Ауыл мектебіне жасанды интеллект не береді?

 Қостанай облысындағы ауыл мектептерінде жасанды интеллектіні қолдану үрдісі бірте-бірте еніп келеді.

Бұл технология ауыл мен қала арасындағы білім сапасының алшақтығын азайтуға бағытталған.

Облыстық білім басқармасының мәліметінше, аймақтағы 332 ауыл мектебінің бірі – Жангелдин ауданындағы Шилі ауылындағы Қайнекей Жармағамбетов атындағы мектеп. Интернетпен, атап айтқанда Starlink жүйесімен толық қамтылған бұл білім ордасында мұғалімдер мен оқушылар жасанды интеллектіні белсенді қолданады. Мектеп директоры Дастан Абдуллиннің айтуынша, бұл бағытта ешқандай қиындық жоқ.

Жасанды интеллект педагогке қосымша әдістемелік материал іздеуге, оқушының деңгейіне сай тапсырма дайындауға және күрделі тақырыптарды әртүрлі тәсілмен түсіндіруге мүмкіндік береді. Ал оқушылар қажетті ақпаратты өз бетімен іздеп, түсінбеген жерін қайта қарау үшін пайдаланады. Мысалы, аталмыш мектептің 6-сынып оқушысы Амина Аманулла ЖИ-ді есептің шығарылу жолын табу, мәтін жазу, идея ойлап табу және шет тілдерін үйрену үшін көмекші ретінде қолданады. Дегенмен ол дайын жауапты көшіріп алмай, ақпаратты өзі түсініп, білімін толықтыру маңызды екенін атап өтті.

Қостанай облысында ЖИ-ді енгізудің маңызды бағыттарының бірі – оқушының біліміндегі олқылықтарды анықтау. Ол үшін Testter.kz платформасы қолданылуда. Облыстық білім басқармасының басшысы Ардақ Бегатаровтың айтуынша, өткен оқу жылында 11 мектепте сынақтан өткен пилоттық жоба тиімді нәтиже көрсеткеннен кейін, жаңа оқу жылынан бастап облыстың 111 мектебіне енгізілді.

«Нейрожелілер мұғалімді алмастыра алмайды, өйткені олар баланың жүрегіне жол таба алмайды. Алайда педагог үшін тиімді көмекші бола алады», – деді Ардақ Бегатаров.

Жүйе оқушының нәтижелерін талдап, нақты қай тақырыптан қиналып жүргенін көрсетеді. Соның негізінде мұғалім әр балаға жеке тапсырма таңдап, білім беру біртіндеп жеке оқу траекториясына ауысады.

Ауыл мектептерінің мүмкіндігін арттыруға бағытталған бұл жобаға облыстағы 63 шағын жинақты және 21 толық жинақты мектеп қатысып отыр. Бағдарлама шеңберінде:

Astana Hub қолдауымен 7 мектепте бағдарламалау бойынша оқыту жүргізілді;

«eData.kz» серіктестігі арқылы 60 мектеп Canva, Quizizz, Google және BookR сервистеріне қол жеткізді;

Барлық мұғалім «Өрлеу» платформасында «Оқу процесі және ЖИ: генеративтік модельдер мен промпт-инжиниринг өнері» курсынан және «Ustazga AI» онлайн курстарынан өтті.

Шұға Қоңқабай
Сурет Қайнекей Жармағамбетов ЖББ мектебінен алынды


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31

Просмотров: 3