2027 жылғы көктемгі су тасқынына дайындық облыс әкімдігінде өткен аппарат кеңесінде талқыланды.
Жиында Жангелдин ауданының әкімі Дінмұханбет Бидашев онлайн форматта баяндама жасап, жағалауды бекіту, өзендердегі мұз кептелістерінің алдын алу және төтенше жағдайға қажетті күш-құралдарды әзірлеу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.
Көктемгі су тасқынына дайындық – алдын ала қамдануды, нақты жоспар мен үйлесімді жұмысты талап ететін маңызды міндет. Осы бағытта Жангелдин ауданында елді мекендердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ықтимал су басу қаупін азайту бойынша бірқатар шара қолға алынған.
Атап айтқанда, Ахмет Байтұрсынұлы ауылының іргесіндегі жағалау аумағын су басудан қорғау мақсатында бекіту жұмыстары жүргізілді. Бұл мақсатқа 15,7 миллион теңге бөлініп, қаражат толық игерілген. Нәтижесінде ұзындығы 1 шақырым 200 метр, биіктігі 2 метр болатын жағалау нығайтылды. Жұмыс барысында топырақ төсеу, тегістеу және бекіту шаралары толық орындалды.
Алдағы көктемде мұз кептелістерінің алдын алу да назардан тыс қалған жоқ. Саға ауылдық округіне қарасты Қызбел ауылындағы Сарыөзен өзенінде, Жаркөл ауылдық округіндегі Тәуіш өзенінде және Албарбөгет ауылдық округінің Көлқамыс ауылы маңындағы Қабырға өзенінде мұзды қопсыту үшін жару жұмыстарын жүргізуге өтінім беру жоспарланып отыр.
Аталған өзендердегі мұз массасының болжамды көлемі де есептелген. Атап айтқанда, Сарыөзен өзенінде – 5 238,2 текше метр, Тәуіш өзенінде – 4 000 текше метр, Қабырға өзенінде – 4 400 текше метр мұз бар деп болжануда. Мұндай алдын алу шаралары көктемгі су деңгейі көтерілген кезде мұз кептелістерінің пайда болу қаупін төмендетуге бағытталған.
Су тасқынының алдын алу тек инженерлік жұмыстармен шектелмейді. Тұрғындардың қауіпсіздігі мен төтенше жағдай кезінде дұрыс әрекет етуі де маңызды. Осыған байланысты ауданның төтенше жағдайлар бөлімі мен №27 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері бірлесіп, ауылдар мен ауылдық округтердегі қыстақтарды, қауіпті аймақта орналасқан тұрғын үйлерді және шалғай елді мекендерді қамтитын түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.
Тұрғындарға су басу қаупі туындаған жағдайда хабарлау тәртібі, эвакуация кезінде жиналатын орындар және қауіпсіздік талаптары түсіндіріліп, арнайы жадынамалар таратылады.
Сонымен бірге төтенше жағдайға жедел ден қою үшін қажетті материалдық-техникалық қор әзірленген. Аудан бойынша 15 мың қапшық, 3 моторлы қайық, 3 резеңке қайық, 33 мотопомпа, 4 бензин генераторы және 11 тонна жанар-жағармай қоры дайындалды.
Бұдан бөлек, ықтимал төтенше жағдай кезінде тұрғындарды азық-түлікпен және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін жеке кәсіпкерлермен келісімшарттар жасалған. Қажетті техникаларды жедел жұмылдыру мақсатында көлік иелерімен де тиісті келісімдер бекітілген.
Аппарат кеңесінде Саға ауылының қауіпсіздігіне қатысты нақты ұсыныс та айтылды. Жангелдин ауданының Қызбел ауылдық округіне қарасты Саға ауылы аумағындағы Сарыөзен өзенінің тармағын жабу және су ағысының бағытын реттеу қажеттігі көтерілді.
Бұл жұмыстар елді мекенді ықтимал су басудан қорғауға бағытталған. Аудан әкімі аталған шараларды уақытылы әрі сапалы орындау үшін 7 миллион теңге көлемінде қаржылай көмек көрсету мүмкіндігін қарастыруды сұрады.
Жалпы, Жангелдин ауданында 2027 жылғы көктемгі су тасқынының алдын алу жұмыстары бірнеше бағытта жүргізілмек. Жағалауды бекіту, өзендердегі мұз кептелістеріне қарсы шаралар қабылдау, тұрғындарды алдын ала ескерту және қажетті күштер мен құралдарды әзір ұстау – ауданның су тасқыны кезеңіне дайындық жоспарының негізгі бөлігі.
Алдағы кезеңдегі басты міндет – жоспарланған жұмыстарды белгіленген мерзімде орындап, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және көктемгі су тасқынының ықтимал зардаптарын барынша азайту.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ,
Сурет облыс әкімінің баспасөз қызметінен алынды
В Костанайской области продолжается реализация принципа «Заң мен тәртіп» («Закон и порядок»), направленного на укрепление…
Сегодня, 13 октября, глава региона провел совещание, на котором заслушал все подразделения, отвечающие за безопасное…
Туған жерді түлету ағаш отырғызудан басталады. (далее…)
Павел Щедрин более 25 лет заведовал музеем департамента полиции. (далее…)
У каждого человека есть свой способ оставаться в движении. (далее…)
Подрядная организация ИП «Пастушок» приступила к финальной уборке клумб и очитке территорий. (далее…)
This website uses cookies.