Жангелдин ауданында өткен ауылшаруашылық жәрмеңкесіндегі баға көңіл көншітпеді

Аудан орталығында өткен ауылшаруашылығы жәрмеңкесіне Торғай, Шеген ауылы және Жаркөл ауылдық округі белсенділік танытты

Олар ет, сүт, құрт, сүзбе, май, ұн өнімдерімен тәтті тоқаштар әкеліп, төмендетілген бағамен сатылымға шығарды. «Береке» базарындағы жәрмеңкеге келгендердің қатары көп болды. Тұрғындар тарапынан реніште айтылды. Жәрмеңке сатылымындағы баға азық – түлік дүкендеріндегі бағадан айырмашылығы жоқ деп базыналарын білдірді. Енді бірі нарықтағы бағадан 20 – 30 теңге ғана арзан екендігін алға тартты. Мүмкін бірқатар ауыл, ауылдық округтар келе алмағандықтан баға түсіміне әсер еткен шығар деп бір – бірін сабырға шақырды.

– Ауылшаруашылығы тауарларын сатылымға шығаратын жәрмеңке айына екі рет ұйымдастырылып отырса жақсы болады. Бәсекеге қабілетті ел боламыз деп бәсекелестікті басқа арнаға бұрып жібердік. Нарықтағы баға өсімі күн сайын көтеріліп барады. Аудан орталығындағы дүкендердегі азық-түлік бағасында еш айырмашылық жоқ. Бәрі бір бағаны ұстап тұр. Жеке кәсіпкерлер арасында бәсекелестік байқалмайды. Сондықтан ауылшаруашылығы жәрмеңкесін ұйымдастыруды біржолға қойып, сұранысқа ие өнімдерді көптеп алып келсе, лезде өтіп кетер еді. Шындығы керек, қажет кезінде сүт, май, құртты ауылдардан тапсырыспен алдырамыз. Ауыл таксистеріне рахмет бір ауыз сөзімізді жерге қалдырмай үйімізге жеткізіп береді. Қазір тегін ештеңе жоқ. Алғысымызды айтып, қолдарына 500 теңгені ұстатып жібереміз. Жәрмеңке болатын кезде халыққа алдын ала хабарлап, құлақ қағыс қылған дұрыс. Үлкен кісілер әлеуметтік желілерді қолдану білмейді. Мәдениет үйінің алдына хабарландыру жазып іліп қойса адамдар оқып, бір-біріне айтар еді, – дейді жәрмеңкеге келген тұрғындар.

Ауылшаруашылығы жәрмеңкесі болатынын 15 күн бұрын хабарлап, ауыл, ауылдық окургтардың әкімдеріне тапсырған болатын. Оның сыртында шаруа қожалықтары да атсалысамыз деп сенім білдірген. Бірақ, дәл жәрмеңке кезінде төбелерін көрсетпей кетті. Әкім мырзалар жолдың алыстығын, ауа – райының қолайсыздығын сылтау етіп, сыңға ілікті. Шару қожалықтары мал шаруашылығын дамытып, мемлекеттен субсидия алып отыр. Сол себепті аракідік бір өтетін жәрмеңкеге қатыспаулары көңілге қонымсыз.

Байбатыр НИЯЗБЕКҰЛЫ


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31