Жангелдин ауданында жастарға жұмыс пен бизнес бастауға мүмкіндік жасалып жатыр

Жангелдин ауданында жастарды жұмыспен қамту және кәсіп бастауына қолдау көрсету жұмыстары жүргізіліп жатыр. Биыл ауданда 6 адам қайтарымсыз грант алған. Сонымен қатар оңтүстік өңірлерден 13 адам көшіп келген.

Жас мамандардың бірі – Сымбат Талғатқызы. Ол Астана қаласында жерге орналастыру мамандығын тәмамдап, оқуын аяқтаған соң туған жеріне оралған. Қазір ол аудандық жер қатынастары бөлімінде «Жастар практикасы» бағдарламасы бойынша еңбек жолын бастап отыр.

Сымбат бұл мекемеге төртінші курста диплом алдындағы тәжірибеден өтуге келген. Сол кезде болашақта осы жерде жұмыс істеуге шешім қабылдаған.

«Жастар практикасын бастағаныма бірнеше күн ғана болды. Қазір негізгі құжаттармен танысып жатырмын. Жер учаскелерін беру, қажетті құжаттарды рәсімдеу, мемлекеттік акт жасау тәртібін үйреніп жатырмыз», – деді жас маман.

Жангелдин аудандық мансап орталығының мәліметінше, кәсіп бастауға ниетті азаматтарға да мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Қазір «Бизнес бастау» курстарында 85 адам оқып жатыр. Оның 81-і оқуын аяқтап, сертификат алған.

Курс сертификаты – жаңа бизнес идеяларды іске асыруға арналған 400 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі қайтарымсыз грантқа қатысу талаптарының бірі.

Биыл грантқа 8 адам өтініш берген. Комиссия шешімімен олардың 6-уына қаржы берілген. Қазір грант иегерлеріне қаражат аударылған. Олар сатып алған тауарлары мен жабдықтары бойынша үш ай ішінде есеп тапсыруы керек.

«Кәсіпкерлікті жүйелі түрде оқыту мақсатында “Бизнес бастау” курстары ұйымдастырылады. Қазіргі таңда 85 адам білім алып жатыр. Жаңа бизнес идеяларды қолдау үшін 400 АЕК көлемінде грант алу мүмкіндігі бар», – деді Жангелдин аудандық мансап орталығының басшысы Думан Дулат.

Мемлекеттік қолдауды пайдаланған кәсіпкерлердің бірі – Медет Нұғыманов. Ол 2021 жылы Астана қаласынан Жангелдин ауданына көшіп келген. Кейін кафе ашып, кәсібін дамытқан.

Кәсіпкер жастарға арналған VIP-залдар, кинозал, бильярд және караоке залдарын ұйымдастырған. Сонымен қатар кафеде фастфуд қызметі көрсетіледі.

«Алғашында қорқыныш болды. Бірақ ауыл тұрғындары бізді қолдады. Соның арқасында кәсібіміз жақсы жүріп кетті. Жастармен жұмыс істегенді жақсы көреміз, сондықтан оларға арнайы демалыс орындарын жасадық», – деді Медет Нұғыманов.

Ауданда халықты қоныстандыру бағытында да жұмыс жүріп жатыр. Биыл оңтүстік өңірлерден Жангелдин ауданына 13 адам көшіп келген. Оның 8-і Шилі ауылына, 5-еуі Торғай ауылына орналасқан.

Қоныс аударушылар материалдық көмек алған. Оларға тұрғын үйді жалға алу шығындарын өтеуге арналған қаржы да ай сайын төленіп отыр. Қазір азаматтар экономикалық ұтқырлық сертификатын алу үшін өтініш берген.

Мансап орталығының мәліметінше, алдағы уақытта сертификат бойынша тиісті қаражат беріледі.

Жалпы, Жангелдин ауданында жастарды жұмыспен қамту, кәсіпкерлікті қолдау және еңбек күші тапшы өңірлерге азаматтарды тарту бағытындағы мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ,
Суреттерді түсірген – Бейбіт Нұрмұханов


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31

Просмотров: 2