Жангелдинде егін орағы аяқталды

 Жангелдин ауданында биылғы егін жинау науқаны аяқталды.

Биыл ауданда 17 шаруа қожалығы мен 3 ЖШС жалпы 42 745 гектар жерге егін еккен. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 2 пайызға көп.

Егіс құрылымында биыл бірқатар өзгеріс бар. Шаруалар майлы дақылдарға басымдық беріп, сафлор алқабын бір жылда 30 пайызға ұлғайтқан. Бидай 22 417,4 гектарға егілді. Былтыр оның көлемі 26 755 гектар болған. Арпа алқабы да азайып, 983 гектарды құрады. 2025 жылы арпа 3 190 гектарға егілген еді.

Ал біржылдық және көпжылдық шөптердің көлемі керісінше бірнеше есеге артты. Биыл бұл дақылдар 1 009 гектарға егілсе, былтыр небәрі 200 гектар болған. Ең жоғары өсім сафлордан байқалады.

– Биыл егіс көлемі өткен жылмен салыстырғанда 2 пайызға өсіп отыр. Әсіресе сафлорға сұраныс жоғары. Майлы дақылдардың көлемін арттыру арқылы шаруалар егіс құрылымын әртараптандырып отыр, – деді Жангелдин ауданы ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ернұр Иманғалиев.

Ауданда күзгі егін ору жұмыстары 5 тамызда басталыпты. Орташа түсім гектарына 5,6 центнер. Қазір ауданда орақ науқаны аяқталып, жиналған өнімді сақтау және тасымалдау жұмыстары жүргізілуде.

Мамандардың мәліметінше, астық қабылдау орындары мен элеваторларда 8 млн 300 мың тоннаға дейін дәнді және майлы дақылды сақтауға болады. Қазіргі кезде Қостанай өңірінің оңтүстік аудандарында астық ең жоғары бағамен бағалануда.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы Кенже Жұмандықовтың айтуынша, Жангелдин ауданында егін жинау науқаны аяқталған.

– Азық-түлік корпорациясы әзірге астық бағасын жариялаған жоқ. Десек те, бидайдың бір тоннасы қазір 80-100 мың теңге аралығында сатылуда. Hi-Pro бидайына одан да жоғары баға ұсынылады. Өңір дихандарына биылғы егін жинау науқанында жеңілдетілген бағамен 80 мың тонна дизель отыны берілді, – дейді Кенже Жұмандықов.

Биыл Жангелдин ауданындағы егін жинау науқанына қажетті жанар-жағармаймен қамту жұмыстары да жүргізілді. Күзгі егін ору науқанына ауданға 829 тонна жанармай бөлінген.

Егін жинау жұмыстарымен қатар ауданда мал қыстату науқанына дайындық та аяқталды. Қысқа 131,7 мың тонна мал азығы дайындалды. Оның ішінде шаруа қожалықтары 79 мың тонна, жеке тұрғындар 52,7 мың тонна шөп әзірлеген.

– Алдағы мал қыстату кезеңіне 131,7 мың тонна мал азығын дайындау жоспарланып, жоспар толығымен орындалды. Оның ішінде шаруа қожалықтары 79 мың тонна, жеке тұрғындар 52,7 мың тонна шөп дайындады, – деді Ернұр Иманғалиев.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ,
Сурет аудандық ауыл шаруашылық бөлімінен алынды


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31

Просмотров: 2