Жангелдиндік үш азамат марапат төрінен көрінді
Дала төсінде тер төгіп, төрт түліктің бабын жасап, туған жердің өркендеуіне үлес қосып жүрген еңбек адамдарының еңбегі қашанда құрметке лайық.
Биыл ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлерінің кәсіби мерекесінде Жангелдин ауданының үш азаматының еңбегі еленіп, лайықты марапатқа ие болды.
Бүгін Қостанай қаласындағы Жастар сарайында өткен салтанатты жиында өңірдің агроөнеркәсіп саласының үздіктері мен еңбек ардагерлеріне құрмет көрсетілді. Мерекелік шарада маңдай терімен ел ырысын еселеп жүрген азаматтардың еңбегі жоғары бағаланды.
Марапат иелерінің қатарында Жангелдин ауданының үш азаматының болуы – аудан жұртшылығы үшін зор қуаныш.

«Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған «Үш жүз» шаруа қожалығының механизаторы Сүндет Кеңесұлы Мырзағалиевтің еңбек жолы ерте басталған. Шеген ауылының тумасы ауыл шаруашылығына жастайынан араласып, алғаш рет 17 жасында трактор руліне отырған.
Оның еңбекке араласуына ағасының шаруа қожалығын ашуы себеп болған. Алғашқыда ағасына көмектесіп жүріп, техникаға деген қызығушылығы арта түскен. Механиктік арнайы білімі болмаса да, өмірлік тәжірибе мен ізденістің арқасында трактордың тілін меңгерген.
«Алғаш рет МТЗ-80 тракторына отырдым. Арнайы механиктік оқу оқыған жоқпын. Бірақ техникаға қызығушылығым болды. Бұзыла қалса, ашып-жабып, өзім жөндей беретінмін. Ол кезде ауылда Лекенов Көшербай деген ағаларымыз болды. Сол кісілердің жанында жүріп, техниканың қыр-сырын үйрендік. Ағам шаруа қожалығын ашқанда соған көмектесіп, еңбекке араластым. Содан бері осы саладан қол үзген емеспін», – дейді Сүндет Кеңесұлы.
Осылайша, жастық шақтағы қызығушылық өмірлік кәсіпке айналды. Бүгінде оның ауыл шаруашылығы саласындағы жалпы еңбек өтілі 33 жылға жеткен. Ал 2017 жылдан бері «Үш жүз» шаруа қожалығында еңбек етіп келеді.

Дала жұмысының жауапкершілігін жақсы түсінетін механизатор егін науқанының сапалы әрі уақытылы жүргізілуіне үлес қосып жүр. Техниканы күтіп ұстау, оның үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету – күнделікті еңбегінің бір бөлігі.
17 жасында трактор тізгінін ұстаған азаматтың бүгін мемлекеттік марапатқа ие болуы – табандылық пен еңбекке адалдықтың жарқын көрінісі. Бұл марапат Сүндет ағаның ғана емес, ауыл шаруашылығының ауыр жүгін арқалап жүрген барша механизатордың еңбегіне көрсетілген құрмет деуге болады.
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Құрмет грамотасымен» «Айдос» шаруа қожалығының малшысы Қанат Доспанов марапатталды.
Ол 2010 жылдан бері мал шаруашылығында еңбек етіп келеді. Осы уақыт ішінде өзін мол тәжірибесі бар, білікті әрі жауапты маман ретінде танытқан. Төрт түліктің жайын біліп, шаруашылық жұмысының алға басуына үлес қосып жүрген азамат өз ісіне адалдығымен ерекшеленеді.
Мал бағу – сырт көзге қарапайым көрінгенімен, күн сайынғы төзімділік пен үлкен жауапкершілікті талап ететін кәсіп. Қанат Темірханұлы осы міндетті абыроймен атқарып, ұжым арасында зор құрметке ие болып отыр.
Қостанай облысы әкімінің грамотасымен «Нұр» шаруа қожалығының басшысы Қайрат Қабылов марапатталды.
Ол 2009 жылдан бері Қарақоға елді мекенінде шаруашылығын табысты жүргізіп, төрт түлік малдың басын көбейтуге күш салып келеді. Алайда Қайрат Ақсүйінұлының азаматтық болмысы тек шаруашылық жұмысымен шектелмейді. Ол ауылдың қоғамдық-мәдени өміріне белсене араласып, елдік маңызы бар бастамаларға қолдау көрсетіп келеді. Соның ішінде Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойын өткізуге демеушілік жасауы – туған жерге деген жанашырлығының бір көрінісі.

Ауылдастарының арасында оның жомарттығы мен азаматтық болмысын дәріптейтін мынадай өлең жолдары да тараған:
Бәсеке болса байрақты,
Көмегін әркез сайлапты.
«Нұр» десе, нұрын шашып жүр,
Гүлдентіп ауыл, аймақты.
Мақтайды мәрт деп ел-жұрты,
Ақсүйінұлы Қайратты.
Бірі – 17 жасынан трактор тізгіндеп, 33 жылдық еңбек жолын ауыл шаруашылығына арнаған механизатор, бірі – төрт түліктің бабын тапқан малшы, енді бірі – шаруашылықты дамытып қана қоймай, туған ауылының әлеуметтік өміріне де үлес қосып жүрген басшы.
Кәсібі әртүрлі болғанымен, үшеуіне ортақ қасиет – туған жерге деген адалдық, еңбекке деген жауапкершілік және ел игілігіне қызмет ету.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ,
Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31