Жанкелдин ауданы бойынша қызылша ауруы тіркелген жоқ

 Қазіргі таңда Жанкелдин ауданы бойынша қызылша ауруы тіркелген жоқ.

Аудан тұрғындарының вакцинацияға деген көзқарасы жалпы алғанда оң. Дегенмен, антивакцинацияны қолдайтын адамдардың саны жыл сайын артып келе жатқаны байқалады. Осыған байланысты медицина қызметкерлері халық арасында түсіндіру және ақпараттандыру жұмыстарын тұрақты түрде жүргізіп келеді. Бұл туралы Жанкелдин аудандық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Мөлдір Райымбекова мәлімдеді.

Оның айтуынша, былтыр және биыл қызылша, қызамық және паротитке (ҚҚП) қарсы вакцинациялау көрсеткіштері төмендегідей: 2025 жылы 1 жастағы балалар – 135 бала, қамту деңгейі 100%, 6 жастағы балалар – 147 бала, қамту деңгейі 98%. 2026 жылы 1 жастағы балалар – 15 бала, 6 жастағы балалар – 7 бала.

Қызылша – өте жұқпалы вирустық инфекциялардың бірі. Ауру ауа-тамшы жолымен таралады және вирус ауада немесе түрлі беттерде бірнеше сағат бойы сақталуы мүмкін. Инфекция жұққаннан кейін алғашқы белгілер 8-12 күн аралығында пайда болады.
Олар дене қызуының 40–40,5°С-қа дейін көтерілуі, тұмауға ұқсас белгілер, көздің қызаруы, ауыз қуысының шырышты қабатында ұсақ ақ дақтардың пайда болуы.

Бірнеше күннен кейін бөртпе алдымен бет пен мойынның жоғарғы бөлігінде шығып, кейін бүкіл денеге таралады.

Мөлдір Райымбекованың айтуынша, науқастардың шамамен төрттен бірінде қызылша ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін. Әсіресе балалар арасында жиі кездесетін асқынуларға мыналар жатады: соқырлық, энцефалит, ауыр диарея, құлақ инфекциялары, пневмония, жүрек ақаулары, есту қабілетінің төмендеуі немесе саңыраулық.

Қызылшаның ең қауіпті асқынуы – жеделденген склерозданған панэнцефалит. Бұл ауруда вирус миды зақымдап, айлар немесе жылдар өткен соң физикалық және психикалық деградацияға, мүгедектікке алып келуі мүмкін. Сонымен қатар, қызылша иммундық жүйенің «жадын өшіріп», ағзаны бұрын ауырған инфекцияларға қайтадан осал етеді.

Мамандардың айтуынша, қызылшаның және оның ауыр асқынуларының алдын алудың ең тиімді жолы – вакцинация. Сондықтан дәрігерлер ата-аналарды балаларын уақытында екпеден өткізуге және жалған ақпаратқа сенбеуге шақырады.

Шұғыла ЖАҚСЫЛЫҚ
Фото кейіпкердің өзінен алынды


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31

Просмотров: 13