Жанкелдин ауданында айтыстың ақтаңгері атанған ақынның өнер жолы ұлықталды

Ақынға ізет – өнерге құрмет

Биыл “Алтын домбыра” республикалық ақындар айтысының қорытындысы бойынша жерлесіміз, айтыстың ақтаңгері Айбек Қалиев жеңімпаз атанды. Қазіргі таңда “Алтын домбыра” Арқалық қалалық тарихи мұражайында тұр. Оныңда рәсімі салтанатты түрде өтті.

Күні бүгінге дейін ақтаңгер ақынға деген құрмет пен ілтипат сейілген жоқ. Арқалық қаласында ақынды ұлықтап, кездесу кештер ұйымдастырды. Одан кейін туған жері Тәуіш ауылында жалғасын тауып, “Ожан” әулетінің ұрпақтары ақтаңгердің мерейін үстем етті. “Алтын домбырамен, Торғайдың алтын дәуірі басталсын” деп інілік ізет көрсете білген қызылордалық айтыскер ақын Мейірбек Сұлтанханға ат мінгізіп, иығына шапан жапты. Ұлыны ұлықтап, ақынын құрметтеген торғайлықтар дәл осы үрдісті сабақтастырып, “Айтыс мұрасы – елдің рухани қазынасы” тақырыбында тағылымды кеш ұйымдастырды.


Н.Ахметбеков атындағы мәдениет үйінде өткен кездесу кешке Тобыл – Торғай өңірінен шыққан ақын – жазушылар арнайы келіп қатысты. Оларда өздерінің ізгі тілектерін жауһазын жырларымен жеткізді. Айтыскер ақын, бірнеше кітаптың авторы, жас ғалым Батырлан Сағынтаев кеш тізгінін қолына алып, тағылымы мол кездесудің шырайын келтірді. Мәдениет үйінің жанынан құрылған “Халық театры” әртістері Уақ Жұмабайдан бастау алған айтыс өнерін сахналық қойылым арқылы сомдап, өнер сүйер өрелң елдің алғысына бөленді. Жазушылар Одағының мүшесі, ақын, сатирик, тарихи кітаптардың авторы, аудармашы Абылай Мауданов, айтыскер ақын, ақтаңгер ақынның ізбасары Ернұр Әуезхан арнау өлеңдерін оқыды. Мәдениет үйінің өнерпаздары ақтаңгер ақынның сөзі мен әніне жазылған әуезді әндерді нақышына келтіріп орындады. Ақын, сазгер Марғұлан Оспанов “Айтыс” әнін кеш иесінің құрметіне арнап шырқады.

Кеш барысында ақтаңгер ақын Айбек Киікбайұлының өнегелі өмірі мен шығармашылық жолы кеңінен насихатталды. Бір уақыт балғын балалық кезеңге саяхат жасап, қайта оралмас жастық шақтың қызықты сәттерін еске алды. Айтпақшы, кіреберіс қақпаның жанына киіз үй тігіп, ақтаңгерді ерекше қошеметпен қарсы алды. Жер ошаққа піскен сары бауырсақ пен ыстық құрт көжеден дәм таттырды. “Алтын домбыра” иегері атанған ақынның құрметіне орай аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ұжымы өміржолы мен кітап көрмесін ұйымдастырды. Күні бүгінге дейін тұтынып жүрген заттары да дәл осы көрмеде көрніс тапты.

Кеш соңында аудан әкімі Дінмұханбет Бидашев ақтаңгер ақынның иығына шапан кигізіп, Торғай халқының атынан астына ат мінгізді. Ел рухын көтерген рухани кештен керемет әсер алған көрермендер қимастықпен тарқасып, естелік суретке түсті.

Айбек Қалиев 33 жылдан бері айтыс сахнасында өнер көрсетіп келеді. Осы аралықта қаймана қазақтың мұң – мұқтажын, биліктің кем – кетігін жырға қосып, алаштың аяулы ақыны атанды. Ақиқаттың алдаспан семсері бола білген шыншыл ақынды сахналас замандастары “Қазіргі заманның Бұхар жырау” деп баға берді. Енді бірі елдің жоғын – жоқтап, ащы шындықты желдей ескен Айекеңді “Желмаяға мініп, жиһан кезіп, Жер ұйықты іздеген аты әйгілі Асанқайғы атамызға теңеді”. Ақтаңгер ақын қандай атақ, қандай мадақ болса да лайықты. Себебі, ол киелі Торғай жерінің ғана емес алты алаштың ақыны.

Айбек Қалиевтің ғылым саласына да қосқан еңбегі орасан. 2006 жылы “Торғай ақындарының дәстүрлі поэзиясы” атты тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады. Дәл осы тақырыпта “Нұра Астана” баспаханасынан монографиясы жарық көрді. 9 – 10 сыныптарға арналған “Қазақ әдебиеті” оқулығын құрастырды. “Торғай ақындық мектебі” атты филология факултетінің студенттеріне арналған оқулықтың авторы. Ғылым саласында жеткен жетістіктері мен атақтары да жеткілікті. Әлеуметтік желіні парақтасаңыз Айбек Киікбайұлының атақ, даңқына көз жеткізесіз.

Байбатыр АХМЕТБЕК

Суретті түсірген: автор


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31

Просмотров: 8