Жанкелдин ауданының ұстазы қаржылық сауаттылық курсынан өтті

 Жанкелдин ауданы Иманов жалпы білім беретін мектебінің әлеуметтік педагогі Айгүл Қылышбекова 2025 жылғы «Жаһандық құзыреттілік» пәні аясында ұйымдастырылған қаржылық сауаттылық курсына қатысып, маңызды тәжірибе жинады.

Бес күндік оқыту барысында Айгүл ханым салық жүйесі, зейнетақы қалыптастыру, банк карталарының қауіпсіздігі, кіріс пен шығынды жоспарлау, инвестиция негіздері және қаржылық алаяқтық түрлерінен қорғану сияқты тақырыптарды меңгерді. Курстың практикалық маңызы зор: мысалы, курстың бір күні оған алаяқтыққа байланысты күдікті қоңырау келіп, ол алған білімін қолдана отырып дұрыс әрекет етті.

«Бұл курс маған бұрын білмеген көптеген жаңа ақпараттарды үйретті. Отбасылық бюджет құру, қаржыны тиімді пайдалану, цифрлық қауіпсіздік туралы алған білімімді өз жұмысымда және оқушыларға үйретуде қолданамын», – дейді Айгүл Қылышбекова.

«Өрлеу» біліктілікті арттыру орталығының мамандарының айтуынша, бұл оқыту бағдарламасы аудан мен ауыл мектептеріндегі мұғалімдердің қаржылық сауаттылығын арттыруға бағытталған. Педагогтер алған білімдерін өз әріптестерімен бөлісіп, мектептерде қаржылық білімді насихаттайды. Осының арқасында қаржылық мәдениет ауылдық жерлерде де кеңейіп келеді.

Курс барысында педагогтер тек теориямен шектелмей, нақты өмірлік мысалдар мен практикалық тапсырмаларды орындады. Сонымен қатар, олар инфляцияның жеке қаржыға әсері, несие және зейнетақы жүйесінің ерекшеліктері, инвестиция тәуекелі және онлайн алаяқтықтан қорғану жолдары бойынша жан-жақты білім алды.

Осыған орай, педагогтерді арнайы даярлау басты назарға алынған. Оқу бағдарламасы қаржы және білім беру саласындағы халықаралық тәжірибелер мен сарапшылар ұсынымдары негізінде әзірленген. Бес күндік курс барысында қатысушылар қаржылық мінез-құлық психологиясы, отбасылық бюджет жоспарлау, шығындарды талдау, инвестиция негіздері, несие және зейнетақы жүйесі, цифрлық активтер, сондай-ақ қаржылық алаяқтық түрлерін ажырату тақырыптарын меңгереді.

Сабақтарды «Өрлеу» орталығының тренерлері мен Ұлттық банк мамандары жүргізеді. Практикалық кейстер, нақты өмірлік мысалдар мен заманауи әдістемелер кеңінен қолданылады. Мәселен, Қостанай облысында 2025 жылғы қыркүйек-қараша айлары аралығында 250 педагог оқытылды. Биыл ақпан айында аталған курстың екніші кезеңі басталып, кезекті топ білім алуда.

«Қаржылық сауаттылықты білім беру жүйесіне енгізу – экономикалық тұрақтылықты нығайтудың маңызды құралы. Курстан өткен педагогтер алған білімдерін өз әріптестерімен және оқушыларымен бөлісіп жатыр. Бұл бастама қоғамның қаржылық мәдениетін арттыруға ықпал етеді», – дейді Қостанай облысы бойынша «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ филиалының тренері Айнұр Мускина.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Суретті түсірген – автор


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31

Просмотров: 3