Жанкелдинде жоба неге қолдау таппады?

 Бұл мәселе аймақтық кеңесте көтерілді.

Облыс орталығында өткен кеңестің аймақтық тоғызыншы конференциясында «Белсенді өмір сүру» жобасының іске асырылу барысы қаралды. Жиында Жанкелдин ауданындағы қаржыландыру мәселесі ерекше назарға алынды. Кеңесте белгілі болғандай, өткен жылы Жанкелдин ауданында аталған жоба бойынша қаржы бөлінбеген. Бұл олқылыққа кеңес төрағасы тоқталып, облыс әкіміне ресми сауал жолдады.

Мемлекет азаматтардың өмір сапасын арттыру және белсенді ұзақ өмір сүруді дамыту бағытында бірқатар бастамаларды жүзеге асырып келеді. Соның ішінде егде жастағы тұрғындарды спортқа, мәдени және қоғамдық өмірге тарту мәселесіне ерекше көңіл бөлінуде.

Облыс көлемінде «Белсенді ұзақ өмір сүру» жобасы соңғы жылдары жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Жоба аясында зейнеткерлер спортпен шұғылданып, компьютерлік сауат ашу курстарына қатысады, есте сақтау қабілетін дамыту жаттығуларын орындайды. Сондай-ақ ән айту, би билеу, скандинавиялық жүріс сияқты бағыттар да кеңінен дамыған. Ардагерлер үшін жыл сайын жүзден астам спорттық және мәдени іс-шара ұйымдастырылып, көршілес аудандарға тәжірибе алмасу сапарлары да өткізіліп тұрады.

«Облыстағы барлық қала-аудандарда бұл жобаға қаржы қарастырылған. Алайда 2025 жылы Жанкелдин ауданынан басқа барлық өңірлерде тиісті қаражат бөлінген», – деді облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Батырбек Ахметов.

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов бұл мәселені дер кезінде шешу қажеттігін атап өтті.

«Бұл түйткілді уақытылы қолға алу керек. Мұндай мәселелер тек аудандарда емес, облыс орталығында да бар. Қала аумағы кеңейіп келеді, жаңа шағын аудандарда да қарттарға арналған орталықтарға сұраныс бар. Барлық ұсыныстар назардан тыс қалмайды», – деді өңір басшысы.

Аудан әкімдігінің мәліметінше, биыл «Белсенді өмір сүру» жобасына 500 мың теңге бөлінген. Қаражат мамыр, маусым және шілде айларындағы іс-шараларды ұйымдастыруға бағытталған. Жобаны мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс негізінде «Жалын» үкіметтік емес ұйымы жүзеге асыратын болады.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ

Суретті түсірген – Бердіболат Көркембаев


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31

Просмотров: 2