Жиырмасындағы арман қырықында алынған қамал болды
Киокушинкай каратэ — қанатын кеңге жайған шығыс жекпе-жегі. Жапон тілінен тәржімасы асқақ ақиқаттың қоғамы дегенге саяды
Бүгінгі кейіпкеріміз — спорт ортасына жақсы таныс Қуаныш Тұрмышов. Мамыр айының соңында киокушинкай-каратэдан Астанада өткен әлем чемпионатында топ жарды. Қазіргі уақытта Қостанай ауданы Полиция бөлімінің инспекторын жеңісімен құттықтай барып, сұхбаттасып қайтқан едік.
АҒЫТЫЛУ. ДӘМДІДЕН ШЫҚҚАН ДҮР

– Қуаныш Ғазезұлы, әуелі сұхбатымызға уақыт бөлгеніңіз үшін рахмет. Әңгіменің әлқиссасын спорттың әліппесін қалай аштыңыз, содан бастасақ?
– 1999 жылы Науырзым ауданына қарасты Дәмді ауылынан осында (авт. Қазіргі Тобыл қаласы) көшіп келдік. Негізі, кіндік қаным тамған Дәмдімнің топырағына аунап өскен құлын-тайдай шағымның бойыма сіңіргені болса керек, спортқа айрықша құлшындым. Замандастарым жақсы біледі, бәріміз Брюс Ли, Джеки Чанның киноларын қарап өстік. Кейін оң-солымызды ажыратып, іздене келе өзімнің темірқазығымды таптым, ол — Мұстафа Өзтүрік! Иә, сол ауылдан көшіп келген кезде әкем Қостанай аудандық Балалар және жасөспірімдер спорт мектебіне жетектеп алып келіп, Нұржан ағай Ағыбаевқа табыстады. Сол сәттен Нұржан Есенғазыұлының спорттағы шәкіртіне айналдық.
– Қай спорт түрінен?
– Сол киокушинкай-каратэ. Кейін спорттың басқа түрлерін де алып жүрдік.
– Неліктен каратэ, қазақ балсы әдетте күрес, боксты таңдаушы еді ғой?
– Сәті солай болған шығар, оның үстіне үйірме іздеп жүретіндей мүмкіндік болмады.
– Жасыңыз нешеде еді?
– Сегіз оқитын кезім. Іштей осы спортқа құлшынып тұрған соң, каратэ мені, мен каратэні жатырқамадым.
– Ең алғаш топты жарып шыққан жеңісті шағыңыз есте ме?
– Жеңістен бұрын жеңілістің дәмін таттым.
– Жеңілген қалай екен?
– Ащы болады екен (күлді).
– Қандай жарыс, қашан, қайда болып еді?
– Әлі есте, киокушинкай-каратэдан “Динамо” спорт мектебінің қабырғасында облыс чемпионаты өтті. Менің сол додада төбелесетінімді естіген көкем ауылдан арнайы келген еді. Сол көкемнің көзінше таяқ жеп, оңбай сабақ алғам.
– Сегіз оқып жүрген Қуаныштың, спорт әліппесін енді ашқан Қуаныштың арманы қандай еді?
– Чемпион болу ғой. Нұржан ағайымның рұқсатымен, Денис Васильевич Стариков бапкер болып келген тұста каратэмен қоса ушу-саньдамен де шұғылдана бастадым. Ол муай-тайға ұласты. Осы ретте Президент кубогі үшін сайыста екінші орын алдым. Әлбетте, оның алдында талай республикалық жарыстарда топ жарып жүрдім. Ал Президент кубогі үшін тартыс жарқыраған тұсым болды. Себебі сол кезде мені Қазақстанның құрамасына алды. Республикалық оқу-жаттығу жиынына жолдап, 2006 жылы Бангкокта өтетін әлем чемпионатына дайындық басталып кеткен еді. Бірақ оқу-жаттығу жиыны өткен қалада пәтер жалдап тұрған соң, ақшам таусылып, бапкеріме айтпай үйге оралдым. Кейін, қаржым болмағанын ағай естіген соң, неге айтпадың, амалын табар едік қой деп, ашуланғаны әлі есте. Сол өкініш бүгінгі күнге дейін маза бермейді.
– Оқу-жаттығу жиыны қайда өтіп еді?
– Алматыда. Қызықты қараңыз, тура жиырма жыл бұрын мамыр айының соңында Бангкоктағы әлем чемпионатында төбелесуім керек еді. Ол кезде қайрауды қажет етпейтін, қында жатпас қылыштай жарқылдаған Қуаныш, кім білсін, муай-тайдан чемпион болар ма еді? Қызығы сол, тура жиырма жылдан соң атой салып, ғаламдық жарыста топ жардым. Көкейімде соншама жыл жүрген арман ақыры алға сүйреді. Аңғал жастықтың қарымтасын қайтардым десем болады.
АҚЫЛ ТОҚТАТУ. АЛҒА ҰМТЫЛУ
– Әп, бәрекелді! Жиырма жылдық арман орындалып тұр, сонда бұл кешігіп келген жеңіс пе, әлде қалай?
– Әсте олай емес. Бұл жеңісте бабым да, бағым да қатар шапты десем. Қалғаны уақыттың келтірген ыңғайы ғана.
– Жақсы. Қазіргі уақытта ұлттың ұстыны болып жүрген, яғни жастарға ғажап үлгі көрсеткен қандай спорт тұлғаларын айтар едіңіз?
– Мен бас ұратын Мұстафа Өзтүрік, Бекзат Саттарханов, Жақсылық Үшкемпіров, Әбілсейіт Айханов, Дәулет Тұрлыхановтар ұлттың ұстыны деп айтар едім. Кейінгілерден Қанат Ислам, Елдос Сметов тәп-тәуір үлгі болып жүр.
– Дархан Әбдік деген журналист ағамыз бар. Ол кісі даулы пікір, мәлімдемелерімен белгілі. Бір сөзінде, ғалам деңгейінде топ жарып жүрген спортшыларды қолпаштау дұрыс емес, одан да ғылым-білімде аты озып жүргендерді ғана елеп-ескеру керек дегенге саятын пікірі талайлардың талқысына түсіп еді. Сіз не дейсіз?
– Әлбетте, әуелі тәрбие, одан кейін білім-ғылым, спорт кетеді. Бұл тұста, Сүйінбай мен Қатағанның айтысы еске түседі. Мүйізі қышыған ешкі қойшының таяғына сүйкенеді болған Қатағанның сазайын Сүйінбай сөзбен бергенде, өз жерлерінде опырылып отырған қырғыз қауымы қалақтай қазақ ақынын қалпақтай ұшырып жіберердей түнергенде қазақтың Сұраншы сынды батырларының отырған жерінде жай ғана қозғалғандары ашу қысқан топтың мысын басты емес пе? Міне, сол Сүйінбайлар мен Сұраншылардың зәузатының, білім-ғылым, спорт жолын қуған жастардың, несібесін бөлгенде алалау болмау керек деп есептеймін. Себебі қазақ балалары қай салада да алғы шепте болуы тиіс.
– Бәрекелді-ақ! Пайымыңызға тәнтіміз. Алып қосарыңыз болса, тосылмаңыз.
– Иә, осы жолғы әлемдік жарыс Астанамызда өткен соң, үлкен жауапкершілік жүктелді. Тәуба, үмітті ақтадық. Осы ретте қолдау білдірген жалпы қостанайлық спортшыларға алғысым шексіз. Дайындығыма атсалысқан Қуаныш Бабакаев, Жарасхан Саматов (авт. “ArlanMMA”), Аманбек Жаманқараев, Әсет Қазыбекұлы, Батыр Сәулет есімді жігіттерге рахметім көп. Әрине, тіреуім мен тілеуім әке-шешем, бауырларым, қос перзентім Ақарыс пен Бекарысты мәпелеп отырған жан-жарыма да жанға демеу болғандары үшін ризалығымда шек жоқ. Айтпақшы, барлық әріптестерімді келе жатқан кәсіби мерекелерімен құттықтаймын! Қандай сында болса да қолдаудан тайынбайтын Полиция департаменті мен аудан бөлімінің басшылығына көңілім разы, көп рахмет!
– Керемет-ақ, Ақарыс пен Бекарысыңыздың соңынан Жанарыс та ерсін дейміз! Келе жатқан мереке өзіңізге де құтты болсын!
– Рахмет, айтқаныңыз келсін!
Кейіпкерімізбен әңгімеге Қостанай ауданы Полиция бөлімінің басшылығын да тарттық.
– Әсет мырза, аумалы да төкпелі уақытта полиция инспекторы тұтас қоғам үшін үздік үлгі болуы тиіс. Сондықтан да инспектордың жан-жақтылығы құба-құп. Жалпы қызметкерлердің спортпен шұғылдануына қаншалықты мүмкіндік бар, себебі қоғамдық тәртіпке қарау уақыт талғамайтын шаруа ғой?
– Меніңше, тек полицей ғана емес, әрбір адамның саламатты өмір салтын ұстануы, спортты серік етуі — міндет әрі маңызды. Ал қызметкерлерге келетін болсақ, аптасына үш рет дене тәрбиесіне көңіл бөліп, шынығады, жаттығады. Оның ішінде спорттың алуан түрімен кәсіби тұрғыда айналысатын әріптестеріміз бар. Олар жаттығу жиындарына немесе түрлі деңгейдегі додаға түсіп жатады, сол кездері басшылық тарапынан қолдау білдіріліп, жарысқа қатысуларына мүмкіндік беріледі, — дейді Қостанай ауданының Полиция бөлімі бастығының орынбасары Әсет Құлмағанбетов.
– Қостанай аудандық полиция бөлімінде Қуаныш Ғазезұлы секілді нәтиже көрсетіп жүргендері бар ма?
– Мысалға, өзіміздің аудандық бөлімде алты-жеті спорт шеберіне үміткер, екі спорт шебері бар. Барлығы республикалық, халықаралық додаларда өңірдің дабысын шығарып жүр. Ал әлем чемпионатында бірінші орынды жұлып алған Қуаныш Тұрмышов айды аспанға бір-ақ шығарды десек, артық емес. Айта кету керек, Полиция департаментінің бастығы Ерлан Жұмасейітұлы Файзуллин спортта алған биігі бар, былайша айтқанда, құр алақан емес. Сондықтан саламатты өмір салтын ұстанып жүрген әр қызметкерді айрықша қолдайды.
PS.: Әлқиссада айтқанымыздай, киокушинкай-каратэнің аудармасы асқақ ақиқаттың қоғамы болса, өмірлік ақиқатын алашқа қызмет деп түйсінген Қуаныш Тұрмышовтай азаматтардың тұғыры аласармасын дейміз.
Сұхбаттасқан Нұрқанат Омарұлы,
суреттерді түсірген автор
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31