Арқалықта жылу желілері жаңартылуда

 Арқалық қаласында жылу желілерінің тозу деңгейі екі есеге азайды.

Бұл көрсеткішке соңғы үш жылда жүргізілген кезең-кезеңімен қайта жаңғырту жұмыстарының арқасында қол жеткізілді. Нәтижесінде моноқалада 17 шақырымнан астам магистральдық және таратушы жылу құбырлары ауыстырылды. Бұл туралы «24KZ» хабарлайды.

Қыс мезгілінде Арқалық тұрғындары бұрынғыдай жылы киімге оранбайды. Қаланың көпқабатты үйлеріндегі жылу радиаторлары толық қуатта жұмыс істеп тұр. Қала тұрғыны Үлмекен Құсайынованың айтуынша, жылу желілері ауыстырылғалы бері пәтерлер айтарлықтай жылына түскен.

Арқалық қаласындағы жылу желілерінің жалпы ұзындығы 34 шақырымнан асады. Бұған дейін олардың тозу деңгейі 90 пайызға жеткен. Ал бүгінгі таңда бұл көрсеткіш 48 пайызға дейін төмендеген.

Арқалық жылу-энергетикалық кешенінің директоры Жасұлан Әбдірахмановтың мәліметінше, 2023–2024 жылдары 17 шақырым 315 метр жылу желісі қайта жаңғыртылған. Ал 2025 жылы қаржыландырудың болмауына байланысты тек 565 метр ғана жөнделіп, қалған жұмыстар 2026 жылға шегерілген.

Жаңа құбырлар жер үстімен тартылған. Бұл жөндеу жұмыстарын жеңілдетіп, жер қазу қажеттілігін азайтады. Сонымен қатар ППУ-оқшаулауы бар құбырлар жылуды жақсы сақтап, сыртқа шығатын шығынды төмендетеді.

Қазіргі таңда Арқалық жылу электр орталығына 350-ден астам көпқабатты және жеке тұрғын үй қосылған. Жаз мезгілінде қазандықтарда ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Алдағы жылыту маусымына 48 мың тонна көмір қажет. Отын тұрақты түрде жеткізіліп, алдағы екі айға жеткілікті қор жиналған.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ, Фотоны түсірген – автор


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31

Просмотров: 3