Жанкелдинде соңғы үш жылда екі ауыл клубы жөнделді

 Ауылда әрине клубтың болғаны жақсы. Руханият орталығы, елді мекендердегі бірден-бір мәдениет ошағы саналатын клубтың қадірін, пайдасын аға буын мен орта буын жақсы білер.

Алдымен экономикаға басым көңіл бөлінген, клубтың тіршілігін кітапханасы сақтап қалған кезеңдер ше? Көркемөнерпаздар үйірмесі жоқ, әртістеріңіз ауылды айналып өтетін, кино көрсетпейтін клуб қызметінің мән-маңызы мен қоғам өміріндегі рөлін қалай бағалаймыз?!

Жангелдин аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің берген мәліметіне сүйенсек, Торғай өңірінде бүгінгі таңда 14 ауылдық клуб жұмыс істейді. Аталған мәдениет ошақтары ауыл тұрғындарының рухани өмірін байытып, мәдени-көпшілік іс-шараларды тұрақты түрде ұйымдастырып келеді. Клуб үйлерінің барлығы бекітілген жұмыс жоспарларына сәйкес қызмет атқарып келеді.

Жанкелдин ауданына қарасты ауылдық клубтарында әлі де болса шешімін күткен бірқатар өзекті мәселе де жоқ емес. Мысалы, кейбір ауылдық клуб үйлерінің материалдық-техникалық жағдайы кезең-кезеңімен жаңартуды қажет етеді. Атап айтқанда, Жаркөл ауылдық округі мен Шеген ауылының клуб үйлері ішінара жөндеу жұмыстарын талап етеді. Қазіргі уақытта аталған нысандарға жөндеу жүргізу үшін қажетті құжаттары әзірленіп, қаржыландыру көздері қарастырылуда.

«Соңғы жылдары аудан көлемінде мәдениет нысандарын жаңғырту бағытында бірқатар жұмыстар атқарылғанын айта кету керек. 2024 жылы Қалам-Қарасу ауылдық округінің клуб үйіне 8 млн теңге, ал өткен жылы Сужарған ауылының клуб үйіне 13 млн теңге бөлініп, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, ғимараттарға жылу жүйесі тартылып, клубтардың жыл он екі ай бойы үздіксіз жұмыс істеуіне мүмкіндік жасалды, – дейді Жангелдин аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жанар Асанханқызы.

Ауыл мәдениетінің дамуына сала мамандарының қосып отырған үлесі де жоқ емес. Ақшығанақ ауылдық округінің клуб үйінің мәдени ұйымдастырушысы Марат Гаюпов өткен жылы белсенділігімен көзге түсіп, ауыл тұрғындарының ықыласына бөленді. Оның ұйымдастыруымен өткен мәдени іс-шаралар ауыл өміріне серпін берді.

Аудандық мәдениет саласының дамуына Н.Ахметбеков атындағы мәдениет үйінің директоры Шыңғыс Садуақасов жетекшілік етуде. 1990 жылы Торғай ауылында дүниеге келген ол еңбек жолын Сужарған ауылдық клуб үйінде клуб меңгерушісі қызметінен бастаған. 2013–2021 жылдары мемлекеттік қызметте болып, Ахмет Байтұрсынұлы ауылының әкімі қызметін атқарды. Негізгі мамандығы – салық және қаржы саласы.

Шыңғыс Садуақасов мәдениет саласында шығармашылық жолын да қатар алып жүріп келеді. 2016 жылдан бері Н.Ахметбеков атындағы мәдениет үйі жанындағы Халық театрының әртісі ретінде түрлі спектакльдерде рөлдер сомдап, 2023 жылдан бастап «Мірдің оғы» әзіл-ысқақ отауына жетекшілік етуде. Ұжым облыстық, республикалық байқауларға қатысып, аудан намысын қорғап келеді. Атқарған еңбегі үшін аудан әкімінің бірнеше алғыс хаттарымен марапатталған.

Шұғыла ЖАҚСЫЛЫҚ
Суреттер Жангелдин аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінен алынды


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31

Просмотров: 16