Торғайдың тұңғыш тракторшы қызы

 Бүгінде өмір жолы өнегеге толы ардақты ана.

Кең даланың төсінде трактор үні жаңғырып, жер жыртылып жатқанда, оның кабинасында ер-азамат емес, қайсар мінезді қазақ қыздары отырғанын біреу білсе, біреу білмейтін. ХХ ғасырдың 80-ші жылдары ауыл шаруашылығы ауыр еңбектің нағыз сынағы болған шақта трактор тізгінін ұстаған қыз-келіншектер ел тарихында өшпес із қалдырды. Олар тың жерді игеріп, елді асырауға үлес қосқан нағыз еңбек ерлері еді. Сол қайсар жандардың бірі – Жанкелдин ауданынан шыққан тұңғыш тракторшы қыздың бірі, бүгінде Жаркөл ауылында тұратын Нұрбибі Жабағина. Қазіргі таңда ардақты әже 65 жасқа келіп отыр.

Нұрбибі Қабенқызы 1961 жылы 20 маусымда Жаркөл ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын 1979 жылы комсомол жастар бригадасынан бастап, екі жыл мал бордақылау бригадасында аянбай еңбек етті. Кейін атақты диқан, Социалистік Еңбек Ері Кәмшат Дөненбаеваның жолын үлгі тұтып, К-701 тракторын тізгіндеді.

Нұрбибі апаның ағалары Сәбит пен Мәжит Жабағиндер де ауыл шаруашылығында механизатор болып еңбек етті. Осындай еңбекке жақын отбасында өскендіктен, оның еңбекке ынтасы ерте оянады. Ауылда мал шаруашылығы басым болғандықтан, ол көбіне жем-шөп дайындау бригадасында жұмыс істеді. Ағасының кеңесімен Торғайдағы орта кәсіптік-техникалық училищеде үш айлық курсты оқып, жем-шөп дайындау науқанына белсене қатысты.

Кейін Державин – Арқалық, Арқалық – Торғай бағытында жүк пен көмір тасымалдап, өз іскерлігін тағы бір мәрте дәлелдеді. Оның еңбегі екі мәрте облыстық кеңестің депутаты болып сайлануына мүмкіндік берді.

Трактор бригадасындағы еңбегі көп ұзамай бағаланып, бірнеше рет конференцияларға қатысып, озат механизатор ретінде танылды. Орталық комитеттің марапаттары оның еңбекқорлығын дәлелдеді. 1984 жылы тың игерудің 30 жылдығына орай Мәскеуге туристік сапармен барды. Кейін Польша мен Германия елдеріне де болып, тәжірибесін арттырды.

1980 жылдары шөп шабу науқаны кезінде тәжірибелі механизатор Өмірзақ Таласовпен бірге Сарысу өңіріндегі құмды алқаптарға шөп тасып, ауыр жолдар мен күрделі тіркемесі бар К-700 тракторды тізгіндеді.

«1980 жылдары шөп шабу науқаны басталғанда шабылған шөпті қоныс басына тасу жұмысы қоса жүретіні белгілі. Сарысуға шөп тасуға тəжірбиелі механизатор Өмірзақ Таласов ағамызбен шығатын болдым. Өйткені Сарысудағы Қошалақ құмының шеті болғандықтан құм ауыр, автомашина зорға жүреді. Жол ауыр. Ол жердің ой-шұқыры көп болатын. Содан Өмірзақ ағаға сенім артып, мен де шөп тасуға кірістім. К-700 үш тіркеме тіркейді. Осыдан кейін бірнеше жыл Сарысудағы құмдағы қоныс орындарына шөп тасыдық,- деп еске алады өткен күндерді.

1986 жылы өзі қатарлы механизатор Мұхит есімді азаматқа тұрмысқа шығып, отбасы құрды. Мұхит ағамыз да К-700 тракторын тізгіндеген тәжірибелі механизатор еді. Таңертең бір үйден екі К-700 жұмысқа шығып бара жатқанда, ауыл адамдары оларға қызыға да, қызғана да қарайтын. Тракторшы қыз тұрмыс құрған кезде жұбайының отбасы оның ерекше кәсібіне қарсы болмады. Ауылдастары оны әзілдеп «тракторшы келін» деп атап кеткен.

– Жолдасым Мұхит Темірханұлы да механизатор болды. Тыңның 50 жылдығы қарсаңында бірнеше рет облыс әкімінің шақыруымен шараларға қатыстым. Сол кездесулердің бірінде аты аңызға айналған тыңгер, Социалистік Еңбек Ері Кәмшат Дөненбаевамен танысып, жылы лебізін тыңдау, өмірімдегі ұмытылмас сәттердің бірі болды, – деп ой өрбітті Нұрбибі апамыз.

Кейін ата-енесіне қарап, бала тәрбиесіне байланысты біржола ауыр техникадан қол үзді. Бүгінде Нұрбибі апа жұбайы Мұхит ағамен бірге төрт бала тәрбиелеп өсіріп, бес немере мен екі жиеннің қызығын көріп отыр. Үлкен ұлы Елдостың қолында тұрады. Ауылда өтетін шараларға оны еңбек адамы ретінде жиі шақырып, құрмет көрсетеді.

«Туған Торғайымызда өсіп келе жатқан ұл-қыздарымыз аталар дәстүрін жалғастырып, ел игілігі үшін аянбай еңбек етсе, болашағымыз да жарқын, дастарханымыз да мол болады», – деп тілек білдірді ардақты еңбек ардагері.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Суреттер кейіпкердің жеке архивінен алынды


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31

Просмотров: 28