Жанкелдинде су тасқынының алдын алу шаралары жалғасуда
Торғай өңірінде дайындық қалай жүргізілуде?
Жанкелдин ауданында көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындық жұмыстары жалғасып жатыр. Аймақта елді мекендердегі су басу қаупін төмендету және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында кешенді алдын алу шаралары жүргізіліп келеді. Бұл туралы Жанкелдин ауданының әкімі Дінмұханбет Бидашев хабардар етті.

Елді мекендердің өзінде де су тасқынына қарсы жұмыстар жалғасуда. Былтыр көктемгі су тасқынында бұзылған Ақкөл және Ахмет Байтұрсынұлы ауылдарының «Шұбалаң-Қарасу» автомобиль жолының 2 учаскісінде, Саға, Ошағанды, Ұзынқарасу, Бидайық ауылдарын жалғайтын «Тоқанай-Саға-Алтынсарин» автомобиль жолының 0-15 километр учаскесіне жаңадан 2 су өткізу құбыры орнатылды. Тоқанай-Саға-Алтынсарин автомобиль жолының Саға ауылына кіре берісінде орналасқан Сарыөзен арқылы өтетін көпір іргетасы қалпына келтірілді, жағажайы бекітіліп, нығайтылды.
Арқалық-Торғай автомобиль жолының Торғай ауылына кіреберіс учаскесінің су өткізу құбыры жаңартылып, екі жаңа су өткізу құбыр қойылды. Бұл өткен жылғы зардап шеккен облыстық маңыздылығы бар автомобиль жолының бойында орналасқан, бүгінде республикалық автомобиль жолдары комитетіне қарайды. Жалпы Жанкелдин ауданы бойынша 125 су өткізу құбыры бар.

Торғай ауылындағы «Торғай» бөгетіне 3 млн теңгеге нығайту жұмыстары жүргізілді. Ахмет Байтұрсынұлы ауылында 15,7 млн теңгеге жағалауды бекіту құрылыстары жүргізілуде. Барлық елді мекендерде қар шығаруға облыстық бюджеттен 42,7 млн теңге бөлініп, 33 мың текше метрге жуық қар шығарылды.
Албарбөгет ауылдық округі аумағында орналасқан «Казводхоз» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының балансындағы «Албарбөгет» бөгеті қайта құрылымдаудан өтті. Бөгеттің жалпы ұзындығы 17 шақырым. Үш метр биіктікке дейін көтеріп нығайтылды. Барлығы 18 реттелетін шлюз қойылды. Шеген ауылына қарасты «Қызқашқан» бөгетіне ағымдағы жөндеу жүргізілді.

2026 жылдың көктемгі су тасқыны кезеңіне облыстық Төтенше жағдайлар департаментімен Саға ауылындағы Сарыөзен өзенінде, Жаркөл ауылдық округі Тәуіш ауылындағы Торғай өзенінде және Албарбөгет ауылдық округінің Көлқамыс ауылындағы Қабырға өзенінде мұз жару жұмыстары жүргізілді. Жару учаскесінің алаңы 16 680 шаршы метр. Сонымен қатар 45 шаруа қожалығының 8806 мүйізді ірі қара, 7991 ұсақ мал, 3116 жылқы малдары қауіпсіз аймаққа көшірілетін болады.
«Жанкелдин ауданы бойынша «Көктем-2026» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы аясында шұғыл әрекет ету жасағы жеке құрамының дайындығы мен арнайы техникалардың жай-күйіне кешенді тексеру жүргізілді. Тексеру барысында жеке құрамның төтенше жағдай кезіндегі іс-қимыл алгоритмдерін меңгеру деңгейі, жедел әрекет ету уақыты, сондай-ақ оқу-жаттығу кезіндегі үйлесімділігі сараланды. Сонымен қатар, су тасқыны салдарын жоюға арналған арнайы техникалардың дайындығы пысықталды. Атап айтқанда, су айдау мотопомпалары, қайықтар мен құтқару жабдықтары, инертті материал қоры (құм, қап), жанар-жағармай қоры тексерілді», – дейді Жанкелдин ауданының әкімі Дінмұханбет Бидашев.
Аудан басшысының айтуынша, шұғыл әрекет ету жасағы көктемгі су тасқыны кезеңінде туындауы мүмкін төтенше жағдайларға жедел ден қоюға дайын. Алдын алу шаралары тұрақты бақылауда.
Бүгінгі күні шұғыл әрекет ету жасағында 20 мың қап, 3 моторлы қайық, 11 резеңке қайық, 33 мотопомпа, 5 палатка, 50 төсек орын, 200 төсек, 11 тонна жанар-жағармай қоры жасақталды. Жеке кәсіпкерлермен халықты азық-түлік, дәрі-дәрмекпен, жағар-жағармаймен қамтамасыз ету, сондай-ақ көлік иелерімен қажетті техникаларды жұмылдыру бойынша алдын алу шаралары жүргізілді.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31
Просмотров: 5