Жангелдин ауданында «Таза Қазақстан» бағдарламасы қалай атқарылуда?
«Таза чат-бот» платформасы бойынша бірде-бір хабарлама түспеген.
Жангелдин ауданы бойынша көшелерді тазарту, тұрғын үйлердің аулаларын ретке келтіру, қоғамдық орындарды абаттандыру және қордаланған қоқыстарды шығару шараларына ерекше назар аударылып отыр.
2025 жылы аудан көлемінде 2000 тонна қатты тұрмыстық қалдық шығарылып, тазалық жұмыстарына 3000-ға жуық тұрғын қатысты. Сонымен қатар 2500 аула тазартылып, 44 тарихи-мәдени ескерткіштің айналасы ретке келтірілді. Денсаулық сақтау, білім беру және мәдениет саласының барлық нысандарында санитарлық тазалық жұмыстары жүргізілді. Табиғи су көздерін қорғау мақсатында «Мөлдір бұлақ» акциясы аясында өзендер мен көлдердің жағалауларын тазарту жұмыстары 5 рет ұйымдастырылды.

Аудан аумағындағы саябақтар мен демалыс орындарын абаттандыруға да көңіл бөлініп отыр. Саябақтарда ағаш отырғызу, орындықтарды жөндеу және жарықтандыру жүйелерін қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Жалпы аудан көлемінде 2700 жаңа ағаш отырғызылды.
Торғай ауылындағы Мерген саябағына демеушілердің қолдауымен 20 қарағай, 20 шырша және 210 қарағаш егілді. Сонымен қатар жеке кәсіпкер Ермек Сәрсенбаевтың демеушілігімен 2,5 млн теңгеге балалар ойын алаңы орнатылды.
Жастарды еңбекке тарту мақсатында «Жасыл ел» бағдарламасы аясында жаз мезгілінде 75 жас жұмыспен қамтылып, бұл мақсатқа 7,1 млн теңге бөлінді.
Ауданның әлеуметтік инфрақұрылымын жақсарту бағытында да бірқатар жобалар жүзеге асырылды. Ақкөл ауылында 10 млн теңгеге шағын футбол алаңы салынды. Бидайық ауылында санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізуге 8 млн теңге бөлініп, ауыл сыртындағы екі МТМ ғимараты бұзылып, аумағы тазартылды. Сонымен қатар ауыл ішіндегі ескі үйлер мен дүкендердің орындары ретке келтіріліп, қалдықтары арнайы полигонға шығарылды.
Көше инфрақұрылымын жақсарту мақсатында Саға ауылында 93 баған орнатылып, 3,5 шақырым көшеге жарықтандыру жұмыстары жүргізілді. Бұл жұмыстарға 19 млн теңге жұмсалды. Ал Бидайық ауылында 25 баған орнатылып, 1 шақырым көшеге жарық тартылды, жоба құны 5 млн теңгені құрады.
Сонымен қатар 10 млн теңгеге ұзындығы 500 метр еурошарбақ орнатылды. Торғай ауылындағы ескі үйлердің қасбеттерін ретке келтіру мақсатында 500 метр түрлі-түсті қаңылтыр демеушілердің қолдауымен орнатылды. Ауыл тұрғындарының бастамасымен 1969 жылы туған азаматтардың демеушілігімен Торғай ауылындағы көше бағандарына жарықдиодты ленталар орнатылып, елді мекеннің көркі жақсартылды. Сондай-ақ С.Кенжахметов көшесі бойында балаларға арналған ойын құрылғылары мен спорттық тренажер элементтері орналастырылды.
Айта кету керек, «Таза Қазақстан» бағдарламасының жүзеге асырылуы облыс деңгейінде де тұрақты бақылауда. Жақында облыс әкімі Құмар Ақсақалов төрағалық еткен алқалы жиында өңірлердегі атқарылған жұмыстар сараланып, бірқатар кемшіліктер де атап өтілді.
Өткен жылы облыс көлемінде 143 мың түп көшет отырғызылса, соңғы үш жылда 380 мыңға жуық ағаш егілген. Дегенмен, кейбір жерлерде көшеттердің күтімі жеткіліксіз жүргізілетіні айтылды. Облыс әкімінің орынбасары Берік Таңжарықов көшет отырғызу жұмыстарының басты мақсаты тек жоспарды орындау емес, олардың күтіміне ерекше мән беру екенін атап өтті.
Сонымен қатар тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарын қабылдайтын «Таза чат-бот» платформасы арқылы жыл басынан бері 2 мыңға жуық хабарлама келіп түскені белгілі болды. Алайда кейбір өңірлерде тұрғындардың белсенділігі төмен екені байқалады. Мәселен, өткен жылы Жангелдин ауданы тұрғындарынан бұл платформа арқылы бірде-бір хабарлама түспеген. Бұл тұрғындардың аталған жүйе туралы жеткілікті деңгейде ақпараттандырылмағанын көрсетеді.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31
Просмотров: 18