Қамыстыда жылыту маусымы қалыпты жағдайда өтті

 Аппаты жағдайлар тіркелген жоқ.

Мемлекет басшысы жылыту маусымын кедергісіз өткізу туралы бірнеше рет тапсырма берген болатын. Біздің облысымызда жылыту маусымы қалыпты жағдайда өтті. Ірі апаттар тіркелген жоқ. Бұл, әрине, өткен жылдың жазында алдын ала жүргізілген жөндеу жұмыстарының нәтижесі. Жыл сайын жылумен қамтамасыз ету нысандарын және инженерлік инфрақұрылымды жаңғыртуға айтарлықтай қаражат жұмсалады. Нәтижесінде, облыс бойынша жылу желілеріндегі апаттар 6 есеге азайып, 2022-2023 жылыту маусымындағы 830-дан биыл 134-ке дейін төмендеді.

Бұл туралы Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов аймақ әкімдігінің отырысында мәлімдеді.

Қамысты ауданында 2025-2026 жылдардағы жылыту маусымы белгіленген мерзімде басталып, тұрақты режимде өтті. Аудан әкімінің 2025 жылғы 26 қыркүйектегі №109 қаулысына сәйкес бастау алған маусым барысында тұрғындар мен әлеуметтік нысандар толықтай жылумен қамтылды. Бұл туралы Қамысты ауданы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Олжас Өмірзақов хабарлады.

«Жылыту кезеңіне дайындық жұмыстары жүйелі түрде жүргізілді. Жалпы аудан бойынша көмірге қажеттілік 13 928 тоннаны құрады. Оның ішінде бюджеттік ұйымдарға – 1 409 тонна, денсаулық сақтау саласына – 113 тонна, білім беру ұйымдарына – 3 880 тонна және халыққа – 8 526 тонна тас көмір жұмсалды.

Сонымен қатар, инфрақұрылымды жаңғырту бағытында да бірқатар жұмыстар атқарылды. 2025 жылы ауданның Бестөбе, Клочков және Ливанов ауылдарындағы үш мектепте қатты отынмен жылытылатын жылу қазандықтары жаңартылды. Сонымен қатар шығармашылық үйінде 28 млн теңгеге газ қазандығы орнатылды», – дейді Олжас Өмірзақов.
Аудан орталығында үш коммуналдық көппәтерлі тұрғын үйді газдандыру жұмыстары жүргізіліп, пәтерлерге автономды екі тізбекті қазандықтар орнатылды. Бұл жобаға жалпы 30 млн теңге бағытталды. Бұдан бөлек, Қамысты ауылындағы мәдениет үйіне 22,3 млн теңгеге блоктық-модульдік газ қазандығы орнатылды.

Қазіргі таңда ауа райының жылынуына байланысты жылыту маусымын аяқтау мәселесі қарастырылуда. Қолданыстағы ережелерге сәйкес, сыртқы ауаның орташа тәуліктік температурасы +10°С-тан жоғары болған жағдайда жылыту кезеңі тоқтатылады. Осыған орай, алдын ала мәлімет бойынша, жылыту маусымын 2026 жылғы 20 сәуірде аяқтау жоспарланып отыр.

Сонымен қатар білім беру ұйымдарында ауа температурасына байланысты жылу беру реттеліп отырады.

Жалпы алғанда, 2025-2026 жылдардағы жылыту маусымы аудан тұрғындары үшін тұрақты өтіп, апаттық жағдайлар тіркелген жоқ.
Ел Президенті 2029 жылдың аяғына дейін жылу желілерінің тозуын 42%-ға дейін төмендету міндетін қойды. Облыс әкімі 2022-2025 жылдары желілердің тозуы 50%-тен 43%-ке дейін азайғанын жеткізді.

«Тағы бір мәселе – тарифке қатысты. Адамдар жылу, су және электр энергиясын тұтынғаны үшін әділ тариф төлеуі тиіс. Бұл жылу, су және электр энергиясын есептейтін, деректерді қашықтан беру функциясы бар заманауи есептеу құралдарын орнату арқылы мүмкін болады. 2023 жылы мұндай құрылғылар 433 үйде болса, 2025 жылы 1132 үйге орнатылып, 3 есеге өскен. Мұндай тәсіл үнемдеуге де мүмкіндік береді. Қазір тұрғындар көктемнің жылы күндері терезелерін ашады да, жылу далаға кетеді. Соған қарамастан, олар жылу үшін толық көлемде төлем жасауды жалғастыруда. Бұл дұрыс емес. Біздің міндетіміз – өз кәсіпорындарымыздың, жергілікті өндірушілердің қатысуымен жылу есептеу тораптарын көбірек орнату.

Мұндай құрылғылар қазірдің өзінде облыс аумағында жұмыс істеп тұр», – деді аймақ басшысы.

Сондай-ақ, облыс әкімі есепке алу құралдарын орнату жұмыстарын осы қарқынмен жалғастырып, 100% қамтамасыз ету керектігін атап өтті.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31

Просмотров: 3