Жанкелдиндік мемлекеттік қызметшілер кітап бәйгесінде жүлдегер атанды

 Қостанайда өткен «Кітап оқитын мемлекеттік қызметкер» облыстық байқауында Жанкелдин ауданының командасы жүлделі үшінші орынды иеленді.

Қостанай қаласында «Кітап оқитын ұлт» республикалық жобасы аясында мемлекеттік қызметшілер арасында облыстық кезең өтті. Зияткерлік додаға өңірдің әр аудан-қаласынан қатысушылар жиналып, оқыған кітаптары бойынша білімдерін ортаға салды.

Аталған байқауда Жанкелдин ауданының намысын қорғаған команда жоғары нәтиже көрсетіп, жүлделі үшінші орынды иеленді. Бұл – аудан мемлекеттік қызметшілерінің кітап оқуға деген қызығушылығы мен білім деңгейінің жоғары екенін көрсетеді.

Жанкелдин ауданы білім бөлімінің басшысы Абай Қасымов мұндай жобалардың маңыздылығына ерекше тоқталды.

– Қазіргі интернет дамыған заманда осындай рухани жобалардың жүзеге асуы өте маңызды. Кітап оқу – ой-өрісті кеңейтудің, тұлғалық дамудың негізгі тетігі. Алдағы уақытта мұндай бастамалардың ауқымы кеңейе түссе екен дейміз. Біздің команда үшінші орын иеленіп, жақсы нәтиже көрсетті, – деді ол.

Байқау quiz форматында ұйымдастырылып, бірнеше кезеңнен тұрды. Қатысушылар оқыған кітаптарының мазмұны, кейіпкерлері мен негізгі идеялары бойынша сұрақтарға жауап берді.

Айта кетейік, жобаға бастапқы кезеңде жүздеген мемлекеттік қызметші қатысып, іріктеу нәтижесінде үздіктер облыстық кезеңге жолдама алған.
Жалпы, «Кітап оқитын мемлекеттік қызметкер» байқауы мемлекеттік қызметшілер арасында кітап оқу мәдениетін қалыптастырып, олардың зияткерлік әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды жоба болып отыр.

Шұға Қоңқабай, фотоны түсірген автор


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31

Просмотров: 9