Торғайда әжелер алқасы ұлттық тәрбиені жаңғыртуға күш салуда
Осыдан екі жыл бұрын құрылды.
Торғай өңірінде ұлттық тәрбиені насихаттауды мақсат еткен Әжелер алқасының жұмысы жанданып келеді. Ұйым жетекшісі Ләззат Зейнекина бүгінгі таңда бала тәрбиесінің әже ықпалынан алыстауы алаңдатарлық екенін айтады.
Алқа аудан көлемінде бірқатар жобаларды жүзеге асырды. Соның ішінде көпшілік назарын аударған «Әжем және мен» байқауында әже мен немере арасындағы байланыс пен дәстүр сабақтастығы көрсетілді.
Биыл облыстық алқа төрайымы Рысты Ерденқызы арнайы іссапармен келіп, аудан бойынша онға жуық мектепте оқушылармен және ата-аналармен кездесулер өткізді. Кездесулерде ұлттық тәрбие, үлкенге құрмет, әдеп пен ізеттілік тақырыптары қозғалды.

Сонымен бірге жерлес қоғам қайраткері Жақан Қосабаевтың 85 жылдығына орай «Көршімен қалайсың?» акциясы ұйымдастырылып, көршілік қарым-қатынасты нығайтуға бағытталды.
Әжелер алқасы жасөспірімдер арасындағы буллинг, лудомания сияқты мәселелерді де көтеріп, олардың алдын алуда ұлттық тәрбиенің маңызы зор екенін атап өтуде.

– Қазіргі заманда тұрмыс тіршілігі алдыңғы орынға шығып, ұлттық тәрбиенің маңызы кейде кейінгі қатарға ысырылып қалып жатады. Осындай кезеңде әжелер алқасының қажеттілігі арта түседі. Өйткені әже – тек отбасының емес, тұтас әулеттің ұйытқысы, бірлік пен татулықтың тірегі. Біз «обал», «ұят», «сауап» деген ұғымдармен тәрбиеленген ұрпақпыз. Сол құндылықтарды жастардың бойына сіңіру – біздің басты міндетіміз. Жастар білімді, еңбекқор, адал болып өссе дейміз. Кітап оқып, тіл үйреніп, өзін дамытуы керек. Ал біз өз тарапымыздан отбасылық тәрбие, салт-дәстүр, үлкенге құрмет, ене мен келін арасындағы сыйластық сияқты бағыттарда жұмыстарымызды жалғастыра береміз. Әжелер алқасының жұмысы жүйелі түрде дамуы үшін оның мәртебесі айқындалып, тиісті қолдау көрсетілсе, нұр үстіне нұр болар еді, – дейді Ляззат Зейнекина.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Суреттерді Ляззат Зейнекина ұсынды
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31